Өскемен қаласының күніне орай ұйымдастырылған облыстық айтыста Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Жұлдызай Маратбекова жүлделі екінші орынға ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сахнаға үшінші жұп болып шыққан Жұлдызай Маратбекованың қарсыласы жас ақын болды. Айтыстың алғашқы сәтінде-ақ қарсыласы әскери қызметші қызға әзілмен тиісіп, сөзден сүріндіруге тырысты. Алайда Жұлдызай тосылып қалмай, ұтымды әрі уәжді жауабымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Орақ тілді, от ауызды ақындардың тартысында әскери қызметшінің суырыпсалмалық қабілеті мен тапқырлығы айқын көрінді. Қазылар алқасы оның сөз саптау ой тереңдігін және елдік мәселелерді жыр арқылы жеткізе білуін жоғары бағалап, екінші орынға лайық деп таныды.
– Айтыс бұл жолы бір айналымнан тұрды. Қарсыласым айтыс әлеміне енді ғана қадам басып жүрген жас ақын екен. Сондықтан оның бетін қақпай, керісінше қолдау көрсеткенді жөн көрдім. Әскери қызмет атқара жүріп, ұлттық өнерді ұлықтау мен үшін үлкен жауапкершілік. Осы жолғы айтыс тартысты әрі әсерлі өтті, – дейді Жұлдызай Маратбекова.
Жұлдызай Маратбекова – республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы. Ол осыдан бір ай бұрын Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге ант беріп, Ұлттық ұлан қатарына қосылған. Әскери бөлімде кадр және саптық бөлімшесінің аға маманы қызметін атқаратын айтыскер қыз әскери қызметші болу арманы екендігін алға тартқан.
– Бала кезімнен әскери қызметші болуды армандадым. Кейін сөз өнеріне деген қызығушылығымның арқасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, мектепте ұстаздық еттім. Дегенмен әскери қызметке деген құлшынысым мені Ұлттық ұлан қатарына алып келді. Енді ел қауіпсіздігі жолында адал қызмет етуге бар күш-жігерімді саламын, – дейді айтыскер қыз.