Жекеменшік компания Қорғаныс министрлігін сотта жеңді

Бұл компания ЖИ-ді әскери мақсатта пайдалануға қойған шектеулерге байланысты Пентагонмен сотта жеңіске жетті. Калифорниядағы федералдық сот АҚШ билігінің компанияға қарсы әрекетін «заңсыз жауап шарасы» деп таныды.

Financial Times ақпараты негізінде Aikyn.kz Anthropic пен Пентагон арасындағы даудың себебін түсіндіреді.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі мен Claude жасанды интеллект жүйесін әзірлеген Anthropic арасындағы бірнеше айға созылған құқықтық тартыста шешім компанияның пайдасына шықты. Калифорнияның федералдық соты Рита Лин Қорғаныс министрлігінің Anthropic-ті жеткізу тізбегіне қауіп төндіретін компаниялар қатарына енгізу әрекетін заңсыз деп тапты.

Әдетте бұндай мәртебе АҚШ-тың қарсыластарына қатысты қолданылады. Ақпан айының соңында әкімшілік Anthropic-ті жеткізу тізбегіне қауіп ретінде танып, барлық федералдық мекемеге оның өнімдерін пайдалануды тоқтатуды тапсырған. Бұл шешім мемлекеттік қорғаныс мердігерлерінің де компаниямен жұмыс істеу мүмкіндігін іс жүзінде шектеді.

Даудың басталуына Anthropic-тің биыл АҚШ Қорғаныс министрлігімен мерзімсіз келісімшарт жасасудан бас тартуы себеп болған. Компанияның бас директоры Дарио Амодей технологияны әскери салада қолдануға қатысты екі «қызыл сызықтан» бас тартпайтынын мәлімдеді. Олар – Anthropic технологияларын адам араласуынсыз өлімге әкелетін автономды қару жасауға және ел ішінде жаппай бақылау жүргізуге пайдалануға тыйым салу.

Бұл ұстаным АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет пен президент Дональд Трамптың наразылығын туғызған. Бірақ сот Рита Лин өз шешімінде ұлттық қауіпсіздік мәселесіне сілтеме жасау билікке шексіз өкілеттік бермейтінін атап өтті.

«Ұлттық қауіпсіздікті жай ғана алға тарту үкіметті сынаушыларды жазалау мен олардан кек алуға карт-бланш бермейді», – деп жазды сот.

Сот шешімінен кейін Қорғаныс министрлігінен басқа америкалық мемлекеттік мекемелер Anthropic өнімдерін пайдалануды жалғастыра алады. Бірқатар ведомство компанияның қуатты Mythos моделін киберқауіптер мен ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін талдау үшін сынақтан өткізіп жатыр.Соңғы айларда Anthropic пен Трамп әкімшілігінің өкілдері арасындағы қарым-қатынас біршама жақсарғаны байқалуда. Тараптар Mythos моделін іске қосу кезінде тығыз ынтымақтастық орнатқан. Алайда модельдің киберқауіпсіздік саласындағы мүмкіндіктерін қаскөйлер пайдалануы ықтимал деген алаңдаушылыққа байланысты оны енгізу баяу жүріп жатыр.

Маусымда АҚШ үкіметі қауіпсіздік себептерімен Anthropic-тің тағы бір Fable моделін қысқа уақытқа бұғаттады. Кейін компаниямен келісімге келіп, модельді шығаруға рұқсат берген.

Anthropic сот шешімін құптап, үкіметпен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Компания «барлық америкалықтар осы технологияның пайдасын көруі үшін жасанды интеллекті ұлттық қауіпсіздік мүддесіне пайдалану бойынша үкіметпен нәтижелі жұмыс істеуге» назар аударатынын жеткізді.

Дегенмен құқықтық тартыс толық аяқталған жоқ. Anthropic-тің Вашингтон штатындағы апелляциялық сотта бөлек ісі бар, ал АҚШ үкіметі Калифорния сотының жаңа шешіміне шағым түсіре алады.