The Wall Street Journal деректеріне сүйенген Aikyn.kz АҚШ-тағы аралық сайлау қарсаңында шешуші штаттардың біріндегі саяси күрестің шиеленісін сипаттайды.
Вэнс Мичиганның Стерлинг-Хайтс қаласында өткен MAGA Inc. саяси ұйымының митингісінде Әл-Сайедтің республикашыл қарсыласы Майк Роджерсті қолдап сөз сөйледі. Сол жерде ол демократ кандидаттың бұған дейін әлеуметтік желіде жұбайы Уша Вэнс туралы жазған пікіріне жауап берді.
«Абдул, не туралы сөйлескің келсе де әйелімнің атын аузыңа алма. Ол сенің деңгейіңнен әлдеқайда жоғары», – деді Вэнс.
Бұл жанжалдың басталуына Вэнстің өзінің марқұм атасы туралы айтқан сөзі себеп болған. Вице-президент Әл-Сайедтің шариғат заңын ескеру туралы бұрынғы пікірін сынап, өзінің атасы қазіргі Демократиялық партиядағы бұндай көзқарастарға сенбес еді деген мазмұнда мәлімдеме жасаған. Бұған Әл-Сайед X (Twitter) желісінде Вэнстің үнді иммигранттарының отбасынан шыққан жұбайы Ушаны атап, кекесінмен жауап берген.
Вэнстің айтуынша, ол бұл мәселеге ерекше сезімтал қарайды. Өйткені Уша Вэнс алты апта бұрын олардың төртінші баласын дүниеге әкелген. Вице-президент Әл-Сайедті саяси мәселелерді талқылауға шақырып, сайлауға қатыспайтын отбасы мүшелерін пікірталасқа қосуды орынсыз деп атады.
Митинг барысында Вэнс қарсыласын қоғамды діні мен әлеуметтік топтарына қарай бөлуге тырысады деп айыптады. Әл-Сайед бұл сынға жауап беріп, «зұлымдық» ұғымын Трамп әкімшілігі мен республикашылдардың экономикалық саясатымен байланыстырды.
«Зұлымдық – миллиардерлерге салықтық жеңілдік беру үшін еңбек адамын медициналық көмектен айыру. Зұлымдық – адамдар азық-түлік пен жанармайға көбірек төлеп жатқанда сауда соғыстарын жүргізу. Зұлымдық – өз пайдаң үшін адамдарды бір-біріне қарсы қою», – деп мәлімдеді Әл-Сайед.
Әл-Сайед Демократиялық партияның праймеризінде тамыз айының басында жеңіске жетті. Бұрынғы денсаулық сақтау саласының шенеунігі әрі прогрессивті саясаткерді атақты сенатор Берни Сандерс қолдаған. Егер ол қарашада жеңіске жетсе, АҚШ тарихындағы алғашқы мұсылман сенатор атануы мүмкін.
Сондықтан Вэнс пен Әл-Сайед арасындағы жеке сөз қағысы екі саясаткердің арасындағы жанжал емес. Мичигандағы нәтиже республикашылдар мен демократтардың Сенаттағы күш арақатынасына ықпал ететін болғандықтан, штаттағы сайлау науқаны ұлттық деңгейдегі саяси күрестің маңызды алаңдарының біріне айналып отыр.