Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер Станислав Тимуш жауап берді. Ол 2021 жылы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б үйінің фасадында жүргізген жұмысы туралы айтып берді , – деп хабарлайды Aikyn.kz
Станислав Тимуштың айтуынша, ол өнеркәсіптік альпинизммен 2012 жылдан бері айналысады. 2021 жылы оған оқиға болған үйдің төрағасы хабарласып, фасадтағы жекелеген ақауларды жөндеуді тапсырған.
– Маған осы тұрғын үйдің төрағасы қоңырау шалып, фасадта сылауды қажет ететін жерлер бар екенін айтты. Бізге негізінен техникалық қабаттағы жарықтар көрсетілді. Кей жерлерде кірпіш бос болды. Толық тексеру жүргізген жоқпыз. Жақсылап тексеру үшін ғимараттың бүкіл периметрі бойынша түсіп, фасадты түгел қарау керек. Бізге қай жерлер көрсетілді, сол жерлерде ғана жұмыс істедік, – деді куәгер сотта.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада кірпіш қаптамасы құлаған үйдің бөлігінде өзі жұмыс істемеген. Айтуынша, бұл учаске оған проблемалы аумақ ретінде көрсетілмеген.
– Жұмыс барысында кейбір жерлердегі кірпіштің өте бос болған, бір учаскеде оны қолмен алып тастауғада боалр еді. Жарықтарды сыртқы жұмыстарға арналған арнайы материалмен сылаған. Жаңбыр мен басқа да сыртқы факторлардың әсерінен кірпіштің әрі қарай бұзылуына жол бермеу үшін жасалған болар, – деді ол.
Сонымен қатар куәгерге үйдің 2017 жылғы техникалық қорытындысы көрсетілмегенін айтты. Оның сөзінше, жұмыс басталар алдында оған қандай да бір құжаттар ұсынылмаған.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.