«Қазақы тазыны әлемге танытып, ұлттық брендке айналдыруымыз қажет» – кинолог Айбол Алпысбаев

Бүгін елімізде алғаш рет Қазақ тазысы күні аталып өтуде. Ұлттық құндылықты ұлықтайтын бұл күнге отандық кинологтар мен тазыбегілер де ерекше мән беріп отыр.

 Осыған байланысты Алматы қаласының тұрғыны, Қазақстан кинологтар одағының мүшесі, ұлттық тазы мен төбет бойынша эксперті Айбол Алпысбаев тазыны ұлықтаудың мемлекеттік деңгейге көтерілуін тарихи қадам деп бағалайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Бүгін біз үшін ерекше мереке – Қазақ тазысы күні. Бұл бастаманы мемлекеттік деңгейге көтеріп, ел ішіндегі маңызын арттырғаны үшін ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысым шексіз. Бұған дейін біз айналысып жүрген істі кейбіреулер еріккеннің ермегі деп қабылдайтын. Ал қазір арнайы Тазы мен төбет күнінің белгіленуі оның маңызын арттырды. Осы арқылы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен ажырамағанын, ұлттық мұрамыздың бір бөлігі екенін көрсетіп отырмыз», – дейді ол.

Оның айтуынша, қазақ тазысы халықтың тарихи жадында ежелден бар. Тазы туралы батырлар жырларында да кездеседі. Сонымен қатар тазы бағзы заманнан қазақтың жеті қазынасының бірі ретінде бағаланып келеді.

«Тазы – жай ғана аңшы ит емес. Оның қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар. Батырлар жырында да тазының аты аталады. Ол – жеті қазынаның бірі. Сондықтан бүгінгі Тазы күні ұлттық мұрамызға деген құрметті арттыратын маңызды мереке деп ойлаймын», – дейді Айбол Алпысбаев.

Кинолог тазы ұстап, оны баптаумен 19 жасынан айналысып келеді. Бүгінде 62 жастағы маман үшін бұл кәсіп жарты ғасырға жуық өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Айбол Алпысбаевтың айтуынша, 2024 жылы қазақ тазысының халықаралық деңгейде мойындалуы тұқымды сақтау жұмысына жаңа мүмкіндік берген.

«Бізге берілген он жыл ішінде тазының тұқымын асылдандырып, осы бағыттағы жұмысты жүйелеп, жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазақы тазыны әлемге танытып, ұлттық брендке айналдыруымыз қажет. Бұл – біздің алдымызда тұрған үлкен міндет», – дейді ол.

Қазір  Айбол Алпысбаев бір топ мамандармен бірге  қазақы төбет тұқымын сақтау және көбейту бағытында да жұмыс жүргізіп,  еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттық ит тұқымдарын іздеу, тіркеу және санын арттыруға атсалысып келеді.

«Өзім Қазақстан кинологтар одағының мүшесімін, ұлттық деңгейдегі тазы мен төбет бойынша экспертпін. Қазір еліміздің әр өңірін аралап, қазақы тазы мен төбетті іздеп, тіркеп, олардың санын көбейту жолдарын қарастырып жүрміз. Әлі де көз қызығатындай төбеттеріміз бар екен», – дейді ол.

Кинологтың пікірінше, Қазақ тазысы күні – ұлттық мұраны дәріптеп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа қалатын дәстүр.

«Тазыға деген құрмет – халқымыздың тарихы мен мәдениетіне деген құрмет», – дейді Айбол Алпысбаев.