Көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы үш күнде 34 медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы үш күнде 16 алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарының алғашқы үш күнінде 16 алтын, 8 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынында жалпы 34 жүлде бар.

Аударыспақтан Сырым Ізбасаров пен Дарын Өткелбай алтын жүлдеге ие болды. Нұржан Еркінұлы қола медаль иеленді.

Құсбегіліктен қазақстандық спортшылар 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алды. Самбодан Болат Сапар алтыннан алқа тақса, Еркебұлан Нығметов пен Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды. Қырғыз күресінен Алмас Жұмағали күміс медальға қол жеткізді.

Арқан тартыстан Қазақстан құрамасы «4x4» бағдарламасында Иран спортшыларын жеңіп, алтын медаль иеленді.

Қол күресінен де ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстандық спортшылар бұл бәсекеде 7 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль еншіледі.

Осылайша, жарыстың бүгінгі күнінде Қазақстан құрамасы 24 медаль жеңіп алды. Ал Көшпенділер ойындарының үш күніндегі жалпы нәтиже – 16 алтын, 8 күміс және 10 қола, барлығы 34 медаль.

Ертең қазақстандық спортшылар 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады.