Нарендра Моди соғысты тоқтатуға шақырды

Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде үндістандық үкіметтің басшысы Украинадағы соғысты тоқтатып, әскери қимылдарды доғаруға шақырды. Бұл мәлімдеме Вашингтон Ресей мұнайын сатып алатын елдерге жаңа тариф енгізуді қарастырып жатқан кезде жасалды.

CNBC деректеріне сүйенген Aikyn.kz Үндістанның Ресеймен энергетикалық байланысы мен АҚШ қысымы жағдайында Нью-Делидің ұстанымы қалай өзгеріп жатқанын түсіндіреді.

Владимир Путин мен Нарендра Моди Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында кездесті. Моди Үндістанның Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге бағытталған бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді.

«Үндістан осы аймақтағы барлық бейбіт бастаманы қолдайды және бұны жалғастыра береді. Біз шексіз соғыстан оны аяқтауға, әскери қимылдарды тоқтатуға көшуіміз керек. Соғыс жалғасқан әрбір күн сайын адамзат бір қадам артқа шегінеді», – дейді Моди.

Ол соғыстың жалғасуының салдары Украина мен Ресей шеңберінен әлдеқайда кең екенін де атап өтті.

Модидің мәлімдемесі Ресей Украинаға қысымды күшейтуге дайындалып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Ресей Қорғаныс министрлігі Украина энергетикалық инфрақұрылымына «жаппай соққылар» жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұған дейін әскери қоймаларға жасалған шабуылдан 38 адам қаза тапқан.

Украина билігі мен қауіпсіздік сарапшылары қыс мезгілінде энергетикалық жүйеге қарсы шабуылдар Киев үшін соғыс басталғалы бергі ең күрделі сынақтардың біріне айналуы мүмкін деп қауіптенеді.

Мәскеумен қарым-қатынас Нью-Дели үшін энергетикалық тұрғыдан да маңызды. Иранмен соғыс салдарынан әлемдік энергия нарығындағы тапшылық күшейген кезде Үндістанның Ресей мұнайына тәуелділігі артты. Маусым және шілде айларында Үндістан импорттаған мұнайдың 50%-ы Ресейден келген. 24 тамызға дейін бұл көрсеткіш шамамен 43% болған.

Үндістанның сыртқы сауда деректеріне сәйкес, сәуір-шілде аралығында Ресейден келген импорт көлемі 34 млрд доллардан асқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен шамамен 60% жоғары. Путин де Модимен кездесуінде екі ел арасындағы сауданың өскенін атап өтті, бірақ өткен жылы аздаған төмендеу болғанын айтты.Ресей мұнайын сатып алу Үндістанға АҚШ тарапынан қосымша қысым туғызып отыр. АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы осы айдың соңында сенатор Линдси Грэммен байланысты заң жобасын түпкілікті қарауы мүмкін. Құжат Ресей мұнайын немесе газын ең көп сатып алатын бес елден келетін тауарларға 100%-ға дейін тариф енгізуді қарастырады. Олардың қатарында Үндістан мен Қытай бар.

2025 жылғы тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістанның Ресеймен энергетикалық саудасына байланысты 25% жазалау тарифін енгізіп, үнді тауарларына салынатын жалпы тарифті 50%-ға дейін жеткізген еді.

Биыл Үндістанға қатысты тариф 18%-ға дейін төмендетілгенімен, Вашингтон Нью-Делиді ресейлік мұнайдың орнына Венесуэладан жеткізілетін шикізатты көбірек сатып алуға көндіргісі келеді.

Үндістан бір жағынан Ресеймен маңызды энергетикалық және сауда байланыстарын сақтауға, екінші жағынан АҚШ-пен экономикалық қатынастарын қорғауға мәжбүр. Модидің соғысты тоқтату туралы үндеуі осы күрделі тепе-теңдік жағдайында айтылып отыр.