Шымкентте оқушыларға арналған жаңа күрес залы ашылды

3,5 мыңнан астам оқушының грек-рим, еркін және әйелдер күресімен тұрақты айналысуына жағдай жасалды.

Жаңа оқу жылының басында Шымкент қаласындағы №149 «Келешек» мектебінде «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында оқушыларға арналған жаңа күрес залы ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Бұл Қазақстан күрес федерациясының «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында өңірлерде атқарып жатқан жұмысының жалғасы.

Салтанатты шараға Қазақстан күрес федерациясының бірінші орынбасары Дархан Сәрсенов, Шымкент қаласының спорт және білім басқармаларының өкілдері, спорт жанашырлары, федерация мүшелері мен жаттықтырушылар қатысты.

Шара барысында сөз алған Дархан Сәрсенов мектеп ұжымын және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Федерация атынан мектеп басшылығына жаңа күрес кілемінің сертификатын табыстады.

Жаңа залдың ашылуы №149 «Келешек» мектебінің оқушыларына сабақтан тыс уақытта өз мектебінде күреспен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Балаларға спорт секциясына бару үшін басқа ауданға немесе арнайы спорт мектебіне қатынаудың қажеті болмайды. Ал жаттықтырушылар үшін бұл мектеп қабырғасынан күреске бейімі бар балаларды анықтап, оларды жүйелі дайындыққа тартуға жол ашады.

«Мектеп күрес лигасының» түпкі мақсаты да осы, күресті балаларға барынша қолжетімді ету және спортты мектеп өмірінің бір бөлігіне айналдыру. Жоба жасөспірімдерді тұрақты дене белсенділігіне тартумен қатар, қабілетті балуандарды ерте анықтап, олардың кейінгі спорттық дамуына бастапқы негіз қалыптастыруды көздейді.

Атап айтқанда, маусым айында Астана қаласындағы №114 мектеп-гимназиясында ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстан күрес федерациясы арасында мектептерде грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытуға бағытталған бірлескен жұмыс басталған болатын.

Осы бағыттағы жұмыс бүгінде бірнеше өңірде жалғасып келеді. Бұған дейін Астана, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы мектептерде күрес залдары ашылса, тамыз айының соңында Көкшетаудағы Техникалық мектеп-лицейінде де жаңа зал пайдалануға берілді. Кейін Қарағандыда Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте де «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында жабдықталған зал жұмысын бастады.

Маңызды жобаның болашақтағы міндеттерінің бірі мектептердің жеке күрес командаларын қалыптастырып, балаларды маусым бойы тұрақты жарыс тәжірибесімен қамтамасыз ету.

Жалпы, «Мектеп күрес лигасы» аясында республика бойынша 60-тан астам мектепті мобильді және стационарлық күрес кілемдерімен жабдықтау жоспарланған. Соның нәтижесінде 3,5 мыңнан астам оқушының грек-рим, еркін және әйелдер күресімен тұрақты айналысуына жағдай жасалмақ.

№149 «Келешек» мектебіндегі жаңа күрес залы осы ауқымды жұмыстың Шымкенттегі кезекті нысаны. Жаңа оқу жылын жаңа спорттық мүмкіндікпен бастаған мектеп оқушылары енді алғашқы жаттығуын өз мектебінде өткізіп, күрестегі жолын осы жерден бастай алады.

Атап айтсақ, «Мектеп күрес лигасы» аясында республика бойынша 60-тан астам мектепті мобильді және стационарлық күрес кілемдерімен жабдықтау жоспарланған.

Соның нәтижесінде 3,5 мыңнан астам оқушының грек-рим, еркін және әйелдер күресімен тұрақты айналысуына жағдай жасалмақ.