2 қыркүйектегі жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеді.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы келісіне 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, келісі 135 теңге деңгейінде тіркелді.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы келісіне 238 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді, келісі 155 теңге.
Республика бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 234 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодарда – 169 теңге және Қостанайда 183 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы келісіне 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркелді, келісі 315 теңге.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3 804 теңгені, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.