Қазақстан жағажай волейболынан Азия чемпионатының ширек финалына өте алмады

Жағажай волейболынан Азия чемпионатында Қазақстанның үш жұбы да ширек финалға шыға алмады.

Қытайдың Шанло қаласында жағажай волейболынан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстан өкілдері 1/8 финалдық кезеңдегі кездесулерін өткізді. Ерлер арасындағы жарыста осы кезеңде Қазақстанның екі жұбы өнер көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Дмитрий Яковлев пен Абдулмажид Мохаммад Аустралия өкілдері Томас Ходжес пен Бен Худқа қарсы ойнады. Қазақстандықтар 0:2 (10:21, 11:21) есебімен жеңіліс тапты.

Сергей Богату мен Кирилл Гурин Қатар өкілдері Шериф Юнус/Ахмед Тиджанмен кездесті. Қазақстандық жұп келесі кезеңге өте алмай, 0:2 (12:21, 13:21) есебімен ұтылды.

Әйелдер арасындағы жарыста Лаура Қабылбекова мен Мерей Қожахмет 1/8 финалда Қытай өкілдері Янь Сюй мен Ся Синьиге қарсы ойнады. Кездесу 2:0 (21:13, 21:9) есебімен қытайлық жұптың жеңісімен аяқталды.

Осылайша, жағажай волейболынан Азия чемпионатында Қазақстанның үш жұбы да ширек финалға шыға алмады.