Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектіні қарқынды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпэн Чжаомен (CZ) Alem.ai халықаралық ЖИ орталығында кездесу өткізді, — деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тараптар Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту, жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ цифрлық және есептеу инфрақұрылымын дамыту перспективаларын талқылады.
Сапар барысында делегация Alatau City аумағында CryptoCity тұжырымдамасын және еліміздің ЖИ саласындағы өңірлік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған Data Center Valley жобасын ұсынды.
Сонымен қатар Binance Pay компаниясының Alatau City Bank-пен серіктестігі таныстырылып, Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және АХҚО-мен екі меморандумға қол қойылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қол қойылған келісімдер мен таныстырылған инфрақұрылымдық жобалар Қазақстанның нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырудан цифрлық қаржы шешімдерін практикалық тұрғыда енгізуге, бейінді кадрлар даярлауға және елдің өңірдегі жетекші технологиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға дәйекті түрде көшіп келе жатқанын көрсетті.