Жиынға «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Дания Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов, сондай-ақ Президенттің Құрылтайдағы Өкілдігінің басшысы Мұрат Қайырбек қатысты.
Ерлан Қарин, ең алдымен, Құрылтайдың құрамы жаңа тұлғалармен толығып, өз ісін жетік білетін кәсіби мамандардан, сондай-ақ экономика секторлары мен қоғамдағы түрлі сала өкілдерінен құралғанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде заңнамалық жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап, басымдыққа ие бірқатар заң жобасын атап өтті. Сондай-ақ Президент жақында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайтынын мәлімдеді. Көріп отырғандай, күн тәртібі өте тығыз әрі үлкен саяси оқиғаларға толы. Сондай-ақ өткен үгіт-насихат науқаны барысында сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді бірлесе зерделеп, талдауға мүдделіміз. Сондықтан мазмұнды әрі тұрақты диалогты одан әрі жалғастыру керек. Біз ортақ мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бойынша ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа, бірлескен жұмысқа дайынбыз, – деді Ерлан Қарин.
Фракция жетекшілері Президенттің жекелеген бастамалары мен саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларын заңнамалық тұрғыда іске асыру жөніндегі жоспарларын бөлісіп, алдағы уақытта өзара тиімді ықпалдастық орнатуға сенім білдірді.