Кездесу барысында ол аймақтың дамуына үлес қосқан әріптестеріне, құқық қорғау органдарына, аумақтық департаменттерге алғыс айтып, облыс тұрғындарына ризашылығын білдірді.
– Бүгін өңір басшысы ретінде сіздермен жүздесіп, бірге атқарған ауқымды жұмыстарымызды қорытындылайтын жауапты сәтте тұрмыз. Өздеріңізбен бірге Алматы облысы мен Жетісу облыстарын бөліп, жаңа өңір құрылған тарихи кезеңде жұмыс істедік. Аса жауапты кезеңде туған өңірімді басқаруды сеніп тапсырып, аймақтың өркендеп, дамуына үнемі қолдау білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осы кезеңде жүзеге асырылған реформаларды дұрыс қабылдап, қолдаған өңір халқына да ризашылығым шексіз. Бұл осы облыстың тумасы ретінде мен үшін, жалпы баршамыз үшін үлкен мүмкіндіктер уақыты болды, – деді ол.
Марат Сұлтанғазиев сондай-ақ бірлескен жұмыстың нәтижесі жемісті болғанын, соның арқасында өңір экономикасы еселеп артқанын жеткізді. Атап айтқанда, Алматы облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы үздік бестіктің қатарына берік орнығып, өңірдегі донор аумақтар саны екеуден жетіге артқан.
– Жетістіктерге жету жолында өздеріңізбен күш біріктіре отырып, өңір әлеуетін арттыру бағытында біртұтас ұжым болып, нәтижелі еңбек еттік. Барлық бастамаларымыз бен игі істерді жүзеге асыру жолында Үкімет пен Президент Әкімшілігінің де қолдауын сезіндік. Осы уақыт ішінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте қызмет атқарған ұжымға және аумақтық департаменттерге, құқық қорғау органдарына да ризашылығым шексіз, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Марат Сұлтанғазиевтің төрт жылдық басқару кезеңі әкімшілік бөліністен кейін өңірдің қалыптасуы және облыс орталығының Қонаев қаласына көшірілуімен тұспа-тұс келгенін айта кетейік. Осы уақыт ішінде облыс жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша елдегі оныншы орыннан көшбасшы бестіктің қатарына көтеріліп, экономикасын екі есеге жуық ұлғайтты және инвестиция көлемін екі еседен астам арттырды.
2022 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі шамамен 3,4 триллион теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 6,8 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 триллионнан 2,6 триллион теңгеге дейін өсті. Оның шамамен 90 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 614 миллиард теңгеден 1,35 триллионға артты. Өңірде жалпы құны 724 миллиард теңгені құрайтын 98 жоба іске асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылды. Бюджеттің меншікті кірістері 2,4 есе өсті, ал республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің үлесі 33 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеді.
Негізгі әлеуметтік мәселенің бірі халық санының жылдам өсуіне байланысты мектеп тапшылығы болды. 2022 жылы облыста үш ауысымды 52 мектеп болса, қазір олардың саны 23-ке қысқарды. Төрт жыл ішінде 75 мектеп ашылды. Сонымен қатар жаңа облыс орталығының инфрақұрылымы қалыптасты. Қонаевта инженерлік желілер мен әкімшілік нысандардың құрылысы басталды. Төрт жыл ішінде облыста 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 6,6 мың азамат баспанамен қамтылды.
Алматы облысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша Қазақстанда екінші орынды сақтап, республикадағы жалпы көлемнің 11,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 2022-2025 жылдары мемлекетке пайдаланылмай жатқан 528 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Төрт жыл ішінде суару желілерін жаңғыртуға 16,3 миллиард теңге бағытталды, ал су үнемдеу технологиялары суармалы жердің 41,2 пайызына енгізілді.
Туризм саласы да айтарлықтай дамыды. Биылғы жаздың өзінде Қапшағай су қоймасына 2 миллионнан астам адам келді. Сонымен қатар Көлсай көлдері мен Қайыңдының, Көшпенділер қалашығының инфрақұрылымы дамып, танымал туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделді. Алматы облысы ірі спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу алаңына да айналды. Бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасуға тиіс.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ