Төл өнерді түлеткен

Қазақ дәстүрінде бабадан балаға жеткен төл өнеріміз аз емес. Соның бірі – тазы жүгіртіп, саятшылық құру. Міне, осы төл өнерімізді ұмыт қалдырмай, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқан Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Өрнек ауылының тұрғыны Бауыржан Ешеевтің еңбегі көпке үлгі.

Бүгінде ақсақалдың үйінде Ұшар мен Аққұс есімді екі тазы бар. Бірі – ақ, жарғақ құлақ болса, екіншісі – қара, шашақ құлақ. Екеуі де аңға деген желігі басылмаған жүйріктер.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының өкілдері ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында Өрнек ауылындағы Ба­уыр­жан атаның шаңырағына арнайы барып, атадан балаға жалғасып келе жатқан тазы баптау дәстүрі жайында әңгімелесті.

Бауыржан атаның бұл өнермен айналысып келе жатқанына 70 жылға жуық уақыт болыпты. А­лғаш рет тазыны қолына алып, оның бабын тануды 6-сыныпта оқып жүрген кезінде әкесінен үйренген. Әкесі оған тазыны қа­лай жүгірту керегін, аңға қалай салаты­нын, құс салып, саятшы­лық құру­дың жөн-жосығын көр­сеткен. Бала Бауыржан үлкендер­дің соңы­нан еріп жүріп үйренгенін кейін өмірлік серігіне айнал­дырған.

Оның айтуынша, аңға шығу қараша айынан басталады. Тазы­­­ның да өз бабын келтіріп, үнемі жүгіртіп отыру керек. Ал үйдегі Ұшар мен Аққұстың аңшылыққа деген ынтасы ерекше.

«Екеуі де аң аулауға желіккен. Шы­ғармай қойсаң, шапқылап, азық іздеп, аңсырап тұрады. Тазы­ның табиғаты сондай. Далаға шы­ғып, жүгіріп, аңға түскенде өзі­н­ің қасиетін көрсетеді», – дейді Бауыржан ата.

Ақсақал үшін тазы баптау – аңшылықтың ғана бір түрі емес. Оның артында тұтас бір ұлттық дүниетаным, атадан қалған өнеге жатыр. Сондықтан ол өзі білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізуді азамат­тық парызы санайды.

«Қазақтың жеті қазынасын қастерлеу керек. Балаға үйретіп, аманат етуіміз қажет. Ұлттық құн­дылықты жоғалтпай, ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Мен әкемнен үйрендім, балаларымды үйреттім. Енді немерем Шер­нияз­ға үйретіп жүрмін», – дейді ол.

Шернияз атасының жанынан табылып, тазы баптаудың қыр-сырын үйреніп жүрген жас саят­шы. Ол үшін атасынан жеткен бұл дәстүр – өткеннің естелігі емес, жалғасын табуға тиіс төл өнер.

«Біз секілді жастар бабадан қал­ған осы төл өнерді жалғас­тыр­масақ, бұл өнер өшіп қалмақ. Сон­дықтан ат үстінде әрдайым табы­луға әзірмін. Тазы баптауға, оны дамы­ту­ға, тазы тұқымын көбейтуге атса­лысып, осы өнерді одан әрі дамы­туды мақсат етіп отырмын. Атам­­нан үйренгенімді келешекте өзімнен кейінгі ұрпақ­қа жеткізгім келеді», – дейді Шер­нияз.

Қазақ үшін тазының орны қа­шанда бөлек. Ол – жеті қазы­на­ның бірі ғана емес, дала тіршілі­гінде талай ғасыр бойы адамға серік болған, аңшылық мәдение­тімен біте қайнасқан төл мұра. Өр­нектегі Бауыржан атаның шаңы­рағында осы мұраның жібі үзіл­мей келеді. Кезінде әкесінің қасынан табылып, тазы баптаудың алғашқы сабақта­рын алған Бауыржан ата бүгінде сол білгенін немересіне үйретіп отыр.

Атаның тәжірибесі мен неме­ре­н­ің ниеті тоғысқан жерде дәс­түрдің де ғұмыры ұзарады. Себебі ұлттық өнердің сақталуы – оның бір адамның қолында қалуымен емес, кейінгі ұрпаққа аманат етілуімен өлшенеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Бауыр­жан ата мен Шернияздың тағылы­мы – тазы баптаудың ғана емес, атадан балаға жалғасқан ұлттық тәрбиенің де көрінісі.

Ұлттық құндылықтарды дәр­іп­теу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу – «Әділет» партиясының негізгі ба­ғыт­тарының бірі. Ал бұл шаңырақтың жет­піс жылға жуық тарихы бар тазы бап­тау дәстүрі – құн­дылықтардың нақты көрінісі.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы