Арман Қабдешұлы: Әкем өзіне жүктелген миссияны толық орындады

Қабдеш Жұмаділов – тағдырлы тарихты көркем сөзге айнал­дырып, ұлт жадын әдебиетке аманаттаған қаламгер.

Жазушы­ның мерей­той­ы­на орай ұлы Арман Қабдешұлы­мен әке бол­мысы жайында, оның көпшілік біле бермейтін бейтаныс әлемі туралы әңгімелестік. Әке туралы естелік арқылы қаламгер­дің адамдық әлеміне үңіліп, ұрпағына қалдырған рухани мұрасын сөз еттік.

– Қабдеш Жұмаділовтің «Тағ­ды­рын» оқырман жақсы біледі. Ал жазушының өзі тағдыры туралы отбасына, балаларына жиі айтатын ба еді? 

– Әкеміз өзінің бала шағынан бергі өмірінің қызық-қызық эпи­зод­тарын бізге жиі айтып отыра­тын. Әсіресе Малдыбай қыстау­ында, Шәуешек шаһарында оқушы кезінде басынан өткен оқиғалары мен сол елдің адамдары жайлы, олардың қызық мінезі туралы әңгімелерді ерекше бір сүйіспеншілікпен, сағынышпен айтатын. Солардың бәрі дерлік әкеміздің шығармаларында кезде­седі. Қарап отырсам, бір шығар­маны жаза отырып, сондағы кей­іп­керлер мен оқиғаларды алдын ала бізге баяндап отырған екен. 

Ал оның Қазақстанға қалай оқуға келгені, Әуезовпен кездесуі, Қытай мен КСРО арасындағы қарым-қатынастың суып, Шың­жаңға оралуы, мәдени төңкеріс кезінде басына іс түсіп ұлтшыл атанып, қалай «еңбекпен түзетуге» түскені туралы біз кейінгі «Таң­ғажайып дүние» атты өмірбаяндық шығармадан оқып, арадағы көп нәрсені сұрап қанық болдық. Өзі айтып отыратын еді: «Сол кезде мен көктей орылып кетуім мүмкін еді. Бірақ Жаратушы маған ерек­ше бір миссия жүктеді. Аман қалғаным, соны орындауым керек болған шығар», – деп.

– Жазушы бір сөзінде: «менің азаматтық қызметім мен шығарма­шылық қызметімді екі бөліп айту керек» деген екен. Азаматтық қызметін көзбен көрген шығарсыз. Ол кісі 1962 жылғы көшке ерен ең­бек етті. Сол көштің бұйдасын ұстап, елге бастап келген адам. Бұл туралы үйде, отбасында әңгімелеп берді ме?

– Мен ес білгелі үйден қонақ үзілмейтін. Солардың бәрі – қыр адамдары. Біреулері аттанып жатса, енді біреулер келіп жата­тын. Талай туыстарымыздың баласы біздің үйде жатып оқыды. Енді ойлап қарасам, сол берекенің бәрін келтіріп отырған Сәуле ше­шеміз екен. Күнде кешке жұ­мыс­тан үйге келе сап қазан асып ас дайындап отыратын. Ал абыр-сабыр басылып, қонақтар сиреген соң әкеміздің шығармаларын мәшинкеге басатын. Жеке уақыт­ының, демалыстың есебінен рет­тейтін еді. Ол кезде компьютер деген атымен жоқ. Әкеміз шы­ғар­маны «чистовикке» көшіріп, басып шығаруға беру үшін үш-төрт рет қолмен көшіріп, сосын бір-ақ береді. Анамыз да оны кем дегенде екі рет қайта басып шы­ғарады. Сол анамыз әкеміздің «Қаздар қайтып барадыдан» «Таң­ғажайып дүниеге» дейінгі барлық шығармаларын өзі мәшин­кеге басты. Сондықтан да әкеміз «Таңғажайып дүние» өмірбаяндық романын «Бұл кітабымды жарлы-жақыбай кезімде етегімнен ұста­ған, алтындай бес бала сүйгі­зіп, отбасын бақытқа кенелткен, ала қағаздың азабын бірге бөліскен өмірлік серігім Сәулеге арнай­мын» деп, анамызға арнап қалдырды.

Үйге келген қонақтардың әң­гі­месі сол көштің айнала­сындағы оқиғалар туралы өрбитін. Арғы жақта қалып қойғандардың тағ­дыры, бері өткендердің жағдайы, Шығыс Түркістандағы үш аймақ көтерілісі сияқты тұңған бір тарихи оқиғалар тізбесін кішкен­тайымыздан бойымызға сіңіріп өстік. Қайтарынан үш апта бұрын «Жарқын жүздесу» деген телебағ­дарламаға түсіп жатып: «Жалпы, менің ұлт алдындағы қоғамдық қызметімнің шыңы 1962 жылғы көш деп есептеймін. Өлетін болсам, жан тәсілім етер алдында сол көшті еске алып өз-өзіме разы боп өлетін шығармын» деген екен. 

– Аға бір әңгімесінде анасының мықты адам болғанын сүйіспен­шілікпен айтқан екен. Анасының 12 жасында Ертісті жүзіп өткені тура­лы да естелігі бар. Сіздер (бала­лары) әжелеріңізді көрдіңіздер ме? 

– Құдайға шүкір! Көрдік. Апамыз Қанипа Егінбайқызы 1977 жылы қайтыс болды. Мен ол кезде 11 жастамын. Кенже бауы­рым Жәнібек ол кезде екіде, «апа, шәй іш» деп ол кісіні қолынан жетектеп дастарханға әкелетін.

– Қаламгердің «шығарма жаз­ыл­майды, туады» дейтін сөзі бар. Ол кісінің шығармаларымен қалай таныстыңыздар?

– Әкеміздің жазушы екенін бастауыш сыныпта білдік. Кітап­тың ішінде әкеміздің суретін танып мәз болатынбыз. Кейін есей­генде әкеміздің өзі не жазып жатқаны туралы айтып беретін болды. Жоғарыда айтқандай, шы­ғар­маның кейбір сюжеттерімен алдымен біз таныс болатынбыз. Ал әкеміздің «шығарма жазыл­майды, туады» деген ұстанымы – жазушының өз тақырыбына үлкен дайындықпен келуі тиіс дегені. 

Әкеміздің қай шығармасын алсаңыз да, барлық тақырыптар не өзінің тағдырымен, жан дүние­сімен байланысты дүниелер, не туғанынан сол оқиғаларға қанық боп өскені көрініп, өзінің ішкі дүниесінің жаңғырығы іспеттес. 

– «Тағдыр», Дарабоз», «Соңғы көш». «Соңғы көш» романы қазақ әдебиетінде үлкен құбылыс болды. Сыншы Әмірхан Меңдеке «Соңғы көш» туралы «Қабдеш Жұмаділовте Әуезов тілінің мәдениеті бар» деп айтады. Әуезов жазушының құрмет тұтқан аяулы ұстазы болды. Одан бөлек, ол кісі өзге ұстаздары туралы не айтатын еді?

– Әкеміз 1936 жылы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Шәуе­шек шаһарына 60 шақырым жерде тұрған Малдыбай ауылында дүниеге келген. Өз әкесі Жұмаділ ел ішінде сыйлы, өз қаражатына мектеп (Күдері мектебі) салдыр­ған, ағартушылық іске үлес қосқан дәулетті адам болған. Атасы Күдері өз руының биі болған. Ал өзі оқыған Шәуешек гимназия­сында, қаланың өзінде жергілікті және советтен ауып келген Алаш зиялылары қызмет етіп жүрді. ҚХР құрылып Кеңес өкіметінің қолдауын алғаннан соң Шәуешек­ке қазақ әдебиетінің небір үлгілері келе бастады. Сондықтан да әке­міздің дүниетанымы мен құнды­лықтар жүйесі сол кездегі қазақ әдебиетінің және Алаш ұстаным­дарымен қалыптасты. Әкеміздің публицистикасын қарасаңыз, қоғамдағы өткір мәселелерге тайсалмай баруы – соның арқасы. Сонымен қатар Шыңжаң өлке­сінің қазақтары большевиктердің тепкісін көрген жоқ. Байырғы көшпенділердің басты ұстанымы «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген принциппен өмір сүр­ген қазақтар басынан сөз асырған жоқ. Дегенінде тұрды. Ар, намыс, иман – Шыңжаң қазақтары іс-әре­кетінің басты мотивациясы. Шәуешек сол кезде бүкіл Шығыс Түркістанның рухани орталығына айналды. Сондықтан да әкеміздің басты ұстаздарының бірі орта мен заман болды. 

Айтпақшы, әкеміз тұңғыш шығармаларын өлеңмен бастаған. Қажығұмар Шабданұлымен ал­ғаш­қы кездесуі кезінде сол кісі елдің тағдырын сыйдыра алатын прозаға көшуге кеңес берген екен. 

– Тұрсын Жұртбайдың әдемі сөзі бар: «Қабдеш аға әдебиетке «тағ­дыр» әкелді», – дейді. Жазу­шының әдебиеттегі тағдыры туралы не айтасыз? 

– Әкеміз өзін жастайынан әдебиетке дайындады. Бірақ жас жазушының қазақ әдебиетіне келуі оңай болған жоқ. Ол кезде қазақ зиялыларының арасында Мәс­кеудің таратып кеткен дерті – топшылдық пен рушылдықтың асқынған кезі. Қандай да бір «дан­ыш­пан» жазушының тобына кірмесең, онда күнің қараң. Ол туралы әкеміздің ғұмырнамалық романы «Таңғажайып дүниеде» кеңінен айтылады. 

Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетіне тұңғыш рет Қытай қа­зақ­тарының тағдыры туралы та­қырып әкелген жазушы. Ол кезде советте Қытайда қазақтың барын біле бермеген. Бұл тақырыпта жазылған тұңғыш шығарма – «Қаздар қайтып барады» деген әңгіме. Тақырыптың алғашқы апробациясы десе де болады. Халық пен цензура жақсы қабыл­даған соң «Көкейкесті» романы­нан кейін 1974 жылы «Соңғы көштің» 1-томы жарық көрді. 

Ал бұл шығарманың басылуы оңай болған жоқ. «Арғы беттегі Қытай қазақтарының тағдыры СССР-дің сыртқы саясатына қа­лай келер екен?» деп күмәнда­на­тындар болды. Сондықтан да КГБ-ның ұсынысы бойынша шығарма орыс тіліне аударылып, Ленинградтағы Шығыстану Инс­титутына жіберіледі. Шүкір, жар­ты жылдан соң сол институт­тың берген жағымды пікірімен «Соңғы көш» алғаш рет «Жұлдыз» жорна­лында жарық көрді.

Міне, осындай кикілжіңдер адамның жүйкесін тоздырады, шар­шатады. Әкеміздің әдеби жолы оңай болған жоқ дейтінім де сондықтан. «Менің өзім Жазу­шы­лар одағына мүшелікке өтуде бір рет секретариаттан құлап барып әрең өткенмін. Әйтпесе сол кезде бір үлкен романым, бір кітап әңгі­мелерім, бір кітап болып өлеңдер жинағым шыққан еді», – деп еске алғаны бар үйде. Әкеміз үнемі ха­лық­тың, әділдіктің жағында бол­ды. Сол үшін де талай қиын­дық­тарды басынан өткізді. Сый­лық­тан, «стипендиядан» қағылу әдет­ке айналған. Өйткені әкеміз билікке жағынған жоқ. Әкемізге талай рет «билік туралы бір ауыз жылы сөз жазсаңыз, атақ та, даңқ та, дүние де болады» деген ұсы­ныс­тар түсіп жатты. Бірақ әкеміз ешкімге иілмеді. Билік партиясы өз қатарына мүше боп кіруін сұра­ғанда, әкеміз: «мен және менің кейіпкерлерім өз алдына бөлек партиямыз» деп жауап берген. 

– Қаламгердің қаламынан он роман, 21 повесть туды. 70-тен ас­там әңгіме жазған. Бүкіл шығарма­лары көзі тірісінде оқырманына жете алды ма?

– Ондай сұрақты анамыз да қойған. Әкеміз 2020-21 жылдары жинақтарын дайындап отырып, өз қаламынан туған кітаптарын түгел­дей қайта оқып шыққан. Сон­­да анамыз «Қалай, өзгеріс ен­гізем деген жерлері бар ма екен?» деп сұрағанда: «Жоқ. Бәрі де шеті­нен шедевр. Шығармаларымның бір сөзін де өзгертпеймін. Құдай құлағыма қалай сыбырласа, сол күйінде қалады», – деп күліп жа­уап берген еді. Ол жазам дегенінің бәрін көзі тірісінде жазып та, айтып та кетті. Еш өкініші жоқ. Ол өзі туралы «Мен арманы жоқ жазу­шымын» дейтін еді. Өзіне жүктелген миссияны толық атқар­ды деп ойлаймын. 

– Жазушының шығармалары туралы зерттеу жасалды ма? Аға­ның жоқтаушылары кім?

– Қазір әкеміздің шығарма­шы­лығы зерттеу нысанасына айналды. 2000 жылдардан бері 2 кан­дидаттық, бір докторлық дис­сертация қорғалды. Руда Зай­кенова – белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығын жан-жақты зерттеген қабдеш­танушы ғалым. Ол 2010 жылы «Қабдеш Жұмаділов шығарма­шылығы: ұлт тағдыры және көр­кем шындық» атты докторлық диссертация қорғап, жазушының романдары мен әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан терең зерделеді. Сонымен қатар ғалым қаламгердің өмірі мен еңбектері туралы «Дара­боз жазушы» баяндамаларын жасап, мақалалар мен естеліктер жазуда.

Биыл әкеміздің туғанына 90 жылдығына орай Үкімет оның ту­ған күнін Республика көлемінде атап өту туралы шешім қабылдады. Мәдениет министрлігі 80-нен аса іс шара жүргізуді жоспарлаған. Соның ішінде биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» бағдарламасы бойынша Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы ұсынылды. Ең бастысы, әкеміз «Тарихи тұлға» категориясына кірді. Бұл дегеніңіз – енді жазушының атын түрлі нысандарға беріп, ескерткіш тұрғызуға болады деген сөз. 

Биыл жазда Абай облысы әкім­шілігінің қолдауымен Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығы кеңінен атап өтілді. Ол үшін облыс әкімі Берік Уәлиге алғысымыз шексіз. 90 жылдыққа арнап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспа­герлік, редакторлық және дизай­нерлік өнер кафедрасының ұйым­дастыруымен халықаралық кон­фе­ренция болып өтті. Әке­міздің шығармаларын насихаттап, атын есте қалдырыуға, ескерткіш орнату үшін арнайы «Қабдеш Жұмаділов» қоры құрылды. 

– Ұрпағының арасында қалам ұстағандар бар ма?

– Жалпы, біз үйде матема­тиктер мен гуманитарилер болып бөлінеміз. Тікелей әдебиетші боп кетпесек те, мен тарих саласында ғылыми еңбектер жазып жүрдім. Бауырым Дәулет – журналистика ісінің шебері. Он жыл Лондонда Би-Би-Сидің қазақ редакциясын басқарды. 

– Қабдеш Жұмаділов мектебі жалғасып жатыр ма?

– Әрине! Бұл классик жазу­шы­лардың соңғы тұяғы десе бола­ды. Оның шығармалары әлі талай жас әдебиетшілерге серпін беріп, ой қозғайды. Қабдеш Жұмаділов – ешқашан банкрот бол­майтын жазушы. Оның шы­ғарма­лары әрқашан өз оқыр­мандары­ның жүрегіне жол таба­ды.

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС