Арман Әлменбет, жазушы, филолог: Тілдің қалыптасқан ұстындарына тиісуге болмайды

Қазіргі қазақ тілі дегенде қарама-қайшы екі нәрсе ойға оралады. Бір жағынан, қазақ тілі – теңдесі жоқ телегей-теңіз ауыз әдебиетін жасаған, би-шешендердің көкірегінде дамылдаған, жауһар шығармаларды түйдек-түйдегімен туғызған ең бай, ең оралымды, ең көркем тіл.

Екінші жағынан, қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне қарамастан, іс жүзінде  экономикада, өндірісте, технологияда онша қолданылмайтын, халықтың бір бөлігі меңгермеген тіл. Осы орайда бүгінгі Қазақстан халқы тілдері күнінде жазушы, филолог, «Ана тіл мен мына тіл» подкастының авторы Арман Әлменбетпен әңгімелесіп едік.

– Сіз тіл туралы Facebook-та көп жазасыз, YouTube-та подкаст тү­сіре­сіз, оның сыртында «Сөзтүзер», «Ком­ментатор сөз­дігі» сияқты арнаулы кітап­тарды шы­ғаруға атсалысқансыз. Осындай қыруар шаруаны тындыра жүріп түйген тұжырым­дарыңыз бар ма? Қазақ тілінің ең басты проблемасы неде екен?

– Қазақ тілінің өзінде проблема жоқ, мәселе біздің өзімізде дер едім. Кей­­­бір шаруаларды дұрыс ұйымдастыра алмай келеміз.

Мәселен, басқа тілден калька жасап, қалай болса сөйлеуді тілдің дамуы деп ой­лайтын кісілер бар. Біздің тіліміз ес­кір­ген, осылайша дамиды деп түсінеді екен. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы, Әб­дуә­лі Қайдарлардан мысал келтіріп оты­рып ұқтырсаң, жөнге келеді. Біздің өз тіліміз бар, ешкімге жалтақтаудың қа­жеті жоқ деген ұстаным салтанат құруы керек.

Жалпы алғанда, мына үш мәселені барынша ерте шешу керек деп білемін: іс-қағаз бен ғылыми стильді қазақшалау; Қазақстанда тұратын кез келген баланы балабақшадан бастап қазақша үйретіп шығаратындай болу; тіл білімі ғылымын ұлттық бағытқа бұру.

– Енді осы үш мәселені жеке-жеке тар­­­қатсақ.

– Кейінгі жылдары қазақша кино тәуір касса жинап жүр, қазақша әндер бас­қа тілдердегі әндерді ығыстырып шы­ғарды, қазақтілді блогерлер көбейді. Осы­ған қарап бізде қазақ тілі дамып ке­леді екен деп ойлаймын. Бірақ қазақ ті­лі тек көркем әдебиеттің, өнердің, ауы­зекі әңгіменің, публицистиканың тілі ғана ретінде дамып ұзаққа бара алмайды. Қазақ тілі ғылымның барлық саласын қамтитын тілге, сондай-ақ кеңсе тіліне де айналуы керек. Өмір бойы өзге бір тілге масыл болып тіршілік кеше алмаймыз ғой. Заман тез өзгерді де, біз шенеуніктерге ың­ғайлы тілмен алға ке­тіп қалдық, қазақ тілі Сайын Мұратбеков­тің «Жусан иісі» әң­гімесіндегі Аян құсап: «Ба­лалар, тоқ­таң­даршы!» – деп ақсаңдап жү­гіріп барады.

Жаңа өзің атаған «Комментатор сөздігі» бар ғой. Сол шаруаны істей жүріп, термин мәселесінің қиындықтарын әбден сезіндім. Бұл бір қиын шаруа. Бірақ істемесе болмайды. Өзге тілде ойлайтын адамға қазақ­ша терминді ұсыныс ретінде айтудың өзі оңай емес. Күледі, жоққа шығарады, даула­сады. Бірақ түсіндіру керек. Шамына тимей, қазақ тілі үшін дәл сол сөздің қан­ша­лық­ты маңызы бар екенін дәлелдеп бағу ке­рек. Комментатор қазақша спорт тер­ми­ніне тосырқап қарайтын болса, кенші, мұ­найшы, IT маманы, заңгер, есепші қалай қарсыласатынын есептей беріңіз.

Ал енді балаға үйрету туралы айтып отыр­ғаным былай ғой. Үйінде қазақша сөй­леп жүрген бала балабақшаға барса, ті­лін былғап келеді. Одан кейін де жыл сайын қазақ тілінен «бес» деген баға алып, мек­теп бітіріп жатқан оқушылардың қазақ ті­лін тиісті деңгейде білмей шығатынын кө­ріп жүрміз. Мұны айқайлатпай, шулатпай, асқан бір шеберлікпен реттеу – мем­лекетіміз үшін аса маңызды.

Ғылымды қазақы бағытқа бұруымыз керек дейтінім, Тіл білімі институты, Шаях­­метов атындағы институт, Тер­мино­ло­гия­лық комиссия, университеттегі тіл білімі ка­федралары баяғы «шапирографиядан» құлан-таза айығуы керек деп білемін.

– Термин демекші, «Комментатор сөз­ді­гінде» футболда пенальти соғатын нүктені «ай­табан» деп аудардыңыздар. Қазақ ертеде ошақтың орнын «айтабан» депті. Яғни бұл – жаңа сөз емес, өз алдына мағыналық жүк ар­қалап тұрған көне сөз. Сонда ертең анау да айтабан, мынау да айтабан бола бере ме?

– Бола береді. Адамның құлағы, дом­быраның құлағы, іс мәшиненің құлағы де­генде адамдар «бәрі бір құлақ па?» деп ша­таспайды ғой. Тура сол секілді.

Бекжан Әбдуәли қазақтың жер атаулары далада қалып қоймай, бізбен бірге қа­лаға көшіп келуі керек деген ой айтқан. Ту­ра сол секілді қазақтың сөздері де бізбен бір­ге қалаға көшіп келуі керек. Енді ошақ кө­­термейміз, көшпейміз, жұртта қалған ошақ­­тың орны туралы әңгіме айтпаймыз. Айт­сақ та, аз айтамыз. Ол сөз енді сол заман туралы көркем шығармаларда ғана бел­сенді қолданылады. Ал футболды біз күн­де көріп отырмыз. Тіпті екеуі де бел­сен­ді қолданып жатуы мүмкін, онда тұрған ештеңе жоқ.

Сондай-ақ бірдей айтылып, бірдей жа­зылатын, әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын ма­ғынада қолданылатын сөздер де бола береді. Мәселен, «сал» деген сөзді алыңыз. Біржан сал да – сал, бөренелерді бір-біріне бай­лап өзеннен өтсеңіз, ол да – сал. Етістік сал бар. Бірдеңені шелекке сал, ән сал, су­рет сал, керек десеңіз, біреуге пародия жа­сау да оны салу болады. 

Ағылшын тіліндегі come деген етістіктің жеті-сегіз мағынасы бар екенін осы таяуда ғана көріп едім. Сөйтсем, ағылшын тілінде ондай сөз өте көп екен. Яғни бұл дегеніңіз тіл­дің кемшілігі емес. 

Ахмет Байтұрсынұлы бір ұғымға сөз іздегенде әуелі қазақ тілінің өзінен, табылмаса, туыстас түркі тілдерден, одан да табылмаса, орыс-еуропа сөздерін бейімдеп алуымыз керек деп термин жасаудың «жол картасын» құрып берген ғой.

«Комментатор сөздігіндегі» термин­дер­дің бәрі көнерген сөздерді жаңарту ар­қылы ғана жасалмағанын да айта кетуіміз керек шығар. Ол жерде бейімделген сөздер де, жаңа сөздер де бар.

– Шатаспасам, бұл кітапқа енген сө­з­дер­ді Терминком да мақұлдады-ау деймін. Дұрыс қой. Бірақ біздің терминологияда бір авторитаризм бар сияқты. Терминком бір терминді шегелейді де, жұрттың бәрін со­лай жазуға міндеттейді. Кейде соның ішін­де қисынға сыймайтын сөздер кезде­се­ді. Мысалы, «миграция» сөзі «көші-қон» деп бекітілген. Бірақ қазір әлеумет­тану­шы­лар «эмиграция», «иммиграция», «ремигра­ция» деген сөздерді қазақша қалай жазарын білмейді. Бұларды бұрынғыша халық­ара­лық термин күйінде қалдырсақ, онда жал­ғыз «миграцияны» аударудан қазақ ті­лі­не не қайыр? Ғылымда «миграция» сөзі аң­дарға, құстарға, балықтарға да қатысты ай­тылады. Олардың өз ареалында жаппай жыл­жуын «көші-қон» дегеніміз орынсыздау емес пе? Мұндай мысал көп.

– Терминком міндеттемейді, тек ұсы­на­­ды. «Рекомендательный характер» дейді ғой, сон­дай.

Халықаралық термин дегенді қолданып отырсың ғой. Осы елес сөз біздің сорымыз болып тұр. Елес сөз дейтінім, мұндай ұғым жоқ. Кез келген сөз ұғым болған жағдайда ғана бар болады. Ал «халықаралық термин» деген сөз қазақ тілінде бар да, бірақ ондай ұғым мына жалғанда жоқ. Әр халық өзінше сөйлейді. Біздің халықаралық термин деп жүргеніміз – орысшасы мен ағылшыншасы ұқсайтын сөздің орысшасы ғана.

Мысал еткен «миграцияңыз» іс-қағаз стилінде «көші-қон» деп, ал ғылыми стильде, зоологияда басқаша атала беруі мүмкін. Оны жақсылап бекіту керек. Бала кезде оқулықтан қалай оқыса, адам әрі қарай дүниені солай танып кете береді. «Селбесе тір­шілік ету», «ұлпа», «жасуша» дегендерді оқып өстік, солардың орысшасын сұраса, көбіміз айта алмаймыз да. Дүниені қазақша тану дегеніміздің өзі осы ғой.

Терминологиялық комиссияға қайта оралатын болсақ, ол жердің жұмыс жоспары әу бастан дұрыс жасалмаған деп ойлаймын. Мақсаттарын айқындап, бюджеттерін көбейтіп, жаңаша жолға түсіру керек.

– Жаңаша жол дегеніңіз қандай жол болуы керек?

– Ең әуелі сөздер орысша-қазақша сөз­дік түрінде бекітілмеуі керек. Орыстың бір сөзіне қазақтың бір сөзін байлау деген принцип тілдің түбіне жетуі мүмкін. Ұғым, сөз, соның жанына анықтама, қолдан кел­се, сурет, одан соң барып орысша, ағыл­шынша, моңғолша, парсыша аудармалары тұруы керек деп білемін.

Одан кейін келген сұраныстарға байла­нысты жұмыс істеу, яғни мақсатсыз, бағ­дар­сыз, ағысқа ілесіп кете беру дұрыс емес. Қа­зақша жоқ терминдердің тізімі жасалуы керек. Осы жұмыспен қатар қазақ тілінде бар, бірақ әлі термин боп бекітілмеген сөз­дердің де тізімі жасалуы керек. Ол үшін қа­­­зақша жазылған кітаптарды, қолжаз­ба­лар­ды түгел сүзу керек. Оның бәрі – құр қиял емес, атқаруға әбден болатын жұмыс­тар.

– Қазір әлеуметтік желіде тілге ревизия жа­сайтындар көбейді. Ерінбеген екеудің бірі сөзге жармасып, қазақ олай айтпаған, бұлай сөйлемеген деп бәрін түзетіп отыратын жағдайға жеттік. Тіл білімінде бұған қатысты екі ұстаным бар: біреуі – тілді қатып қалған ка­нон ретінде қорғайтын прескриптивизм, екіншісі – халықтың аузындағы тірі қол­данысты норма деп танитын дескриптивизм. Жазушы ретінде, филолог ретінде осы екеуі­нің арасындағы шекараны қай жерге қояр едіңіз?

– Әлеуметтік желідегі ол үрдіс қазір сая­бырсығандай көрінеді өзіме. Біреу бір­деңені түзеймін деп талпынса, ол да – қоз­ғаушы күш. Сол пікірталастардың төңіре­гін­де ой піседі, ізденіс болады деп ойлаймын.

Тілдің қалыптасқан ұстындары бар ғой, оған тиісуге болмайды. Тиіссек, оның шегі бол­майды, бір заманда жүйесі бұзылған, қол­данысқа жарамсыз тілге айналдырып ты­намыз. Ал енді қазақшада жоқ сөзді, қазақ­шада жоқ бір қолданыстарды басқа тіл­ден калькалау жолымен де алуға болады, ауы­зекі тілде әу баста әзіл ретінде пайда бол­ған сөздерді әдеби нормаға қосуға да бо­лады, тіл өзі солай дамиды. Кезінде ағыл­шындар төлқұжат алу үшін толтыратын қағаздың ата-тек туралы жолында ][ деген таңба болыпты. Ол уақытта француз тілі­нің үстем боп тұрған уақыты екен. Сол таңбаны ағылшындар французшалап pé de grue деп атапты. Ол «тырнаның сирағы» де­ген сөз екен. Қазір ағылшын тілінде pedіgree деген сөз бар. Адамның шыққан тегі дегенді білдіреді.

– Тілдегі ауытқуларға калька ғана кі­нәлі емес қой. Мысалы, бұрын «оқи бастадым» дей­тіндер қазір «оқып бастадым» дей­ді, «баруымыз керек» дегенді дап-дар­дай кісі­лердің өзі «бару керекпіз» деп еш қысылмай айта береді. Меніңше, оған орыс тілінің қатысы жоқ. Бір жағынан бұл таби­ғи құбы­лыс та сияқты. 15 ғасырдағы Керей, Жәні­бек­тер пен 19 ғасырдағы Кенесарылар айна-қатесіз бірдей сөйлемеген шығар, Асан Қай­ғылар мен Абайлардың тілінде аздаған (немесе көптеген) айырмашылық бол­ған шығар деп ойлаймын. Ендеше 19 ға­сырдағы тілдің эволюциясы неге дұрыс болуы керек те, 21 ғасырдағы эволюция неге бұрыс болуы керек?

– Бекболат Әдетов деген кісі болды. Мық­ты аудармашы әрі тілдің жанашыры еді. Сол кісіден он шақты жыл бұрын -уда, -уде жұрнақтары туралы сұрадым. «Қазір осы шақты меңзегенде жазуда, сызуда, оқуда, өтуде, күтуде деп жазу сәнге айналды ғой, сол дұрыс па?» – деп сұраған едім. Сон­да ол кісі: «Тіл дамиды, өзгеріске тү­седі, оған қарсы тұра алмайсың, тек кез кел­ген өзгерістің дұрыс болуын қадағалау керек», – деген еді. «Мәселен сол -уда мен у-деңіз, – деді ол кісі, – барлық жағ­дай­да қол­дануға келмейді, мәселен, оның бо­лым­­сыз формасы жоқ. Яғни келмеуде, жүр­­меу­де, қарамауда деп айта алмайсыз ғой».

Өзің айтып отырған «-п бастаудың» қа­те болатын бір себебі бар. Мысалы, Тұман­бай Молдағалиевтің «Ал адамдар күліп бас­тап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады» дейтін өлең жолы бар. Осы жерде «-п бастау» дұрыс қолданылып тұр. Яғни өмірді қалай бастайтынын айтып тұр, нені бастайтынын емес. Бұл «-п бас­тауыңыз­дың» осындай дұрыс формасы болған­дық­тан да, бұрынғы қазақтар бірдеңені бас­та­ған кезде «-й бастадым», «кірістім» немесе жай ғана «бастадым» деп айтқан болса керек.

Ал енді о ғасыр мен бұ ғасырдың ара­сын­да айырмашылық болса, қазіргі уақыт пен алдағы уақытта да сондай айырма­шылық болуы керек деген ой тумауы керек. Қазақ әдеби тілінің тарихы жақсы зерттелген. Оңайлатып айтатын болсақ, бұл д­е­геніңіз спортшының зар күйіне келуі се­кілді шаруа. Спортшы жас кезінде әлжуаз болады, уақыт өте келе шымырланады, арасында спорттан қол үзіп қалса, денесі босап, артық ет алады, ауырып қалуы мүмкін, сосын қайта кірісіп, қалпына келеді. Осы аралықта әртүрлі халде болады. Бабына келген кезде бұрын әртүрлі қалып­ты болған екенмін деп, бір арып, бір толып, ойына келгенін істеп кетпейді ғой. Біз тәп-тәуір әдеби нормамызды қалыптас­тырып, әр замандағы тілдік қабаттан қалған сөздерді сақтай отырып, лексикалық қорымызды байытып, осы күнге жап-жақ­сы жеткен ұлтпыз. Енді жаңа заманға сай дұрыс түрленіп, одан әрі күшейіп кетуі­міз керек.

– Басқа тілдердің синтаксистік жүйесін, сөйлем құрылымын тікелей көшіріп алу сөзді ғана емес, ойды да бұзатындай көрінеді. Мә­селен, «министрлік осылай шешті» деудің ор­нына «министрлік тарапынан осындай ше­шім қабылданды» деу, «жол жөнделіп жатыр» деудің орнына «жолды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде» деу тілдің ішкі логикасына қалай әсер етеді?

– Иә, Ербол Тілешов: «Өзге тілдің сөзін қол­дану қатты қауіпті емес, ол бір бетке шық­қан безеу сияқты нәрсе, ал сөйлем құры­лымын көшіру жазылмас дерт секілді қауіпті», – деп еді. Мұның бәрі дүниеде бар құбы­лыстарды өз тілімізде жазбай, өзге тіл­дегі дайын мәтінді алып келіп аударған­нан болып жатқан кемшіліктер ғой. 

Бір жағы бұл жерде тілдің функцио­нал­дық міндеті, стиль деген мәселелер де қыл­тиып тұр. Мәселен, «Министр осылай шеш­ті» дегенді «Пәленше солай депті ғой» де­сек, ауызекі стиль болады. Сол ақпаратты ми­нистрді суреттей келіп, сөзін түрлен­діріп, көркем әдебиет стилінде де айтуға болады. Енді ресми, ісқағаз стилінде жа­зыл­ғаны көрініп тұруы үшін сондай құрғақ, суық сөздер де керек. Бірақ жоғарыда айт­қа­нымыздай, ол өзге бір тілге қосақталып жүр­геннен емес, бірнеше тілден үйрене жү­ріп, бұрынғы өзімізде бар сөздерді қо­па­рып шығара жүріп қалыптасса, дұрыс болар еді.

– Ауызекі сөйлеу мәдениетін айтқанда «орыс болып кетті» деп қала қазағына рен­жи­міз ғой. Алайда ауыл қазағының да қарық қылғаны шамалы. Қыстырма сөздерді көп қол­дану, орфоэпиялық қателер жіберу, кібір­тіктеп, тұтығып, ыңқылдап сөйлеу, әр сөзден кейін, әр тіркестен кейін қалай жал­ғастырарын білмей, «і-і-і», «а-а-а» деп тұ­рып қалу қалыпты нәрсеге айналған. Қара­пайым халық қана емес, радиоға, теледидарға сұхбат беретін әжептәуір сауатты кісілер де сөйтеді. Сөйлемінің бастауышы қайда, баян­дауышы қайда, тұрлаулы-тұрлаусыз мүше­лері қайда – айырып болмайсың. Бұл не, сөз­дік қордың жұтаңдығы ма, әлде ойды жүйе­л­ей алмаудың салдары ма?

– Бұл – тек қазақтың басындағы емес, адамзаттың басындағы жағдай. Кез келген тіл­дегі ескі фильмдерді көрсең, бұрынғы қарапайым адамнан алған жедел сұхбат­тарды қарасаң, қазіргімен салыстыруға кел­мейді. Ақпарат тасқыны адам баласын есең­гіретіп тастады. 

Бұрын көркем жазу деген сабақ болды ғой, адам баласының жазуға деген құрметі, ма­хаббаты ерекше еді. Қазір жазу оңай тері­летін болған соң көркем жазуға ешкім мән бермейді. Тура сол секілді көркем сөй­леудің де қадірі қалған жоқ. Оны өз басым үлкен мә­селе көріп, бас қатырып ойланған да емес­пін. Әйтеуір солай болып жатқанын білемін.

– Психолингвистикада бір қызық құ­бы­лыс бар: егер адам айналасынан күнделікті қате мәтінді көп көріп, қате сөйлемді көп ес­тіп жүрсе, бара-бара ми оны «осылай болу­ға тиіс» деп қабылдай бастайды екен. Сөйтіп, қо­ғам қатенің батпағына батқан сайын өзін дұ­рыс батып бара жатырмыз деп сезінетін се­кілді. Біз осы батпаққа батудың қай дең­гейін­деміз?

– Біз ол батпақтан шығып келе жатқан бо­лармыз. Жеті-сегіз жыл бұрын «болады ма?», «келеді ме?» деп сөйлеп, солай жазу жап­пайласа бастады. Газет, телеарналар да солай сөйлеуден арланбайтын болып бара жат­қан. Қазір ол тоқтағандай. Оған себеп бол­ған манағы өзің айтқан тілге ревизия жа­сағысы кеп тұратындар болса керек (ішін­де өзім де бармын). Кезінде шыққан «Сөз­­түзер» деген қате сөздер сөздігінің де біраз пайдасы тиді. Сол уақытта идея авторы деп өзін көрсетіп жіберген Дәурен Абаев­қа ренжіген едім. Мүмкін менімен бір ауыз сөйлесіп, осылай қыламын деп ба­рып со­лай істесе, ренжімес пе едім. Пен­демін ғой енді. Айтайын дегенім, қазір сол жобаны қолдағаны үшін Дәурен мырзаны ризашы­лықпен еске аламын. «Үңгірден шыққан ұлтшылдар» деп сынға қалып, артын­ша осындай кітап шығардық деп өзі жұрт­қа жар салып, біраз абыройын қал­пы­на келтірген­дей де болды, сондықтан ол кісі де маған ри­за шығар деп ойлаймын (ме­ні танымайды да ғой, әрине, дегенмен есін­е тү­сі­ретін болса дегенім ғой). Айт­пақ­шы, Дәу­рен мырза мен біздің арамызда ара­ғайындық қылған ол кісінің кеңесшілері Мирас Мұқаш, Ақ­ті­лек Тәжі есімді азаматтарға да ризамын.

– «Сөзтүзерді» әзірлеу барысында БАҚ-ты, ресми құжаттарды, әлеуметтік желіні сү­зіп, мыңдаған қате жинадыңыздар ғой. Сол кезде қандай қателер көп байқалды? Қазақ­ша сөйлеп, қазақша жазғанда қай жерден қатты сүрінеді екенбіз?

– Дәл сол кезде түсіндім дей алмаймын, бер­тінде, «Комментатор сөздігін» әзірлеу ке­зінде түсіндім-ау деймін. Орыс тілі зат есім­ге негізделген тіл екен, ал қазақ тілі етістікке иек артқыш. Мұның ең қарапайым мысалы мынау: қазақтар допты «тепті» десе, орыстар «сделал удар» дейді. Осыдан кеп қазақтар «соққы жасады» дейтін бол­ған. Біз төтесінен етістікпен айта салатын нәрсені орыстар сөйтеді екен деп етістіктен зат есім жасап, оған қайта етістік жалғап, әуреге түсіп кетіппіз. Қиындықтың бірсы­пы­ра­сы осылай өз тіліміздің байлығынан бас тартып, өзге тілдің шылауында кетуден бо­лып тұр.

– Байлық дегеннен шығады, әдетте қазақ тілінің бай тіл екенін дәлелдегіміз кел­генде «жылқының түр-түсін білдіретін жүз не­ше сөзіміз бар» дейміз. Сол сияқты эскимостар да батысқа қарай жүзіп бара жатқан моржды «аргугах», солтүстікке қарай жүзіп бара жатқан моржды «каврык», әр бағытқа жүзіп жүрген моржды «акылюграк», қорек­тенуші моржды «эхъык», ұйқыдағы моржды «кавалыграх» дейді екен. Африканың Химба деген тайпасы жасыл түстің 40-қа жуық рең­кін ажыратып айтатын көрінеді. Бірақ осы тілдерде станоктың мағынасын дәл бере­тін бірде-бір сөз табылмауы мүмкін. Жалпы, белгілі бір өмір салтына байланған сөздердің көптігі тіл байлығына өлшем бола ала ма?

– Эскимос пен қазақтың ұқсас жері бұ­рынғы тұрмысына сай тілінің бай болуы ғана емес, бірнеше жыл отар болғанының кесірінен ғылыми тіл мен іс-қағаз стилін­дегі терминдерді уақытында қалыптастыра алмауында болып тұр ғой. Ал эксимостардан үлкен айырмашылығымыз – отыз бес жыл бұрын тәуелсіз мемлекет құрып ал­ған­ды­ғымызда. Бірақ әлі күнге дейін тер­мин­дерімізді толық бүтіндей алмай отыр­­­мыз.

«Қазақтың тілі мал шаруашылығы, саят­шылық, жауынгерлік – осы үш салада ерекше дамыған», – деп еді Ұлағат Ханзада. Мен осыған табиғатты, аспан әлемін жә­не адамның ішкі жан дүниесін қосамын. Қа­зақ поэзиясының осынша биікке кө­терілуіне де тілінің осындай бай болуы себеп болған шығар деймін.

Жақында бір әңгіме жазған едім. Кеңсе ішіндегі оқиға, құжат туралы. Та­ныс­тары­ма оқытсам, көркем шығарма емес, мақала сияқты дейді. Я мен нашар әң­гіме жаздым, я адамдар кеңсеге қатыс­ты әңгіме оқып үйренбеген. Яғни кеңсе ішінде, құжатта кездесетін сөздер тек пуб­лицистикалық стильде, іс-қағаздарда қалып қойған, көркем шығармаға кір­ме­ген. Мейлі, мен әңгімені жаза алмаған бо­лайын. Ол маңызды емес. Бірақ өзің ми­нистр туралы, әкім туралы, оның жеке өмірі, ішкі көңіл күйі емес – жұмысы тура­лы әңгіме, повесть, роман оқып көріп пе едің? Біз­дің әдебиетімізде қала өмірі жоққа тән. Оның бірден-бір себебі қазақша тер­миндердің қалыптасып, сана­ға сіңбе­генінде. Қазір қала туралы туын­дыларға байқау жарияланып жатыр. Қа­зыларға қиын болғалы тұр. Былай қара­ғанда қала өмірі туралы шығарма, бы­лай қарағанда журналистік зерттеу сияқ­ты көрініп, қи­налуы мүмкін. Оқыр­ман көркем шығар­ма­дан қаланың тір­шілігін оқып үйрен­беген.

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аң­дағанынша, қиялдың меңзеуін мең­зеге­нінше, көңілдің түйін түйгенінше ай­туға жарау» дейді ғой Ахмет Байтұр­сын­ұлы. Қазақ тілі, жайлауда жүрсең, осы­ның бәріне жарайды. Ал қалаға келсең, отырған жеріңді толық суреттеп бере ал­майсың. Өйткені қаладағы бұйым­дарды, ережелерді, құжат атауларын, әртүрлі әдеттерді орысша атап, әбден жаман үйрен­генбіз. Оның бәрі – ғылыми тілмен айтсақ, термин. Терминдерді қазақ­ша­лап, оны халықтың санасына сіңіріп, ки­ноңызда да, романыңызда да жүретін­дей қылу – бүгінгі күні істелуге тиіс үлкен жұмыстың бірі.

– Бүкіл әлем AI мен ІT төңірегінде да­мып жатыр. Үлкен тілдік модельдердің дәуірі туды. Қазақ тілінің цифрлық қоры жаңа үрдістерге дайын ба? Жасанды интеллект интернетте бар сөзді жинап алып, қате болса да, калька болса да тарата бере­ді ғой. Ертең жастар осы жасанды ин­тел­лектінің дүбәра тілін дұрыс тіл деп қабылдап кетпеуі үшін қайтпек керек? Тіл мамандары не істей алады?

– Заман әкелген жаңалықтарға қа­тыс­ты стратегия болуы керек, әрине. Бір­ақ дүниенің бәрін дабырасы көп тех­нологиялық үдерістерге апарып тірей беру дұрыс емес. Менің байқағаным, әлемдегі бір жаңалықты естісе, қай сала­ның болсын мамандары мәселенің бәрі енді шешіліп кететіндей көріп, сол жаңа­лыққа жармаса кетеді. Спортшылар да ғылымды, технологияны пайдаланады. Денсаулықты бақылауға, бұлшық еттерді жақсартуға, тағысын тағыға керек. Бірақ бәрібір спортшы тер төкпей, бір жатты­ғуды мың қайталап шеберлігін арттырмай ештеңе шешілмейді ғой. Сол секілді бала оқымай, жазбай, жаттамай білім жинай алмайды, ғалым адам бір сұраққа мыңдаған сағатын арнамай жаңалық аша алмайды, тілдің мәселелері де адамның еңбегінсіз шешілмейді. Қазақы ортада өскен бір қазақ ескі кітаптарды оқып отырып қана ашатын жаңалықтар бар, солай ғана қабылданатын шешімдер бар. Тіл деген – миллиондаған адамның сана­сына орныққан үлкен бір құбылыс, со­лардың бәрі ұсынған жаңалығыңды «ә, міне!» деп ескі танысын көргендей қа­былдап, әрі қарай қолданып кетуі үшін бұрыннан келе жатқан тізбекті танитындай түйсік керек.

2026 жылы өмір сүріп жатқан тіл ма­мандары 1926 жылы өмір сүрген тіл ма­ман­дары не істесе, соны істеуі керек. Қа­зақ тілін зерттей беруі керек. Тапқанын халыққа таныстыру, жаңа технологиямен астастыру, тағы сол секілді қосымша жұ­мыстарды басшылар тиісті мамандарды араластыра отырып ұйымдастыруы керек. Егер технология деп, әлемдік тренд деп ғылым мен тілді әрірек ысырып қой­сақ, онда арбаны аттың алдына жеккендей боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Еркебұлан НҰРЕКЕШ