Халықаралық транзиттің жаңа тетігі

Кейінгі бір жыл аралықта халықаралық бейбітшілік пен өркен­деу жолындағы TRIPP бағыты туралы көп айтыла бастады.

АҚШ-тың арағайындығымен әзірленген, Оңтүстік Кавказ аймағындағы геосаяси және экономикалық жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған ірі халықаралық көлік-транзиттік жобаға Қазақстан тарапы да қосылуы мүмкін. Жобаның негізі 2025 жыл­ғы тамызда Вашингтонда АҚШ, Армения және Әзербайжан басшы­ларының үшжақты декларацияға қол қоюымен қаланғанын білеміз. Енді бұл жоба Қазақстан үшін несімен құнды болмақ?

Былтыр 7 қарашада Трамп Орталық Азия басшыларын Ақ үйде қонақ қылғанда осы мәселе де қозғалған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сол уақытта-ақ АҚШ басшылы­ғымен кездесуде TRIPP жоба­сына қолдау білдіретінін ашық айтқан болатын. Президен­тіміз қай жерде де сол сөзінен таймай келеді. Екі аптадан соң, 21 қарашада Армения премьер-министрі Никол Па­шинян Астанаға келгенде осы тақырып тағы айтылды. Онда да Тоқаев АҚШ-тағы сөзін қайталады. 

– Біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызы­ғушылық танытып отыр­ғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транс­каспий халықаралық көлік бағдарымен және Сол­түс­тік-Оңтүстік дәлізімен ұш­та­с­тыру екі елдің де мүддесіне сай кел­еді, – деп Қазақстан тара­пының бастапқы ұстаны­мын және бір нықтай түсті. 

Әңгіме болып отырған TRIPP жобасы – Арменияның Сюник облысы арқылы өтетін 40 шақырымнан асатын дәліз. Ол – бір ғасырдан бері ажырап тұрған Әзербайжанның негізгі аумағын оның Нахчыван экс­клавымен қосатын жол. 2025 жылғы тамызда Вашинг­тонда Дональд Трамптың арағайын­дығымен Әлиев пен Пашинян қол қойған үшжақ­ты келісім­нің негізгі өзегі де осы болды. Соңғы ақпарат­тарға қараған­да, жобада құр автокөлік пен теміржол салу не жаңғырту ғана емес, соны­мен қатар мұнай-газ құбыр­ларын тарту, түрлі кабель жүргізу шаруа­лары да қарас­тырылған.

Жобаны TRIPP Development атты бірлескен компания басқарады. Оның шамамен 74%-ы америкалық тарапта. Компанияға дәліз инфра­құ­ры­лымын салудың алғашқы құқығы, сондай-ақ оны 49 жылға, одан әрі тағы 50 жылға ұзарту мүмкіндігімен басқару құқығы берілген. Инвестиция көлемі 1 миллиард доллардан асады деп бағаланып отыр, бірақ нақты қаржы көздері әлі де талқылану үстінде.

Мұндағы ең қызығы – Ар­менияның әрекеті. Никол Пашинян Қазақстан мен Қыр­ғызстанға TRIPP жоба­сына қосылуды ұсынды. Тіпті TRIPP Development компа­ния­сындағы өз үлесінен, шама­мен 26%-дан – әр елге 5%-дан беруге дайын екенін де мәлімдеді.

Осы жерде сарапшылар мына бір жайға назар аудар­тады. Пашинян осындай ұс­ын­ыс жасаумен қатар ресми Ереван Астанаға тағы бір қолқа салып отыр. Армения теміржол желілерін басқаруды біздің елге артқысы келетін секілді. Бұл дегеніміз – ресей­лік компанияның бас­қаруы­нан шығу һәм ҚТЖ басқа­руы­на өту. Ондағы темір­жол саласы 2008 жылдан бері «Ресей темір жолдарының» ен­­шілес компаниясы санала­тын «Оңтүстік Кавказ темір­жолы» жабық акционерлік қо­ғамының басқаруында бол­ып келеді. Концессия 30 жыл­ға жасалған. Енді Ар­мения оны 400 млн долларға кері сатып алып, басқаруды Қазақ­станға ұсынуы мүмкін. 

Мұны жай инфра­құры­лымдағы жауапкершілікті бөлісу­ден гөрі саяси астармен қарастырып жатқандар да бар. Өйткені әңгіме анау-мынау емес, бүтін бір елдің ло­гис­тикасының бір тармағына қатысты және оған кеткен шығын мен одан түсетін пайда  жайында болып тұр. Сол себепті де РТЖ-ның оңайлық­пен бас тарта қоюы екіталай. Сонау 2008 жылдан бергі «еңбектің» еш кетпеуі үшін олар да өз талабын қояры анық. Сол ұстаныммен РТЖ басшысы 400 млн долларға жуық қаражат инвести­ция­ланды деген себеппен осынша көлемде баға қойып отыр. 

Екінші жағынан, «Оңтүстік Кавказ теміржолы» ЖАҚ концессиялық келісімінен шығып жатқандықтан, Ар­мения тарапы тиесілі қара­жаты ретінде талап қойып жатқан секілді. Ақпарат көз­дерінде 2 млрд доллар деген мәлімет айтылып жүр. Мұның себебі, әлгі концессия жасал­ғанда бір жақтан РТЖ, екінші жағынан Армения үкіметі қол қойып, «Армения темір жол­дары» ЖАҚ сол концессияның құрамына берілген болатын. Орасан 2 млрд доллар бөлініп шығатын осы компанияның еншісі іспетті. Бірақ екі тарап­тың келісімі қалай жүретіні белгісіз. Дегенмен РТЖ бас­шысы ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл шаруа­ның барлығы әу бастағы келі­сім құжаттарына сай еш дау­сыз шешілетініне сендірген әрі екі жақ бұл тұрғыда қазір­дің өзінде өзара ымыраға келіп отырғанын айтқан. 

Айта кетерлік бір жайт, әлбетте, АҚШ компаниясы басқаратын жобаға ресейлік компанияның атсалысып жат­пасы белгілі. Оның үстіне, АҚШ осы жоба сөз бола баста­ған сәттен-ақ шындап кіріс­кен емеурін танытқан. Соның айғағы болар, қазірдің өзінде жобаның бастапқы дайындық кезеңі үшін деп 140 млн доллар қаражат бөліп қойды. Никол Пашинян да бұған қатысты пікір білдіріп, бұл тек басы екенін, әрі қарай жобалардың әлеуетіне байланысты инвес­тиция көлемі де біртіндеп арта беретінін мәлімдеді. 

Сондықтан Трамптың жоба­­сы іске қосылса, ол Қа­зақ­­стан үшін де, Қырғызстан үшін де Ресей мен Иранды айналып өтетін тікелей құр­лық жолы болады. Түркия – Оңтүстік Кавказ – Орталық Азия – Қытай деген үздіксіз тізбек. Бұл өңірдегі сауда қа­тынасына жаңа серпін береді. Әзербай­жан мұнай өнімдерін Армен­ияға экспорттай алады. Үшін­ші елдерден келетін астық пен басқа да тауарлар Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға тран­зиттеледі. Үшінші елдер­дің ішінде Қазақстан да болатыны сөзсіз. 

Сол себепті Қазақстанның бұл жобадан ұтары көп, өйткені логистика тұрғысынан Орта дәлізге жаңа есік ашыла­ды. Геосаяси тұрғыдан АҚШ-тың аймақтағы жаңа жобасы­ның толыққанды акционері бола алады. Экономика жағы­нан да тиімді, себебі тран­зит­тен түсетін табыс алады. Әйтсе де бұл келісімдердің соңғы сөзін АҚШ айтады. Акцио­нерлер құрамын өзгертуге алдымен АҚШ-тың келісімі керек. 

Әрине, сарапшылар ара­сын­да сан саққа жүгіретін тұжырым көп. Оңтүстік Кав­каз­дағы ықпалын сақтап қалу үшін әлемдік алпауыт мемле­кеттер бұл шаруаларға қалай қарайды екен деген сарындағы күдіктерін айтып қалып жа-т­ыр. Ондай ойдың тууы да бекер емес. Жоба іске асқан жағдайда АҚШ Иран мен Ресейді айналып өтіп, Қытай­дың «Бір белдеу – бір жол» жобасына балама жасауға мүмкіндік алады. Мұндай жағдайда Зангезурдан өтетін 40 шақырым алып мемлекет­тердің көзі түйіскен жер бол­мақ. «Трамптың бейбітшілік жолы» деген атауы әдемі естілгенімен, оның артында темірдей есеп, қатал геосаясат тұр.

Ербол ТҰРЫМБЕТ