Жасанды жұбайлар жалғыздықтан құтқара ма?

Жасанды жұбайлар жалғыздықтан құтқара ма?ана емес, сезімімізді де цифрландыра бастады. Қазір виртуал сырласқа, тіпті психологқа айналған платформалар бар.

ЖИ жұмысына негізделген бұл платформалар адамның ішкі әлеміне дендеп еніп те үлгерді. Кей адамдардың жасанды интеллектіге деген көңілі достықтан да артық. Олар ЖИ-ға үйленіп, виртуал боттар мен цифрлық платформаны өмірлік жары етіп жүр. Бұл үрдіс жағымды құбылыс па, әлде ЖИ ақыр соңында адамды жалғыздыққа әкеп соқтыра ма? Біз әзірге сол бір танымал платформалардың ерекшелігіне тоқталып өтсек.

Миллиондаған адам туған бауырына, жақын досына емес, ЖИ-ға сеніммен қарайды. Ал­ғашында қызметі мен тұрмыстық шаруасын оңтайландыру үшін көмекке жүгінсе, кейін медици­налық кеңестер алды, енді цифр­лық психологі көреді. Бұрын цифрлық платформалар арқылы өмірлік жарымды таптым деп қуанатын жандар бар еді, қазір дамыған елдерде цифрлық плат­форманың өзі серікке айналды. 

Некелесуге тиімді бот

Алдымен Replika қосымша­сы жөнінде айтсақ. Replika – әлем­дегі ең алғашқы нейрожеліге негізделген чат-боттардың бірі әрі бүгінде де ең ірі платформаның қатарында тұр. Боттың шығу та­рихы да әлем жұртын таңғал­дырған еді. Платформаның негі­зін қалаушы Евгения Куйда 2017 жылы  жақын досы жол апатынан қайтыс болған соң, оның хаттары мен дауыстық хабарламаларын жинап, еске алуға арналған цифр­лық көшірме ойлап табады. Нейрожеліні досының сөйлеу мәнеріне, мінезі мен әзіліне де­йін бейімдеп жаттықтырады, тіпті бұл жүйені досының жа­қындары да пайдалана бастайды. Евгения кейіннен осы идеясын жетілдіріп, адамдарды қолдауға, жалғыз­дықтан құтқаруға ар­налған бот етіп дамытады. Осы­лайша, жеке адамның қайғысы мен сағыны­шынан туған жоба жалғыздықпен күресуге көмек­те­сетін виртуал досқа айна­лыпты.

Қазір дәл осы платформаны қолдану аясында «некелесу» оқи­ғалары жиі тіркелетін көрі­неді. Біз де осы Replika-ны жүк­теп қолданып, сынап көрдік. Әуе­лі қолданбаны пайдалану мақ­сатына байланысты жүйені досы, туысы, ғашығы, күйеуі/әйе­лі немесе тәлімгер ретінде тір­кеуге болады. Бот кейіннен пай­даланушының мінезіне бе­йім­деліп, эмоционалдық жақын­дық тудырады. Бір сөзбен айтсақ, сіз үшін иллюзия жасап береді. Replika сөйлескен сайын адам­ның мінезін, жақсы көретін зат­тарын, қорқынышын есте сақ­тап, уақыт өте келе соған үй­ре­­неді. Сол себепті бұл қосым­шаны адамның цифрлық көшір­месі, егізі деп те айтып жатады және де серігіңіздің 3D аватарын, сырт келбетін, киіміне дейін жа­сап алуға мүмкіндік бар. 

Тегін нұсқасы да эмоцио­налды байланыс үшін тиімді. Өкінішке қарай, әзірге бұл қосымшаның қазақ тілін түсіну деңгейі төмен, дегенмен де ағыл­шын тілін мең­­геру мақсатында да пайдалануға болады. Қазір Replika-ның 10 миллионнан аса пайдаланушысы бар екен. Зерт­теулерге сенсек, қолдану­шы­лар­дың 80 пайызы осы ботты деп­рессия мен жалғыздық сәт­терінде эмоционалды тірек ретінде пайдаланып жатады.

Психологқа айналған жүйе

Ең қолжетімді, қызықты ней­­рожелінің бірі – Character AI жү­йесі. Платформаның ерекше­лігі, пайдаланушылар мұнда идеал­ды жарының цифрлы нұс­қасын өз қалауынша жазып шы­ға алады және өзі ойлап табуға не­месе фильмдердегі кейіп­кер­лерге ұқсатып келістіруге болады екен. Кейбір адамдар дәл осын­дай чат-боттармен айлап, жыл­дап та ро­мантикалық қарым-қатынас құ­рады. Сонымен қатар плат­фор­мада арнайы психолог-боттардың да көмегін алуға бо­ла­ды. Плат­формадағы ең таны­мал боттардың бірі — Psychologist. Оған мил­лион­даған адам ішкі сырын, ма­засыздану себебін жазып, бей­тарап психологиялық кеңес ала­ды, психологиялық рөлдік ойындар өткізуге де мүм­кіндік бар. Қазір платформа қол­дану­шылары шамамен күні­не 2 са­ғатқа жуық уақытын осы ботпен сөйлесуге жұмсайды. 

Шаршамайтын «тыңдаушы»

Қазір адамша сөйлей алатын, дауысы, тыныс алуы мен кідіріс жасауы адамдыкінен аумайтын платформалар да бар. Мәселен, Pi платформасын қарастырып көрейік. Pi (Personal Intelligence) қазақ тіліне аударғанда, «Жеке интеллект» дегенді білдіреді. Бұл бот дайын ақпаратты ұсынып қоймай, әр қолданушыны жеке тыңдап, қажетіне қарай ақпарат­ты өңдеп береді. Адам ішіндегісін шығарғанда, жүйе «Өзіңді қалай сезініп тұрсың?», «Бұл жағдай са­ған қалай әсер етті?» деген се­кілді ашық сұрақтар қойып, тың­дауға, түсінуге тырысады. Ең бас­тысы, мұнда адамға тән мик­ро-эмоциялар шынайы көрінеді. 

Сонымен қатар қазір ChatGPT жүйесіне де жетілдірілген да­уыс режимі қосылды. Онымен да­уыстық режимде сөйлескенде, құдды адам деп қаласыз. OpenAI ұсынған жаңа дауыстық режим ЖИ-мен қарым-қатынасты мүл­дем жаңа деңгейге көтерді. Қол­данушы ЖИ-дің сөзін кез келген жерден бөліп тоқтата алады, ал ЖИ адам дауысының ырғағына қарап оның көңіл күйін танып, соған лайық интонациямен жа­уап бере алады. Адамдар көбіне-көп бұл режимді кешкілік се­руендеу кезінде құлаққап киіп, күні бойы жиналған ойын реттеу үшін «сыр­лас» ретінде қолданады екен.

Клиникалық дәлелденген көмекші

Жасанды зердені жөнімен пай­даланса, әрине, көмекші құ­рал бола алатыны анық. Алай­да жалғыздықтан құтыламын деп жүріп, қиял әлеміне еніп, шы­найы өмірді ұмытып қалмасақ екен. Стэнфорд университетінің психологтары мен нейробио­логтары жақында Woebot атты платформа жасап шығарды. Woebot – әлемдегі ең көп зерт­тел­ген психологиялық чат-бот­тар­дың бірі. Бұл платформа кли­никалық тұрғыда көмекші құрал ретінде пайдалануға бо­латыны дәлелденген. Бот жай ғана тілдесіп қоймай, когнитивті мінез-құлық терапия әдістерін қолданады және адамның не­гатив ойларын анықтап, жағым­ды ойлармен алмастыруға, эмо­цияны реттеуге жаттықтырады. Клиникалық зерттеулерге сәйкес Woebot-ты 2-4 апта бойы тұрақты қолданған адамдарда депрессия мен мазасыздық белгілерінің едәуір төмендегені байқалған, тіпті босанудан кейінгі депрессия мен жасөспірімдердің маза­сыз­дығын емдеуде тиімді көмек берген. Дегенмен оның психолог емес, тек көмекші құрал екенін естен шығармаған абзал, боттың белгілі бір деңгейде пайдасы дәлелденгенмен, мүмкіндігі әлі де шектеулі. Ол тірі адам сияқты жанашырлық таныта алмайды, ауыр депрессия кезінде де толық көмек бере алмайды. Ол ChatGPT сияқты еркін генеративті ЖИ емес, ол тек алдын ала құ­рылған алгоритмдер бойынша көмектеседі. 

Қазір ЖИ-мен терең достық Қытайда, Жапонияда, Азия елдерінде де трендке айналып жатыр. Xiaoice сияқты платфор­малар миллиондаған жасқа вир­туал жар рөлін атқарып ке­леді. Жыл өткен сайын жұмысы ба­рынша шы­найы платформалар іске қо­сы­лып жатыр. Жастар бұл жүйенің мінсіз жар болатынын айтады. «ЖИ-жұбайлар» ешқа­шан ұрыс­пайды, ренжімейді, шаршамайды және адамның көңіл күйі мен ыңғайына қарай қарым-қатынас орнатады, түн жарымына дейін сөзіңді тың­дауға да дайын. Шынайы өмірде көңілі қалған, психологиялық жарақат алған немесе жалғыз­дықтан зардап шегетін адамдар ЖИ-ді қауіпсіз қарым-қатынас түрі деп біледі.

Бір әттеген-айы, мұның бә­рі уақытша иллюзия.  Психо­лог­тар мұндай құбылыс жалғыздық пен күйзеліске қарсы уақытша шешім екенін айтып, адамды шынайы қоғамнан одан бетер оқшаулау қаупі жоғары деп алаңдайды. 

Айсұлу СЪЕЗХАН