Бақуатты болашаққа бастар баспалдақ

Заманауи озық мемлекеттің жарқын болашағының нық ұстыны – саналы ұрпақ, сапалы білім және санды технология екені сөзсіз. Бүгінде Қазақстанда адами капиталды дамыту мемлекеттің басты стратегиялық басымдығына айналды.

Еліміздің жаңа Конституциясының кіріспесінде адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым және инновация өркендеудің темірқазығы ретінде бекітілді. Ал Президент былтырғы Жолдауында жүктелген ауқымды міндеттер бұл игі бастамаларды нақты іске асырудың тиімді тетіктерін айқындап, жаңа дәуірдегі өркениет көшіне жол ашты. 

Адам капиталы – ақыл дәуірінің қазығы

Қазақстанда ерте жастан білім мен тәр­бие беруден бастап есейгенде кәсіптік даяр­лауға, ғылымға бейімдеуге, цифрлық құзы­реттілігін дамытуға және еңбек нарығында лайықты орнын табуына жәрдемдесуге де­йінгі үдерістерді қамтитын адам капиталы­ның жаңа моделі қалыптасып келеді. Соңғы жылдары елімізде 1,1 мың жаңа мектеп пай­далануға берілді. Кейінгі 5 жылда кол­ледж­дердегі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы шәкірттер саны 13,7%-ға дейін артып, 562 мың адамды құрады. Ал жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары енгізіліп, универ­си­теттердің өндіріспен байланысы күшейтіліп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін жағдай жасалып отыр. 

Үкімет бұл бағыттағы жұмысты Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифр­лық өзгерістер арқылы шешу» атты былтыр­ғы Жолда­уына сәйкес жүзеге асырып келеді. Прези­дент бұл құжатта білім беруді, ғылым­ды дамытуды, халықты еңбекпен қамтуды және азаматтардың өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруы үшін мүмкіндіктер жасауды елімізді одан ары дамытудың маңызды шар­ты ретінде белгіледі. Осы орайда әр саладағы шаралар кешені мен шешуші міндеттер жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында бекітілген. Үкіметтің дерегінше, оның кейбірі толығымен аяқталды, қалғандары қарқынды және қатаң белгіленген мерзімде орындала бермек. 

Жолдауды жүзеге асыру аясында білім беру саласында мектепке дейінгі, орта, тех­никалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамалары тегіс жаңартылды. Жұ­мысшы мамандықтардың және жас­тардың кәсіби дағдыларының беделін арттыру, WorldSkills стандарттарын қолдану, техни­калық және кәсіптік білім беру бағдарла­маларын жоғары біліммен сабақтастыру және білім беру-өндірістік кластерлерді дамыту ісі қолға алынды.

Білім жаңарса, ел де жаңарады

Мектеп – ұлттың ертеңгі әлеуетін өлшей­тін таразы. Мектебіне қарап елдің ер­теңгі ахуалын тануға болады. Бүгінгі бала қандай білім алады, не ойлайды, техно­ло­гия­ны қалай меңгереді – келешектегі Қазақ­станның келбеті де соған тәуелді. Президент Жолдауында білім, ғылым, ЖИ мәселесінің бір арнаға тоғысуы, қатар қойылуы кез­дейсоқ емес. Бұл – заманның талабынан ту­ған стратегиялық таңдау, мемлекеттің бо­ла­шақ бейнесін айқындайтын тарихи бағдар. 

2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент экономиканы жан-жақты цифр­лық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктей­тінін қадап айтты.

– Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектеп­тің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс, – деп тапсырды Президент. Бұл тапсырма толық орындалған екен. 

Елдің демографиялық өрлеуі де білім жүйесіне жаңа міндет жүктеп отыр. Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 6,1 млн жас азамат бар. Бұл – ел халқының 28%-дан астамы. 2026–2027 оқу жылында 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн бала білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттаған. Халық санының өсуі білім беру инфрақұрылымын одан ары өрістетуді талап етеді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова соңғы бес жылда 1 мил­лионнан астам оқушы орнына арналған 1 120 мектеп салынғанын, бұл тәуелсіздік жылдарында бой көтерген барлық мектептің 34%-ын құрайтынын айтты. Салыстырар болсақ, 1991 жылдан бері жалпы 3 200 мектеп іске қосылыпты. 

– Президент тапсырмасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жоба­сының салмағы да осында. Оның аясында үш жылда 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп бой көтерді. 2024 жылы – 105, 2025 жылы 112 мектеп пайда­лануға берілді. Нәтижесінде, 54 үш ауысым­ды, 12 апатты мектептің мәселесі толық ше­шілді. Соңғы бес жылда оқушы орында­ры­ның тапшылығы 4 еседен астам, яғни 1 миллионнан 245 мыңға дейін қысқарды, – деді министрлік өкілі. 

Бірақ «Келешек мектебінің» мәні жаңа қабырға мен терезеде емес. Оның ерекшелігі – білім беру ортасының даралығында. Бұл мектептердің ауданы бұрынғы типтік жобалардан орта есеппен 15-20%-ға үлкен. Ал техникалық жабдықталу деңгейі 4 еседен астам жоғары. Онда заманауи физика, хи­мия, биология зертханалары, компьютерлік сыныптар қарастырылған. Шығармашылық әлеует пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін STEM-зертханалар, робототехника каби­неттері, студиялар, спорт және хореография залдары жасақталған. Мектептердегі кеңіс­тіктер оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып ұйымдастырылған: бастауыш пен жоғары сынып оқушылары мидай аралас­пай, бөлек блоктарда білім алады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған. Демек, келешек мектептері балаға тек сабақ оқытатын ғи­марат емес, оның қабілетін байқап, қызы­ғушылығын оятып, дарынын ұштап, кәсіби бағдарын ерте қалыптасты­ратын алаңға айналмақ.

Президент Жолдауын жүзеге асыру шең­берінде елде оқу жоспарлары жаңартылып, оқушылардың білімін бағалау тәсілдері жетілдірілу үстінде. Орта білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу жұмыстары қолға алынды. Білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жаңа қарқын алды. 2026 жылғы 1 қыркүйекте 62 мың оқушы орнына арналған 57 жаңа орта білім ошағы, оның ішінде 20-дан аса «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. Жаңа мектептердің ең көбі Алматыда, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылды. 

Бұл ретте өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Әкімдіктерге оларды педагог маман­дармен және оқу-техникалық базамен қамту мәселелерін шешу жүктелді. Бұдан бөлек, аймақ басшылары биыл физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз етуі қажет. Жалпы, жыл соңына дейін ел мек­тептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет жабдықталуы керек. 

Жалпы, соңғы бес жылда 5 026 мектеп жаңғыртылып, 4,5 мыңға жуық мектеп 7 009 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 300 мектепті реновациялау бағдарламасы басталды. Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің сендіруінше, білім беру инфра­құрылымының тапшылығын кезең-кезе­ңімен азайту және еліміздің барлық өңірінде балалардың білім алуына тең жағдай жасау бағытындағы жұмыс жалғасады.

Ауылдағы IT-мектеп

Бұл істен ауыл тыс қалған жоқ. Мемле­кет­тің қамқорлығы арқасында үлгілі мектеп­тер ауылда да ашылып жатыр. Соның бір ұлағатты үлгісі – Ақмола облысының Қара­өткел ауылындағы IT-мектеп десе болғандай. 1 200 оқушыға арналған білім ордасы «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Онда 60 оқу кабинеті, STEM-зерт­ханасы, физика, химия және биология пәндеріне арналған мамандандырылған кабинеттер, IT-сынып, робототехника және хореография кабинеттері, сондай-ақ екі спорт залы бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылда да мектеп инфрақұрылымын дамыту, балалардың сапалы білім алуы үшін қауіпсіз әрі заманауи жағдай жасау бағы­тында жүйелі жұмыс ілгеріледі. Мысалы, ел игілігіне тапсырылған 217 «Келешек мек­теп­тің» үштен бірі немесе 84-і ауылда орна­ласқан. Соның арқасында 130 мыңнан астам ауыл балалары заманауи және жайлы білім беру ортасына қол жеткізе алады. 

– Қазақстанның 2,6 мың шағын жинақ­ты мектебінде ЖИ технологиялары кезең-кезеңмен енгізіледі. 2026 жылғы 1 қыркүйек­те Павлодар мен Қызылорда облыстарының 10 шағын жинақты мектебінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақ­тығын қысқартуға бағытталған, ЖИ техно­логияларын қолданатын пилоттық жоба іске қосылды, – деді Оқу-ағарту министрі Жұл­дыз Сүлейменова. 2029 жылға дейін жобаны барлық шағын жинақты білім ұйымына ке­зең-кезеңімен кеңейту жоспар­ланып отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда жас ұр­пақ­тың ЖИ-мен жұмыс істеу құзіретін қа­лып­тастыруды ерте жастан бастау міндетін қойды.

– Бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған ЖИ негіздері бағдарламасы мен оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаз­дар­дың ЖИ технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру керек. Қашықтан оқыту тәсілі және ЖИ технологиясы негізінде Qazaq Digital Mektebi атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Ол ауылдағы оқу­шыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Қ.Тоқаев. 

Оқу-ағарту министрлігі мектеп пәнде­рінің мазмұнын ЖИ бағытында жаңартып жатыр. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және ЖИ», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және ЖИ» болып өзгертілді. Бұл пәндердің мазмұнына ЖИ бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілді. Бүгінде оқушылар ЖИ құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі міндет – шәкірттерді бұл технологияны саналы, тиімді және жауапты қолдануға, оның көмегімен жобаларын әзірлеуге баулу.

Ұстаздың қолын ЖИ ұзартты

Жолдауда белгіленген маңызды міндет­тің бірі – қала мен ауыл мектебі арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту. Осы мақ­сатта жекелеген пәндер мұғалімдерінің тапшылығын тартқан шағын жинақты мектептерге арналған Qazaq Digital Mektebi жобасы білім саласындағы технологиялық өзгеріс алаңына айналып келеді. Жоба аясында отандық Roqed AI, Kashgari, Stem-solutions, testter.kz секілді жасанды интеллект құралдары оқу үдерісіне енгізіліп жатыр.

Астанадағы №99, №101, №104, №107 мектептердің тәжірибесі ЖИ-дің мұғалімді алмастыру үшін емес, оның уақытын үнем­деу үшін қажет екенін паш етті: тапсыр­ма­ларды тексеру тиімділігі артып, педагог жүк­темесі жеңілдеген. Ал ұстаз қағазбас­тылықтан арылған сайын баламен жұмысқа көбірек уақыт бөле алады. Жобаның өзегі – жаратылыстану-математикалық және қо­ғам­дық-гуманитарлық пәндерді ЖИ көме­гімен оқыту. Жаңа цифрлық шешім оқушыға ЖИ-ге сұрақ қоя отырып, материалды өз бетінше меңгеруге мүмкіндік береді.

– Біз қазір Qazaq Digital Mektebi жобасы аясында ЖИ саласындағы жобаларды сұ­рыптап жатырмыз. Сондықтан түрлі отан­дық озық платформа жасаушылардың ұсы­ныс­тарын қарастыруға дайынбыз. Жобалар Qazaq Digital Mektebi жобасының мазмұнын байытып, оқушыларды білімді пассивті тұ­ты­нушы емес, белсенді игерушіге айнал­ды­руы керек, – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Жоба қыркүйек айында 7 облыс­та пилот­тық режимде іске қосылды. СҚО, БҚО, ШҚО, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Ақ­төбе облыстарындағы шағын жинақты мектептер қамтылды. Арнайы тұжырым­да­ма бекітіліп, шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептердің техникалық жағдайы зерттелген. Жергілікті әкімдіктер­мен бірле­сіп, оларда ЖИ-ді қолдайтын заманауи құ­рылғылар мен сапалы цифрлық инфрақұры­лымды орнату басталды. Бағдарламаның түпкі мақсаты – ауыл мектептеріне оқытуды басқарудың бірыңғай ұлттық платформасын енгізіп, оны бірегей цифрлық контентпен толықтыру. Бұл ауыл баласының бәсекеге қабілетті білім алуына, елдің адами капи­талын күшейтуге жол ашады.

Цифрлық мектептің тірегі – цифрлық сауатты ұстаз. «Ұстаздардың ЖИ техноло­гиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек!» – деп тапсырды Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Оқу ағарту министрі Ж.Сү­лейменованың айтуынша, осы мақсатта педагогтер үшін білім беру процесінде ЖИ-ді тиімді және қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

2025 жылы «Өрлеу» платформасында 240 мыңнан астам мұғалім арнайы курстардан өтсе, 2026 жылы ChatGPT Edu жобасы аясын­да тағы 200 мыңнан астам маман өзде­рінің ЖИ-ассистенттерін құруды үйренеді. Бұл бағдарламалар мектепке дейінгіден бастап, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейлеріне дейін тегіс қамтиды. Бүгінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде ЖИ-ді тиімді қолдану бойынша арнайы оқытудан өтіпті. Қазір мұғалімдер ЖИ-ді оқу процесінде белсенді қолданып, оқу контен­тін тиімді пайдаланып та жүр.

Заманауи инфрақұрылым мұғалімдердің тиісті дайындығын талап етеді. Осыған бай­ланысты 2026 жылы 1,6 мыңнан астам педа­гог STEM-білім беру, жаратылыстану-ғылы­ми пәндер, роботты техника және цифрлық техно­ло­гиялар бойынша НЗМ, РФММ және «Білім-инновация» лицейлері базасында тәжірибеге бағдарланған семинарлардан өтті. 5 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп пәндік даярлық, цифрлық техноло­гиялар, ЖИ, инклюзивті білім беру, «Адал азамат» бағдарламасы бойынша оқытылған. Мұның бәрі мұғалімнің тың мүмкіндігі, оқушының жаңа еркіндігі, елдің адами капи­талына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Заманауи ұстаздың білігі артқан сайын бола­шақ ұрпақтың жолына құяр шуағы да артпақ.

Дамудың басты кілті – ғылымда

Білім экономикасына бет алған ел үшін ең қымбат ресурс – тек табиғи байлық емес, ақылды адам. Ғылымға салынған қаржы, жасанды зердені жұмысқа жеккен жас, өндірістің нақты түйткілін шешкен зерт­теуші – бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана ада­ми капитал экономикалық қуатқа айна­лады. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанның «білім экономикасына көшіп жатқанына», сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды екеніне екпін түсірді. Бұдан былай ғалымның құны дипло­мымен емес, жаңа технологияға, ғылыми жаңалыққа, өндірістік жетістікке ықпал етуімен өлшенбек.

– Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қай­тарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа па­тенттер, технологиялар мен өндірістер сияқ­ты көзге көрінетін нақты нәтиже жет­кі­лікті емес. Инновациялық саясатты Ғы­лым және жоғары білім министрлігінің құ­зы­рына берген жөн. Сонымен қатар Үкімет да­рынды зерттеушілерді қолдау үшін қосым­ша шара­лар қабылдауға тиіс. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың ар­қауы, ел болашағының кепілі, – деді Қ.Тоқаев.

Бұл тұрғыда ғылымды қаржылық қолдау күшейтілді: ғылыми зерттеу және тәжірибе­лік-конструкторлық жұмыстарға шығын 2023 жылғы 121,5 млрд теңгеден 2026 жылы 260 млрд теңгеге дейін, яғни екі еседен астам өсті. 2025 жылы ҒЗТКЖ-ға қатысатын ма­мандар саны 28 374 адамға жетті. Бұл 4 жыл бұрынғыдан әлдеқайда көп. Ғылыми қа­уым­дастықтың жартысына жуығы – жас ғалымдар. 

Бірақ қаржы мен кадрдың көптігі басты жетістік емес. Нәтиже – зертханада туған жа­ңалықтың зауытқа жетуі. Ғылыми әзірле­мелердің үштен бірінен астамы коммерция­ландыру кезеңіне өткен. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің ел дамуына қосқан жиынтық үлесі 142 млрд теңгеге бағаланады. Ғылыми зерттеулер мен инновацияларға 28,2 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. 2025 жылы 1 200-ден астам зерттеу аяқталған. Биыл 241 инно­ва­циялық жоба жүзеге асырылу үстінде, оның 30-дан астамы халықаралық нарыққа шық­ты. Университеттерде энергетика, медицина, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қаржы сек­то­ры үшін ЖИ арқылы қолданбалы шешімдер әзірлейтін командалар құрылып жатыр. Әзір­лемелердің бір бөлігі өнімін экспортқа шығара бастады.

ЖИ университеті – заман талабы

Осы өзгерістердің ең бір пәрменді қоз­ғаушы күші – жасанды интеллект. Ол енді білім беру мен ғылыми зерттеудің жаңа архитектурасына айналып келеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, биыл Қазақстанда тұңғыш Қазақ ЖИ зерттеу университеті – QAIRU жұмысын бастады. 

Мұнда білім беру процесі кіріктірілген ЖИ алгоритмдерін пайдалануға құрылған. Бакалавриатқа 400 студент қабылданады, оның 308-і мемлекеттік грантпен оқымақ. Магистратураға Astana Hub, Alageum грант­тары және ақылы негізде 100 адам қабыл­да­на­ды. Жалпы жоспарланған білім алушылар саны – шамамен 600 адам. Онда ЖИ жеке пән ретінде шектелмейді, бүкіл білім алу тәсі­­лі­нің өзегіне айналады. Мұндай сынақ уни­вер­ситеттер АҚШ, Қытай және БАӘ-де ашыл­ған. Жаңа ЖОО-ның ресми таныс­ты­ры­­­лымы осы жылдың қазан айына жос­пар­ланыпты.

Әрине, елдегі ЖИ сауаттылық бір уни­вер­ситетпен шектелмейді. AI-Sana бағдарла­масы аясында 700 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласындағы базалық бі­лімді растайтын сертификат алды. Бағдар­ламаға 106 университет қатысады. Студент­тер 450-ге жуық ЖИ-агент әзірлеп, қол­да­нысқа енгізді. Университет командаларының 980 қатысушысы осы жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек, 60 мыңнан астам студент кә­сіп­керлік қызметте ЖИ пайдалану курста­рынан өтті.

Халықаралық цифрлық білімге қолже­тім­ділік те кеңейді. 95 қазақстандық ЖОО Coursera жобасына қатысып, олардың студенттері 260 мыңнан астам сертификат алды. Мәселен, соңғы үш жылда автомобиль өнеркәсібіне қатысты 80-нен астам онлайн курс бойынша 3 мыңнан астам сертификат­тың алынуы еңбек нарығы мен білім арасын­дағы жаңа көпірдің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Ең маңыздысы, ЖИ өндіріс алаңына шық­ты. Соның бір мысалы – Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы Қостанай өңірлік универ­ситеті студенттерінің Allur компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан NOVA–Allur жобасы. Жоба аясында автомобильдердің лак-бояу жабынындағы ақауларды автомат­ты анықтайтын ЖИ жүйесі әзірленді. Ми­нистрлік осы тәжірибені өзге ЖОО-ларға кеңінен таратуға ниетті. 

Astana Motors компаниясының 6 инже­нер-маманы Сәтбаев университетінің док­торанттары ретінде жеңіл автомобильдерді өндіру және құрастыру кезеңдеріндегі сапа­ны бақылауды автоматтандырудың инже­нерлік шешімдерін әзірлеп жатыр. Сонымен қатар өндірістік процестерді оңтайландыру арқылы кәсіпорын өнімділігін арттыру бағытында жұмыстар басталған. 

Роботтандырылған өндіріс кадрсыз қалмайды: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Сәтбаев университетінде робототехника орталықтары ашылды. Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасында 500-ден астам студент автономды басқару, ЖИ, цифрлық егіздер, интеллектуалды көлік жүйелерін меңгеріп жатыр. 2025 жылы халықаралық серіктестер­мен SMART Driving Technology инженерлік орталығы құрылған.

Индустриялық PhD бағдарламасы осы байланысты тереңдетпек: 4 ЖОО-ның 13 докторанты автомобиль өнеркәсібіндегі нақ­ты инженерлік мәселелерді кәсіпорын­дардың өз базасында зерттеп жүр. Жалпы, техникалық ғылымдар бойынша бүгінде 839 жоба орындалып жатыр. «Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн», – деген Жолдаудағы Президент сөзі осындай жобаларда нақты көрініс табады.

Ғылымның халықаралық тынысы да кеңейеді: Қазақстанда 12 елдің жетекші университеттерінің 33 филиалы жұмыс істей­ді. Елде 37 мыңнан астам шетелдік сту­дент білім алды. «QS World University Rankings–2026» рейтингіне 20 қазақстандық ЖОО еніп, рекорд орнатты.

Ғылым мен өндірісті жалғайтын тағы бір тетік – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң. Соған сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың капиталдық салымда­рының 1%-ы ғылым мен технологияны дамытуға, Astana Hub технопаркіне бағыт­талады. Қазақстанда алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» құрылды. Президент тапсырмасымен 2023-2026 жылдары 44 жасқа дейінгі 800-дей жас ғалымға тегін пәтер берілген. 

Бұған қоса, ғылыми жетістіктерді ынта­лан­дыру тетіктері кеңейтілді: жыл сайынғы сияпаты қомақты «Үздік жас ғалым» сый­лығы тағайындалды. Гранттық бағдарла­ма­лар мен ғылыми конкурстар арқылы талант­ты зерттеушілерді қолдау жалғасты. Бұл ша­ралар елдің ғылыми әлеуетін сақтауға, жас­тар үшін ғылымды тартымды етуге, жаңа зерттеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Еңбек адамы еленген шақ

Еліміздегі әрбір еңбек жолы, әрбір еңбек­кердің төл табыс тарихы – мемлекеттің жарқын келешегінің іргетасы. Президент 2025 жылғы 5 қыркүйектегі Жолдауында: «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі!» – деді. 

Осы міндеттің үдесінен шығу үшін 2029 жылға қарай Қазақстанда сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионнан асыру, ал оның жалпы жұмыспен қамтудағы үлесін 45%-ға дейін арттыру жоспарланған. 2024 жылы сапалы жұмыс орындарымен 2 млн 473 мың адам қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 млн 885 мың адамға жетті. 2026 жылы 3 млн 85 мың сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарланған. «Сапалы жұмыс орындарына» жылына кемінде 6 ай тұрақты жұмыспен қамтитын, жалақысы өңірдегі медианалық жалақы деңгейінен төмен емес, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғау тетіктері қарастырылған жұмыс орындары жатады. 

Тұтастай алғанда, Еңбекминінің дере­гінше, Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында тамыздағы жағдай бойынша елімізде 388 512 адам жұмысқа орналасты. 2026 жылы жалпы 544 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұл ретте азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Жыл басынан бері 293 241 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Яғни биыл жұмыс тапқанның басым бөлігі ұзақмерзімді еңбекпен қамтылды. Тұрақты қызмет азаматтың табысын өсіріп, ертеңіне сенімді болуына жағдай жасайды. 

Жұмысқа орналасуға көмектесетін цифрлық қызметтердің ілгерілеуі де бұл ба­ғыттағы жұмысқа оң әсер етіп отыр. Элек­трондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, өзіне қолайлы жұмысқа өтініш бере алады. Жұмыс берушілер де қажетті қызметкерді іздей алады. 

ЖИ технологиялары арқылы азаматтар­ды жұмыс іздеуден жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейтін «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» Павлодар және Маңғыстау облыс­тарында енгізіле бастады. Жүйе тір­келген және тіркелмеген жұмыссыз азамат­тарды, NEET санатындағы жастарды да қам­тиды. Әр азамат үшін автоматты түрде жеке іс-қимыл жоспары түзіледі. Бос жұмыс орындары адамның кәсіби бейіні мен мүм­кіндіктеріне қарай іріктеледі. Ұсыныстар бар­лық облыс­тағы жұмыс орнын, қоныс ау­дару бағдарла­масы аясындағы мүмкін­дік­терді, ірі кәсіп­орындардағы бос орындарды ескереді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда адам капиталын дамыту – тек қана диплом алу не­месе жұмыс табу емес, бұл білім мен ғы­лымды өмір бойы серік етіп, жасанды интел­лектінің мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, инновацияның тізгінін берік ұстап, кез келген кәсіпті жан-тәнімен сүйіп атқарып, әрбір істе биік белеске жетудің біртұтас жолы. Осындай адал іс, әділ жол арқасында ел экономикасының тұрақты өсімі нығайып, технологиялық жаңару жеделдеп, жаңа инфрақұрылымдар өркен жаяды. Мұның бәрінің түпкі төркіні мен басты мұраты – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жаңа биікке көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімін нығайту.

Айхан ШӘРІП