Қазақстанда өткен жылы мұнай өндіру көлемі 99,5 миллион тоннаға жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған құттықтауында айтты.
Министрдің сөзінше, өткен жыл мұнай-газ саласы үшін рекордтық көрсеткіштермен ерекшеленген.
– Әрбір тонна мұнай мен әрбір текше метр газдың артында үлкен еңбек, жауапкершілік пен жоғары кәсібилік тұр. Күн сайын сіздер кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып келесіздер. Өткен жыл біз үшін рекордтық көрсеткіштермен ерекшеленді: мұнай өндіру көлемі тоқсан тоғыз бүтін бес миллион тоннаға жетті, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, елімізде мұнай өндірумен қатар оны өңдеу, мұнай-газ химиясы мен газ саласын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында 18,4 миллион тонна мұнай өңделген.
– Біз мұнай өндірумен ғана шектелмей, саланы кешенді түрде дамытып келеміз. Былтыр еліміздің мұнай өңдеу зауыттарында он сегіз бүтін төрт миллион тонна мұнай өңделді. Мұнай-газ химиясы мен газ саласын да дамытып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылуда. Табиғи газ қолжетімді болуда. Бүгінде елімізді газдандыру деңгейі алпыс төрт пайыздан асты. Он үш миллионнан астам азаматымыз табиғи газдың игілігін көріп отыр, – деді министр.
Ерлан Ақкенженов ел тұрғындарын газбен толық қамту алдағы негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – газбен еліміздің барлық тұрғындарын қамтамасыз ету. Осы жетістіктердің барлығы сіздердің арқаларыңызда мүмкін болды. Әрбір көрсеткіштің артында адамдардың білімі, тәжірибесі мен еңбегі тұр, – деді ол.
Сондай-ақ министр мұнай-газ саласының ардагерлеріне және бүгінде кен орындары мен зауыттарда еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс білдіріп, кәсіби мерекемен құттықтады.