The Telegraph басылымының ақпаратына сүйенген Aikyn.kz 4 миллионнан астам аудиториясы бар Good Good Golf айналасындағы даудың компанияның беделі мен іскерлік байланыстарына қалай әсер еткенін баяндайды.
Жанжал Good Good пен Callaway бірлесіп шығарған жаңа гольф таяқшасының жарнамасынан басталды. Видеода Good Good негізін қалаушылардың бірі Гаррет Кларк әріптесі Алексис Миестовски таяқшаға қол созған кезде оны жерге итеріп жібереді. Кейін Кларк оның үстінен төніп: «Менің жаңа таяқшама тиіспе», – дейді.
Жарнама әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдар оны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жеңіл қабылдайтын контент деп сынға алды.
Reclaim These Streets ұйымының тең құрылтайшысы Джейми Клинглер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әрбір үшінші әйел өмірінде зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны туралы дерегін келтіріп, Good Good-тың жас аудиторияға осындай мазмұн ұсынуын айыптады.
Даудың салдары компания басшылығына дейін жетті. Good Good-тың бас директоры Мэтт Кендрик қызметінен кетіп, оның орнына брендтің негізін қалаушылардың бірі Нахид Гига келді. Компания президенті қызметіне енді ғана кіріскен Джо Фланнери мен маркетинг бөлімінің басшысы Джеффри Лефковиц те қызметтерінен босатылды.
Компания үшін ең ауыр соққылардың бірі Callaway-мен серіктестіктің тоқтатылуы болды. Екі тарап 2023 жылдан бері бірге жұмыс істеген. Callaway бастапқыда даулы роликті мақұлдап, оны өзінің әлеуметтік желілерінде де жариялағанына қарамастан, кейін Good Good-пен байланысын үзді. Сондай-ақ компания тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысатын қайырымдылық ұйымдарына 1 млн доллар бөлетінін мәлімдеді.
Серіктестіктің тоқтауы Good Good үшін қаржылық тұрғыдан аса маңызды. Компания былтыр Callaway-мен бірлескен өнімдерін сату аясында 45 млн доллар инвестиция тартқан. Жанжалға дейін Кендрик «әлемдегі ең ірі гольф тауарлары компаниясын құрғысы келетінін» мәлімдеген еді.
Бұдан бөлек, Good Good-тың титулдық демеушілігінен PGA Tour бас тартты. Қарашада Остинде алғашқы Good Good Championship жарысын өткізу жоспарланған болатын. Енді сол жарыс басқа атаумен және жаңа демеушілермен ұйымдастырылмақшы. Golf Channel да Good Good-пен бірлескен бағдарламалар сериясын тоқтатты.
Компания өкілі соңғы дауға қарамастан, интернеттегі сауда көлемі өсіп жатқанын, инвесторлардың қолдауы сақталғанын және бұрынғы бөлшек сауда серіктестерімен болашақта қайта жұмыс істеуге мүмкіндік барын мәлімдеді.
Жарнамаға қатысты қоғам пікірі де біркелкі емес. Бірқатар ұйым оны әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде көрсету деп бағаласа, Good Good жанкүйерлері мен кейбір қоғам өкілдері серіктестердің реакциясын шамадан тыс деп санайды. Осылайша, бірнеше секундтық жарнама 4 миллионнан астам аудитория жинаған цифрлық брендті аз уақыт ішінде басшылық құрамын ауыстырып, негізгі серіктестерімен қарым-қатынасын қайта қарауға мәжбүр етті.