Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен жарысқа 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 43 спорт түрінен сынға түсті. Қазақстан атынан 155 спортшы өнер көрсетті.
Ойындар қорытындысында қазақстандық спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола – барлығы 74 медаль жеңіп алды. Осы нәтижемен Қазақстан жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Екінші орынға 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медаль иеленген Қырғызстан құрамасы тұрақтады. Үздік үштікті 7 алтын, 8 күміс және 21 қола жүлдесі бар Ресей түйіндеді.
Моңғолия 5 алтын, 3 күміс және 13 қоламен төртінші орын алса, Өзбекстан 4 алтын, 4 күміс және 11 қола медальмен бесінші орынға жайғасты.