Қазақстан жасөспірімдер құрамасының футболшысы Джан Ходжаоглу Түркияның «Галатасарай» клубына қалай ауысқанын айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
19 жасқа дейінгі командада өнер көрсететін қазақстандық футболшының айтуынша, «Галатасарай» – оның бала күнінен жанкүйер болған клубы.
– «Галатасарай» мен үшін – бала күнгі клубым. Олардың матчтарын «Сьонда» ойнап жүрген кезімде де үнемі көретінмін. Былтыр ғана теледидардан тамашалап, кумир санаған футболшылармен қазір аптасына бір рет бірге жаттығамын, – деді Ходжаоглу.
Футболшының клубқа ауысу процесі бір айға жуық уақытқа созылған. Оның ойынынан үзінділерді көргеннен кейін «Галатасарай» Ходжаоглуды сынаққа шақырып, бірнеше жаттығудан соң келісімшарт ұсынған.
Оның сөзінше, бапкерлер Қазақстанның U-17 құрамасындағы ойынына да назар аударған. Әсіресе допсыз қысым жасауы мен алаңдағы жағдайды алдын ала болжай білуі мамандардың көңілінен шыққан.
«Галатасарай» бапкерлері 186 сантиметр бойы бар Ходжаоглуды тірек жартылай қорғаушысы ретінде қарастырып отыр. Қазір ол маусым алдындағы дайындықты өткізіп алғандықтан, жеке жаттығулар арқылы бабына келіп жатыр.
Бұған дейін Джан Ходжаоглу Швейцарияның «Сьон» клубында өнер көрсетіп, 10 матч өткізген.