Төрт түлік малды айтқанда, алдымен жейтін ет, ішетін сүт, киетін киім, теріден жасалған күрте не аяқкиім көз алдымызға келетіні рас. Бірақ біз соның қазіргі таңда тек етін ғана жеп, сүтін ішумен шектелеміз. Өйткені, бізде тері өндеу, жүн түту, сонымен бірге ішек-қарын тазалау деген ескінің сарқыншағы сияқты болып барады. Қойдың терісі мен жүнін қазақ халқы тұрмыс-тіршілігінде көп қолданған. Ата-бабамыз қастерлеген төрт түлік малының терісі мен жүнінен киім тігіліп, киіз басылып, сан түрлі ыдыстар мен жауынгерлік бұйымдардың бөлшектері дайындалған. Бүгінде осы дәстүрді көздің қарашығындай сақтап келе жатқан бірен-саран қарттар болмаса, жүн мен терінің қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ сияқты. Кезінде соншалықты құнды болған материал бүгінде шыбын жеп, құрттап далада жатыр. Жақында ғана құрбан айтты дүркіретіп өткіздік. Әр қалада арнайы орындар белгіленіп, құрбандық сол жерлерде шалынды. Орынды. Дегенмен, әттеген-айы да болды. Әлеуметтік желідегі фейсбук парақшасына Дарын Нұрсапар деген қолданушы «қойлокост» деген атпен құрбандық шалынып жатқан орынның фотосын салды. Артынан пікірталас басталып кетті. «Бұл қай жер? Қарағандыда тері рәсуа болмай оны да өткізіп жатушы еді». «Теріні жинап жүрген жігіттер болды. Бірақ бәріне үлгермеді. Жеті-сегіз қой сойып қайттық». «Айт қабыл болсын! Қойдың қайран терісі-ай. Осы кезде үйіліп қала сыртындағы полигонда жатқан шығар. Жүн мен теріні іс қылуды мүлде қойдық қой». «Дәстүрдің озғаны бар, тозғаны бар деуші еді». Ия, суретке мал сойылған жердегі қазылған ор түсірілген, оның іші құрбандыққа шалынған малдың қанымен ғана емес, тері және ішек қарынға да толып кеткен екен. Бұл да бір ысыраптың нақты белгісі болса керек. Нұр-Сұлтан қаласында да құрбандық шалған адамдар көп болды. Елорданың мал базарындағы сауда қызу жүрді. Қызмет түрін ұсынғандардың қарасы да көп. Мұнда сойылған малдың терілері мен ішекқарындарын бірден жүк көлігіне қотарып, арнайы жерлерге шығарып отырды. Дегенмен, сол қоқыстың ішінен ішекті алып тазалап жатқандар да болды. Оны не үшін алып жатқанын сұрағанда, пайдалы бір кәсіптің бар екенін мәлімдеген. «Бұл – өте тиімді кәсіп. Мысалы, құрбандық шалған адамдар мына ішектерді лақтырып тастайды. Біз соның бәрін тазартамыз да, буып-түйіп, шетелге жібереміз. Ол жақта кетгут, яғни медициналық жіп жасайды. Онымен хирургтар адамның ішкі ағзаларын тігеді, артынан кетгут өзі таралып кетеді. Бұдан бөлек, ішектен шұжықтың сыртын орайтын материалдар жасалады», – дейді ішек теріп жүрген жігіт.
Біз жиіркеніп, аршу тұрмақ, ұстамай ғана қоқысқа лақтыра салатын ішектерді шетелге өткізу қолға алынған. Осы ішекті пайдалану технологиясын үйреніп, өзімізде зауыт ашса да болар еді-ау. Дәл сол күндері қанша тонна осындай пайдаға асар құнды тері мен ішек-қарын қоқысқа кетті десеңізші. Бізде қазір таза теріні пайдаланып, аяқкиім, күрте, кәдесый, әмиян, белдік жасайтын цех, фирмалар көбейіп келеді. Яғни отандық өнімге сұраныс бар. Бірақ өңделген тері шетелден әкелінеді. Бізде тері өңдейтін мекемелер жоқтың қасы. Өйткені ол ауыр жұмыс деп есептеледі.Сондықтан қиындықтан қашқандар, сол теріні шетке өткізе салғанды жақсы көреді. Сол тері шет елге тиын болып барып, бағасы бірнеше мәрте өсіп қайта өзімізге өңделіп оралады. Сонымен бірге, жүнді пайдалану да ұмытыла бастады. Жүн сабау ойын-сауықпен өткенін, оюлы киіздің текемет, сырмақ деп екіге бөлінетінін де білмейміз. Кілем тоқуды да «қоқысқа» тастадық. Шетпұшпақ өлі жүндер, жабағы жүн, жылқы қылы, түйе жүні пайдаланылып, арқан, жіп есілу тәсілі де құрдымға кетіп барады. Есіп жасалатын арқан, желі, ноқта, құрық бау, бұйда, шылбыр, тізгінді де ұмыттық. Иә, біз барды пайдалана алмай отырмыз. Бір ғана мал өндірісі саласында қыруар қаржы тауып, кәсіп көзін ашуға мүмкіндігіміз мол бола тұра, қиындығынан қашып, оңайына жүгіреміз. Айтатын болсақ, біздің қазіргі сиқымыз осы. Барымыздан мүлдем айырылмай тұрып, төрт түлік өнімін пайдалану туралы жедел бағдарлама жасалса құба-құп! Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ