Атырауда ауадағы ластаушы заттар мөлшері бірнеше есе артқанын зерттеулер дәлелдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Енді Атырау мұнай өңдеу зауытына кешенді тексеру жүргізіледі.
Бұл туралы Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ластаушы заттардың шекті концентрациядан асу фактілері түнгі және таңғы уақытта жиі тіркелген. Дәл осы кезеңде қала тұрғындары да жағымсыз иіске шағымданып отыр.
«Шекті концентрациядан асу фактісі бар. Ол тіркелді. Негізінен мұндай ластану түнгі және таңғы уақытта байқалып отыр. Екі күн жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижесінде кейбір ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есеге жоғары екені анықталды», – деді Асқар Жүсіпов.
Ластану фактілері AirKZ қосымшасы мен «Қазгидромет» мәліметтерінде де көрсетілген.
Департамент басшысының сөзінше, 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Атырауда жел негізінен оңтүстік-шығыс және оңтүстік бағыттан соққан.
«Осы бағытта орналасқан ластаушы көздердің бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты болып отыр», – деді ол.
Экология департаменті алдағы уақытта АМӨЗ-ге кешенді тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Тексеруге тәуелсіз сарапшылар, технологтер, экологтер және санитариялық-эпидемиологиялық сала мамандары тартылмақ.
Сонымен қатар бұған дейінгі тексеру нәтижесінде зауытқа 520 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны айтылды. Қазіргі уақытта АМӨЗ бұл шешімге сот арқылы шағымданып жатыр.
Экологтер зауыттың экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау мерзімдерін қысқартуды талап етіп отыр. Атап айтқанда, негізгі өндірістік нысандарды, соның ішінде ЭЛОУ-АВТ-6 және буландыру тоғандарын жаңғырту мерзімін 2036 жылдан 2030 жылға дейін қысқарту мәселесі көтерілген.
Қазіргі уақытта АМӨЗ-ге кешенді экологиялық рұқсат беру процесі тоқтатылған. Құжаттар қарау кезеңінде.
Баян Жанұзақова