Қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке компанияларға бере алады

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа ережелері күшіне енді.

Бүгіннен бастап азаматтар зейнетақы жинағының 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға бере алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған дейін салымшылар жинағының 50%-ын ғана жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алатын. Енді бұл шектеу алынып тасталды. Азаматтар компаниялардың инвестициялық нәтижелеріне қарай қаражатын кімге басқаруға беретінін өздері таңдайды.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарын басқарудың консервативтік, қалыпты және тәуекелі жоғары стратегиялары қарастырылған.

БЖЗҚ мәліметінше, консервативтік портфель барлық салымшыға қолжетімді. Қалыпты портфельді зейнетке шығуына үш жылдан астам уақыт қалғандар, ал тәуекелі жоғары портфельді зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған азаматтар таңдай алады.

Алайда қазір бір басқарушы компанияның ішінде бірнеше стратегияны таңдау мүмкіндігі жоқ. Әр компания әзірге белгілі бір портфель түрін ғана ұсынып отыр.