Осы орайда бұл салада ұзақ жыл мазмұнды жұмыс істеп, баянды бастамалар мен іргелі істерді қолға алып келген бүгінгі Құрылтай депутаттары Бегалы Ералиев пен Бауыржан Жамалов мұнайшылардың еңбегіне ел назарын аударды.
Депутаттардың айтуынша, мұнайшы мамандығы – маңдай термен келетін абыройлы кәсіп. Сондықтан осы салада табанды тер төгіп жүрген жұмысшылардың ерен еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Қазақстанда қыркүйек айының бірінші жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді. 2026 жылы кәсіби мереке 6 қыркүйекке сәйкес келеді. Бұл күн мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегін құрметтеуге арналған.
Мұнай-газ саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, энергетикалық қауіпсіздігіне және өндірістік әлеуетінің артуына елеулі үлес қосып отырған стратегиялық маңызды салалардың бірі. Мұнай мен газды өндіру, өңдеу, тасымалдау және халыққа жеткізу бағыттарында мыңдаған маман күн сайын жауапты қызмет атқарып келеді.
Бұл саладағы әрбір жетістіктің артында жоғары кәсібилік, мол тәжірибе, жауапкершілік және тынымсыз еңбек тұр. Кен орындарында, өндірістік кәсіпорындарда, мұнай өңдеу зауыттарында және газ инфрақұрылымы нысандарында қызмет атқаратын мамандар еліміздің тұрақты дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Соңғы жылдары Қазақстанда мұнай өңдеу, мұнай-газ химиясы және газ саласын дамытуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы еліміздің мұнай өңдеу зауыттарында 18,4 млн тонна мұнай өңделіп, газдандыру деңгейі 64 пайыздан асқаны хабарланды.
Бекбол АМАНГЕЛДІ