Ұлт ұстазының мерейтойы аталып өтті

«Әділет» партиясы ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлының 154 жылдығына ерекше көңіл бөлді.

Партияның өңір-өңірдегі филиал өкілдері Алаш қайраткерінің өлеңдерін, нақыл сөздерін оқып, мектепке арналған оқу құралдарының қалай қалыптасқаны жайында танымдық материалдар жариялады. 

Партия бұған дейін де сайлауалды бағдарламасында инновациялар арқылы мемлекеттік тілді дамыту, «Оқырман ұлт» бағдарламасын ілгерілету және «Адал азамат» құндылықтарын орнықтыру шараларын мақсат етіп алған. Соған байланысты партия өкілдері ұлт ұстазының ел арасында кең тараған өсиетін оқырман-көрермені үшін тағы бір еске салды. 

«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек». Ахмет Байтұрсынұлы осындай өсиет қалдырды. Осы өсиет баршамызға ортақ жасампаздыққа, бірлік пен дамуға сенімді серпін береді!

Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі болды. 

Ол қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалыптастырып, ұлттық жазуды жетілдіруге және ана тілінде білім берудің дамуына зор үлес қосты. Ағартушының «Әліппе», «Тіл-құрал», «Қырық мысал», «Маса» сияқ­ты еңбектері қазақ халқының рухани-мәдени мұрасында айрықша орын алады. Ахмет Байтұрсынұлы, сондай-ақ «Қазақ» газетінің редакторы ретінде ұлттық бас­пасөздің қалыптасуына ықпал етіп, ха­лықты білім мен ғылымға, мәдениетке ұмтылуға үндеді. «Зат есім», «сын есім», «етістік», «бастауыш» және «баяндауыш» сияқты сөздер оның мол ғылыми мұра­сы­ның бір бөлігі ғана. Ғасырдан астам уа­қыт өтсе де оның қазақ тіл біліміндегі қос­қан үлесі әлі жыл сайын жаңғыра бермек. 

Алаш қозғалысының көрнекті өкілі ретінде елдің азаттығы мен ұлттық мүддесі жолында қызмет етті. Ұлт ұстазының ғылым, ағарту және ұлттық мәдениет саласындағы мол мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды рухани құндылық болып қала бермек.

Осы орайда ғалымның құрметі үшін есімі берілген Орал қаласындағы №10 жалпы орта мектептің тарихы назар аударарлық. Мектеп 2008 жылы ашылған. Бүгінде білім ордасында оқушыларға сапалы білім берумен қатар, ғалымның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға ерекше мән беріледі. Мектептің тарих пәні мұғалімі, мектепішілік музейдің жетекшісі Тілеген Есентемировтің айтуынша, білім ордасына Ахмет Байтұрсынұлының есімінің берілуі – үлкен мәртебе әрі мақтаныш.

«Ахмет Байтұрсынұлының есімін иелену – біз үшін үлкен мақтаныш. Мектеп ұжымы мен оқушылары ұлт ұстазының мұрасын дәріптеп, оның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуге атсалысып келеді», – дейді ол.

№10 мектеп кейінгі жылдары білім саласында бірқатар жетістікке қол жеткізіп келеді. Соның бірі – 2026 жылы республикалық олимпиадалық сайыста мектеп командасының үздік үштіктен көрініп, III орын иеленуі. Бұл – ұстаздар еңбегі мен оқушылардың білімге деген ұмтылысының нәтижесі. Ұлт ұстазының есімімен аталатын білім ордасы – оның мол мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа өнеге етіп келе жатқан қара шаңырақ. 

Сол секілді Қызылорда қаласында да көруге тұрарлық шара өтті. Зерттеушінің туған күніне орай партия қызметкерлері мен партияның белсенді жастары Ахмет Байтұрсынұлының тағылымды ойларын назарларыңызға ұсынды. Олар онысын әлеуметтік желілерге жариялаған. 

Ал Жамбыл облысында осы айтулы күнге орай «Әділет» партиясы филиалы өкілдері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен ғылыми-ағартушылық мұрасын тереңірек таныту мақсатында доцент, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашевпен арнайы сұхбат ұйымдастырды. Ғалым сұхбат барысында Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының қалып­та­суына қосқан үлесі, ағартушылық қызметі және ұлт болашағына қатысты ұста­ным­дары туралы көпшілікке беймәлім тың деректермен бөлісті.

Бекбол АМАНГЕЛДІ