Әсіресе бюджет тапшылығы ұлғайып, мемлекеттік қарыз көбейген сайын, сынның да салмағы арта түсетіні түсінікті. 2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы жарияланғаннан кейін де осындай пікірлер көбейді.
Кейбір сарапшылар мен қоғам өкілдері бюджет кірісінің жоспарға жетпеуін биылғы салық реформасынан көріп, онысын реформа ел күткен нәтижені бермей жатыр деген оймен бекіткісі келеді. Шынында да, сандарға қарасақ, осы ойға жетелейтіндейі бар-ақ. Жеті айда республикалық бюджетке 12,36 триллион теңге кіріс түскен. Бұл жоспардың 99 пайызына жуық. Ал бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгеге жеткен. Оны жабудың негізгі тетігі бұрынғыдай – мемлекеттік қарыз алу. Тіпті, келесі жылы мемлекет шығыны шамамен 29 триллион теңге, ал кіріс 25,4 триллион теңге деңгейінде жоспарланып отыр. Соған сәйкес бюджет тапшылығы 4,5 триллион теңге шамасында болады. Ал мұнайға қатысты түсімдерді қоспасақ, тапшылық 10 триллион теңгеден асуы мүмкін деген есеп бар. Дефицитті өтеудің амалы деп тағы қарызға кіріп жатсақ, таңғалатын жайт емес.
Оның сыртында қарыздың өзі тұрмақ, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығыны да өсіп келеді. Жеті айдың өзінде қарыз бойынша пайыз төлеуге 2,4 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Осы көрсеткіштердің өзі-ақ бюджет саясатына сын айтуға жеткілікті себеп сияқты. Алайда экономист Ғалым Құсайыновтың пікірінше, мәселенің байыбына бармай тұрып, мұндай қорытынды жасауға асықпау керек. Оның айтуынша, бюджет көрсеткіштерін тек жоспармен салыстырып, содан кейін «салық реформасы нәтиже бермеді» деген тұжырым жасау экономикалық тұрғыдан дұрыс емес.
Салық көлемі артқан
Экономиканың қарапайым қағидасы бар, кез келген жоспар белгілі бір болжамдарға сүйеніп жасалады. Ал болжам дегеніңіз өзгермейтін, қатып қалған қағида емес. Бюджетті жоспарланған кезде инфляция қандай болады, мұнай мен металдың бағасы қай деңгейде қалыптасады, ұлттық валюта қанша тұрады, экономикалық белсенділік қалай өзгереді деген секілді ондаған фактор есепке алынады. Бірақ соның бәрі бір жылдың ішінде бастапқы болжамнан ауытқуы мүмкін. Сондықтан Құсайынов бюджет кірісін бағалағанда жоспардан қанша пайызға ауытқығанына ғана емес, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған жөн деп есептейді.
Бұл жерде көрініс мүлде басқаша көрінеді. 2026 жылдың алғашқы жеті айында салық түсімдері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Яғни мемлекет қазынасына түсетін салық көлемі қысқарған жоқ, керісінше айтарлықтай артқан. Мұның өзі «салық реформасы бюджет кірісін құлдыратты» деген қарапайым тұжырымның асығыс екенін көрсетеді.
Бірақ мұнда ұлттық валютаның бағамы дейтін тағы бір маңызды фактор бар. Былтыр алғашқы жеті айда АҚШ ақшасының орташа бағамы шамамен 514 теңге болса, биыл осы кезеңде ол 484 теңге шамасында қалыптасты. Бір қарағанда, мұның бюджетке қандай қатысы бар деген сұрақ тууы мүмкін. Шын мәнінде, тікелей байланысты дүние. Қазақстандағы бірқатар салық түсімдері импортқа, сыртқы саудаға, экспорттық тауарлардың бағасына және валюталық есептеулерге байланып қалған. Демек, теңгенің нығаюы бюджетке түсетін түсімдердің теңгелік көлеміне әсер етеді.
Ғалым Құсайыновтың есебінше, ұлттық валютаның нығаюы бюджет кірісін шамамен 400 млрд теңгеге азайтқан. Егер теңге былтырғы деңгейде болғанда, салық түсімдерінің жылдық өсімі қазіргі 17 пайыздың орнына шамамен 20 пайыздай болар еді. Бұл да «бюджет жоспарының орындалуына кері әсер еткен салық реформасы екен» деп сөйлеуге кереғар дерек.
Бюджеттегі жағымсыз көрініске экономиканың сыртқы жағдайы мен валюта бағамы да өзіндік «үлесін» қосып отыр. Бұл әсіресе қосылған құн салығынан анық байқалады. ҚҚС түсімі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 39 пайызға өскен. Алайда жоспар толық орындалмаған. Сырттай қарағанда, бұл қарама-қайшылық сияқты. Қалайша салық 39 пайызға өсіп тұрып, жоспар орындалмай қалады?
«Мәселе жоспардың қандай бағаммен және қандай экономикалық болжаммен жасалғанында болып тұр. ҚҚС бойынша жоспардан қалған 457 млрд теңгенің шамамен 300 млрд теңгесі теңге бағамының нығаюынан келді. Демек жоспардан ауытқудың негізгі себебін салық реформасының кесірінен көру қисынсыз», – дейді экономист.
Оның сөзінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жағдай да осыған ұқсас. Жоспардан белгілі бір көлемде төмен түскенімен, мұнда да валюта бағамының әсері бар. Бұл жерде бір маңызды жайт бар. Ұлттық валюта күшейген сайын экспорттаушылардың теңгелей табысы өзгереді. Ал олардың пайдасы азайса, бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығы да төмендеуі мүмкін. Яғни бір көрсеткішті бөліп алып қарағанда, мәселе салық жүйесінде сияқты көрінеді. Ал оның ар жағындағы валюта қозғалысын есепке алғанда, мүлде басқа картина көреміз.
Өңірлер кірісі неге қысқарды?
Мәселенің тағы бір қызық жері – жергілікті бюджеттер. Бұл жерде сын айтушылар салмақты уәж келтіреді. Кейбір жергілікті түсімдерде шынымен төмендеу байқалады. Бірақ Ғалым Құсайынов мұнда да жағдайды жіктеп қарауға үндейді. Мәселен, жеке табыс салығының өзі төмендеген жоқ. Керісінше, жеті айда оның көлемі шамамен 1 пайызға өскен. Алайда инфляция мен жалақы қорының өсуін есепке алғанда, оның өсімі әлдеқайда жоғары болуға тиіс еді.
Экономист тағы мына жайға назар аударады. Жалпы салық түсімдеріндегі республикалық бюджеттің үлесі 60-тан 66 пайызға дейін өскен. Бұл – маңызды көрсеткіш. Өйткені салық реформасы тек «қанша ақша жиналды?» деген сұрақпен шектелмейді. «Ақша қайда жиналды?» деген де жағы бар. Бұл жерде салық реформасы бюджет кірісін мүлде жойып жіберген жоқ. Керісінше, салық базасының бір бөлігі орталық бюджетке көбірек шоғырланған.
Бұл жағдайда, бір жағынан, республикалық бюджет нығаяды. Екінші жағынан, жергілікті бюджеттердің кірісі азаяды. Соның салдарынан облыстар мен қалалар Астанадан келетін ақшаға иек арта беруі мүмкін. Демек, мәселе салық реформасының «жақсы» немесе «жаман» болғанында ғана емес. Бюджеттер арасында қаржы бөлінісі қалай болып жатыр? Соған да қарап қою керек.
Жергілікті бюджеттердегі өзгерістің тағы бір себебі – шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы төмендеген. Оны да жалғыз себеппен түсіндіру қиын. Салық жүйесіндегі реформа арқылы бизнестің салықтан жалтару немесе ірі бизнестің салық жүктемесін ұсақ компанияларға бөліп тастау мүмкіндігі біраз шектелді. Мұндай шаралар қысқа мерзімде кейбір компаниялардың қызметіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан корпоративтік табыс салығының толық картинасын жеті айдың нәтижесімен бағалау ертерек.
Әрине, мұның бәрі бюджет тапшылығы мәселесін жоққа шығармайды. Жеті айда республикалық бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігі мемлекеттік қарыз алу есебінен жабылып отыр. Алаңдатарлық мәселе екені сөзсіз. Өйткені қарыз көбейген сайын оны өтеу ғана емес, оған қызмет көрсету шығыны да артады. Қазірдің өзінде бюджеттен қарыз пайызына триллиондаған теңге бөлініп отыр. Сондықтан бюджетке қатысты сын айтылуы да керек. Бірақ сынның өзі дәлелді болғаны дұрыс. Бюджет тапшылығы бар екен деп барлық мәселені салық реформасына тіреу – экономикалық процестерді тым қарапайым түсінікке салумен бірдей. Өйткені бюджетке әсер ететін фактор көп, әлгінде айтып кеткен мұнай мен валюта бағасы, одан қалды, инфляция, импорт, экономикалық белсенділік дегендер бар.
2026 жылдың жеті айының қорытындысы, бір жағынан, бюджет тапшылығы мен қарыз жүктемесінің сақталып отырғанын көрсетті. Екінші жағынан, салық түсімдері өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін де байқатады. Демек, «бюджет орындалмады» деген бір ғана сөйлем бүкіл жағдайды сипаттап бере алмайды. Жоспардың орындалмауы мен кірістің азаюы – екі бөлек нәрсе. Ғалым Құсайыновтың негізгі уәжі де осында.
Ербол ТҰРЫМБЕТ