Мектепке жетер жолдың машақаты көп

Бала үшін мектепке баратын жол – үлкен өмірге бастайтын алғашқы соқпақ. Қоңырауға асыққан оқушының таңғы сапары сырт көзге күнделікті қалыпты көрінуі мүмкін.

Алайда ауыл баласы үшін бұл жол кейде ондаған шақырымға созылады. Өйткені елді мекенде мектеп болмаса, оқушы көрші ауылдағы білім ошағына қатынауға мәжбүр. Мұндай жағдайда баланың білім алуға деген конституциялық құқығын қамтамасыз етумен қатар, оның мектепке қауіпсіз жетуі де аса маңызды. Себебі бала үшін білім ошағына апаратын жолдың қауіпсіздігі – оқу сапасынан бөлек қарауға болмайтын мәселе.

Абай облысында бұл бағыттағы жұмыс ауқымды. Бүгінде өңірдегі мектебі жоқ 121 ауылдық елді мекенде тұратын 3 199 мектеп жасындағы бала күнделікті тасымалдайтын көлікпен қамтылған. Яғни мыңдаған оқушы таңертең үйінен шығып, білім алу үшін басқа елді мекенге қатынайды. Олардың әрқайсысы үшін мектепке жетудің қауіпсіз әрі қолайлы болуы – аса маңызды.

109 автобус жұмылдырылды

Оқушыларды тасымалдауға бүгінде 109 автобус жұмылдырылған. Оның 94-і мектептердің балансында болса, 15 автобус келісімшарт негізінде жалға алынған.

– Барлық көлік техникалық байқау­дан өтіп, балаларды тасымалдауға да­йын, – дейді Абай облыстық білім бас­қармасының басшысы Айжан Құрманова.

Бұл көрсеткіштер ауыл баласына жағдай жасау бағытындағы жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады. Дегенмен кез келген техниканың уақыт өте келе тозатыны белгілі. Ал балалар тасымалындағы бұл мәселенің салмағы тіпті бөлек. Өйткені автобустың техни­калық жарамдылығы – жай ғана ша­руашылық қажеттілік емес, адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты фактор. Соңғы екі жылда оқушыларды тасымалдау үшін облысқа қосымша 17 көлік, оның ішінде 12 микроавтобус пен 5 автобус сатып алынған. Бұл – қолданыстағы автопаркті жаңартуға жасалған нақты қадам.

Алайда атқарылған жұмыс мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта мектептердің балансындағы 42 автобустың пайдалану мерзімі аяқталған. Демек, алдағы кезеңде оқушыларды тасымалдауға арналған көлік паркін жаңарту – кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Осы мәселені шешу мақсатында 2026 жылы облыс бойынша 50 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Жаңа көліктер өңірдің аудандары мен қалаларына, сондай-ақ облыстық білім беру ұйымдарына бөлінбек.

Бұл – жай ғана автопаркті жаңарту емес. Бұл – ауыл баласының мектепке жетер жолын қауіпсіз етуге бағытталған нақты инвестиция. Дегенмен мектеп автобусының жаңа болуы баланың қауіпсіздігіне толық кепілдік береді деу аздық етеді. Қауіпсіздік – техниканың жарамдылығынан бастап жүргізушінің жауапкершілігіне, маршруттың жағда­йынан жолдағы тәртіпке дейінгі бірнеше буыннан тұратын жүйе.

Осыны ескерген Абай облысының полиция қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне ерекше назар аударуда.

Құқық қорғау органдары мектеп автобустарының техникалық жағдайын, жүргізушілердің құжаттарын, медициналық тексеруден өтуін және балаларды тасымалдауға қойылатын талаптардың сақталуын тексеруде, – дейді Абай облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жасұлан Байкенов. Сонымен бірге жүргізушілердің белгіленген жыл­дамдық режимін сақтауына, оқу­шыларды автобусқа отырғызу және түсіру тәртібіне ерекше мән беріліп отыр. Бұл тек оқу жылының алғашқы күндеріне арналған науқандық шара болмауға тиіс. Өйткені мектеп автобусы күн сайын бір емес, ондаған баланың өмірі мен қауіпсіз­дігіне жауап береді.

Полиция қызметкерлері жүргізу­шілермен және білім беру ұйымдарының өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Мұндай ша­ралардың басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларына жол бермеу, қауіпті жағ­дайлардың алдын алу және балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талап­т­а­рының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету.

Мектеп автобусының есігінен аттаған әр бала – ата-ананың ең қымбат аманаты. Сондықтан ата-ананың көңіліндегі басты сұрақ та біреу:

«Балам мектепке аман барып, сабақтан кейін үйіне орала ма?» Бұл сұраққа нақты жауап беру – білім беру саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Автобустың техникалық жағдайы жақсы болуы мүмкін. Бірақ жүргізуші жол ережесін сақтамаса, оның қауіпсіздігіне күмән туады. Бағыт белгіленгенімен, қысқы боран мен көктайғақ ескерілмесе, тәуекел артады. Сол себепті балаларды тасымалдау жүйесі автобус сатып алумен ғана шектелмеуі керек. Әсіресе қысы қатаң өңірлер үшін бұл мәселенің маңызы айрықша. Қарлы боран, көктайғақ, жолдың уақытша жабылуы сияқты табиғи факторлар ауыл оқушы­ларының қаты­науына тікелей әсер етеді. Сондықтан бағыттар алдын ала сараланып, ауа райы жағдайы ескеріліп, төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету алгоритмі нақты болуы қажет.

Балалардың қауіпсіздігіне ата-ана­ның өзі де атсалыса алады. Полиция маман­дары ата-аналарға балаларға автобус­та­ғы негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру­ді еске салады. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тағу, автобус қоз­ғалысы кезінде орнынан тұрмау, салонда тәртіп сақтау және жүргізушінің назарын алаңдатпау – қарапайым болғанымен, маңызы зор талаптар.

Ауыл мен қала баласының мүмкіндігі тең бе?

Ауыл – елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды бөлігі. Ал ауылдың бо­ла­шағы – бүгінгі мектеп оқушысы. Сон­дықтан ауыл баласының сапалы білім алуына жағдай жасау – елдің ертеңіне жасалған инвестиция. Елді мекенде мектептің болмауы баланың білім алуына кедергі болмауға тиіс. Керісінше, мемлекет сол олқылықтың орнын қауіпсіз әрі тұрақты тасымалдау жүйесі арқылы тол­тыруы қажет. 121 ауыл­дағы 3 199 ба­ланың күн сайын мектепке қатынауы – мәселенің ауқымын айқын көрсетеді. Бұл – мыңдаған баланың тағдыры, мыңдаған отбасының сенімі мен үміті.

Сондықтан 2026 жылы жоспарланған 50 жаңа автобус цифрлық есептегі кезекті көрсеткіш болып қалмауы керек. Оның әрқайсысы ауыл баласының мектепке апарар жолындағы қауіпсіздік кепіліне айналуға тиіс.

Бұл ретте полицияның тұрақты бақылауы, білім беру ұйымдарының жауапкершілігі, жүргізушілердің тәртібі және ата-аналардың түсіндіру жұмыстары бір-бірін толықтыруы қажет. Сонда ғана оқушы тасымалы қауіпсіздіктің тұтас жүйесіне айналады.

Біз көбіне ауыл мектебі туралы сөз қозғағанда білім сапасын, мұғалім тапшылығын, мектептердің материалдық-техникалық жағдайын алға тартамыз. Бұл мәселелердің барлығы маңызды. Бірақ білімге апарар жолдың өзін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бала мектепке жеткенде ғана сабақ басталады. Ал оның мектепке жету жолы қауіпсіз болғанда ғана ата-ананың көңілі орнығады. Ауыл мен қала баласының білім алуға мүмкіндігі тең болуы керек десек, олардың білім ошағына жету жағдайы да бірдей деңгейде қорғалуға тиіс. Шалғай ауылдағы оқу­шының қауіпсіздігі облыс орталығындағы баланың қауіпсіз­дігінен кем болмауы керек.

Мектеп автобустарына бақылаудың тұрақты жалғасуы да осы мақсатқа бағытталған. Мұндағы негізгі меже – жол-көлік оқиғаларына жол бермеу, қауіптің алдын алу және әр баланың сабақтан кейін үйіне аман-есен оралуын қамтамасыз ету.

Бір бала – бір үміт. Бір автобус – сол үмітке апарар жолдың қауіпсіздігі.

Ауылдан басталған сол жол баланы мектепке, білімге, болашаққа жетелейді. Ендеше сол жолдың әрбір шақырымы қауіпсіз болуы – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы