Еңбек қауіпсіздігі – елдік мәселе

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде «Еңбек күні» атап өтіледі. Биыл мерекеге орай Еңбекмині Астанада форум өткізбек: онда «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен мемлекеттік награда иеленген жұмысшылар салтанатты түрде марапатталады.

Бұл дұрыс. Бірақ қарапайым еңбеккер үшін күнделікті жұмыс орнының қауіпсіз болуы әлдеқайда маңызды. Министрлік жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігін сақтамағаны үшін биыл 500 мыңнан аса хабарлама жіберіпті. Осының өзі саланың әлі де қордаланған түйткілге толы екенін аңғартады. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында тілге тиек еткен болатын. «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі», – деген еді Президент.  Осыдан-ақ еңбек қауіпсіздігінің, жұмысшылардың құқығын қорғаудың маңыздылығын сезіне аламыз.

Еңбек адамының өлшеусіз үлесін ел алдында ұлықтаудың өз салмағы мен маңызы бар. Бірақ өндіріс ор­нын­да бір жазатайым оқиғаның өзі адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жі­береді. Ендеше қарапайым ең­бек­кер үшін сахнадағы қошеметтен, кеу­дедегі төсбелгіден немесе қол­тық­­қа қыстырылған алғыс хаттан бұ­­рын қауіпсіздік техникасына қа­тыс­­ты темірдей тәртіп пен жұмыс ор­­­­нындағы жауапкершілік қымбат.

Бұл ретте «Әділет» партиясының сай­лауалды бағдарламасында жұмыс орындарының қауіпсіздігіне баса мән берілуі – қоғамның ең өзекті мә­селелерінің біріне жауап іздеген қа­дам. Бұл бағыт тұғырнаманың 3-ші мақ­саты ретінде белгіленген. «Жұ­мыс істеймін деген әр адамға жұмыс табылсын. Лайық жалақысы бар 1 млн сапалы жұмыс орнын құрамыз. Әр жұмыс орны – ресми еңбек шар­ты, қауіпсіз еңбек жағдайлары және нақ­ты зейнетақы аударымдары. Әр жұмыскердің құқығын қорғау үшін кә­сіпорындардың бәрінде еңбек қа­тынастарына цифрлық мониторинг жасалады», – делінген сайлауалды бағ­дарламада. 

Құжатта әр жұмыскердің құқығы қор­ғалуға, еңбек етіп жүрген әр адам қор­ғаулы болуға тиістігі нықталды. Еңбекақы, еңбек шарты және әлеу­мет­тік аударымдар – жұмыс беру­ші­нің таңдауы емес, әр қызметкерге бері­летін негізгі кепілдік. Партия бұл та­лаптардың кәсіпорынның көле­мі­не немесе жұмыспен қамту түріне қара­мастан баршаға бірдей міндетті болуына қол жеткізбек. Себебі  қауіп­тің үлкен-кішісі болмайды. Қауіп­сіздікке салғырт қараған шағын цех та, алып өндіріс орны да адам өмі­ріне бірдей қауіп төндіруі мүмкін.

Қазақстанның көшбасшы пар­тия­сы­ның сайлауалды бағдарламасында атап өтіл­гендей, мемлекет пен жұмыс беру­ші­нің міндеті – әр қызметкердің жұмыс ор­­­нындағы қауіпсіздігіне сеп болу. Мем­лекет енді өндіріс нысандарын аттестаттау жүйе­сінен кәсіптік қатерлерді бағалау жүйе­­сіне көшеді. Сол арқылы қауіп-қатер көз­дерін адам мертігіп не мерт болмай тұ­рып танып, олардың алдын алатын нақ­ты шараларды қолдануға болады. Қауіптің ал­дын алу – қайғылы оқиғаның салдарын сауат­ты жоюдан әлдеқайда өркениетті, әл­деқайда адамгершілікті жол.

«2031 жылға қарай өндірістегі жаза­тайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бе­рілген жұмыскерлер үлесін 90%-ға жет­кі­­­земіз. Жазатайым оқиғадан зардап шек­кен адамның отбасы сотқа жүгініп, ме­ке­ме жағалап жүрмей-ақ, лайық қолдауды дер кезінде алуға тиіс. Сақтандырудың қа­­­­терге қаратылған моделін енгіземіз. Ең­­бек қауіпсіздігіне инвестиция құятын жә­не жарақаттану үнемі азайтып оты­ра­тын жұмыс берушілерге төмендетілген та­рифтер мен сақтандыру бонустарын беру­ді қарастырамыз», – делінген «Әді­лет­тің» сайлауалды бағдарламасында. Яғ­ни қауіпсіздік мәдениеті жазамен ғана емес, жауапкершілікті ынталандырумен де орнығуы қажет. Осы және басқа өз­ге­ріс­тер еңбек қауіпсіздігін күшейтудің ке­­лесі реформасына тұғыр болмақ. 

Тәртіпсіздік құны – адам өмірі

Әйткенмен, еңбек адамдарының өмірі мен денсаулығын қорғау әлі де күн тәртібіндегі ең өткір мәселе екенін көрсететін ащы шындық бар. Күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­­нистрлігі мал шаруашылығы кәсіп­ор­нын­да бір топ адамның қаза болуына жұ­мыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анық­тады. Арнайы комиссия AQTOGAI MILK ЖШС-дағы топтық жазатайым оқи­ғаға жүргізілген арнайы тексерудің қо­­­рытындысын шығарды. Бұдан бұрын, 2026 жылғы 20 шілдеде Павлодар об­лы­сын­дағы AQTOGAI MILK кәсіпорнында ал­ты жұмысшы қаза тапқан еді.

Тексеру барысында кәріз құдығында жұ­мысшылардың бірі күкіртсутегінен улан­ғаны анықталған. Оған көмек көр­се­туге ұмтылған басқа жұмысшылар құ­дық­қа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құт­қаруға тырысқан алты жұмысшы кү­кір­т­сутегінің улау әсерінен қаза тапты. Ко­миссия жұмысшылардың қауіптілігі жо­ғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойы­нша тиісті оқудан өтпегенін, қажетті же­ке қорғаныш құралдарымен жабдық­тал­­мағанын әшкереледі.

Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұ­мыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішін­де авариялық жағдай туындап, құт­қару жұмыстары жүргізілген кезде қауіп­сіздіктің қажетті деңгейі де қамтамасыз етіл­меген. Демек, оқиға бір ғана күндегі қа­теліктен тумаған. Мұнда алдын ала оқы­ту, қорғаныш құралдары, қауіпсіздік тәр­тібі, авариялық жағдайға дайындық с­екілді бірнеше қорғаныс шебі қатарынан әл­сіреген. Ал еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – адам өмірін әр кезеңде қорғайтын тұтас жүйе болуға тиіс.

«Үкіметтік комиссияның жұмысы қо­рытындысы бойынша жұмыс беруші – AQTOGAI MILK ЖШС-ның кінә дәре­жесі 100 пайыз деп белгіленді. Арнайы тек­серу нәтижесінде жазатайым оқиғаның се­бептері мен мән-жайлары айқындалып, жауап­ты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сон­дай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта осындай жағ­дай­ларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзір­ленді», – деп түсініктеме берді ве­домство.

Министрлік Павлодар облысының және басқа да өңірлердің жұмыс беру­шілерін қауіптілігі жоғары жұмыс­тар­ды, оның ішінде құдықтарда, резервуар­лар­да және басқа да жабық кеңістіктерде жүр­гізілетін жұмыстарды қауіпсіз ұйым­дас­тыруға ерекше назар аударуға ша­қыр­ды. Еңбекмині кәсіпорындарды «жұ­мыс­шы­ларын қажетті жеке қорғаныш құрал­да­рымен қамтамасыз етуге, оларды жұ­мысты қауіпсіз орындау әдістеріне тиісті дең­­гейде оқытуға, сондай-ақ апаттық жағ­дай туындаған кездегі іс-қимылдарға жә­не құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын­дауға ерекше көңіл бөлуге» үндеді. Қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – жұ­мыс берушінің тікелей міндеті әрі жұ­мысшылардың өмірі мен денсаулығын қор­ғаудың негізгі шартының бірі. Бір құ­дықтың түбінде қалған алты өмір осы қа­рапайым ақиқаттың құны тым қым­бат­қа түсетінін көрсетті.

Бақылау бар жерде тәртіп бар

Мұндай жөнсіздіктер жекелеген кә­сіп­орынмен шектелмейтінін өндірістік жа­рақат статистикасы паш етті. Еңбек ми­нистрлігінің Еңбек инспекциясы ко­ми­теті еліміздің барлық өңіріндегі 500 мың­нан астам жұмыс берушіге еңбек қауіп­сіздігі мен еңбекті қорғауды күшейту бойын­ша ұсыным-ескертпе жолдады. Ве­домство бұл шара профилактикалық жұ­мыстың тиімділігін арттыруға, жұмыс орын­дарындағы тәуекелдерді уақтылы анық­тауға, еңбек қызметіне байланысты жа­затайым оқиғалардың алдын алуға ба­ғытталғанын мәлімдеді.

2026 жылдың бірінші жарты­жыл­ды­ғын­да ел кәсіпорындарында 727 жұмысшы зар­дап шекті. Өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,5%-ға күрт өскен. Ауыр жарақат алған жұ­мысшылар саны 409-дан 476 адамға же­тіп, бірден 16,4%-ға ұлғайды. Әр сан­ның артында жұмысшының денсаулығы, от­басының тағдыры, тіпті кейде бүкіл әу­леттің әлеуметтік жағдайы тұр.

Өндірістік жарақаттанудың негізгі се­бептері белгілі. Еңбекминінің түсін­діруін­ше, жұмыстарды қауіпсіз орындауды тиісті деңгейде ұйымдастырмау, қауіп­сіз­дік талаптарының сақталуына бақылау жа­самау, ақауы бар жабдықтарды пай­да­лану, қауіптілігі жоғары жұмыстарды орын­дау кезінде талаптарды бұзу – негізгі се­бептердің қатарында.

Бұдан бөлек, нұсқамалар өткізуге, жұ­мысшыларды оқытуға формалды қарау, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеу немесе оларды пайдаланбау, жұмыс орындарының жағдайына жеткіліксіз бақылау жасау да жазатайым оқиғалардың туындауына ықпал етеді. Демек, мәсе­ле­нің түп-тамыры көбіне жаңа, күрделі тех­­­н­ологияның тілін білмеуден емес, қа­ра­­пайым тәртіптің сақталмауынан шы­ға­ды.

Сондықтан Еңбекмині жұмыс беру­ші­лерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қор­ғау бойынша ішкі бақылауды кү­шей­туді ұсынды. Атап айтқанда, олар мынаны қам­тамасыз ету қажет: біріншіден, еңбек қа­тынастарын тиісті түрде ресімдеу және Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) еңбек шарттары ту­ра­лы мәліметтерді уақытылы енгізу. Екін­шіден, заңнамаға сәйкес жұмыс мін­дет­те­рін атқару кезінде жұмысшыларды жа­з­атайым оқиғалардан сақтандыру. 

Үшіншіден, қауіпсіздік және еңбекті қор­ғау талаптары бойынша оқытуды, нұс­қамаларды және білімді тексеруді тұрақты түр­де өткізуі керек. Төртіншіден, міндетті м­е­дициналық тексеруден өтуді қамта­ма­сыз етуге тиіс. Бесіншіден, жұмыс­шы­лар­ды жеке және ұжымдық қорғаудың ақау­сыз құралдарымен қамтуы қажет. Алтын­шы­дан, жұмыс орындарындағы кәсіби тәуе­келдерді анықтауға және төмендетуге кеңес берілді. Жетіншіден, қауіпсіздік жә­не еңбекті қорғау жөніндегі қызметтер мен мамандардың, өндірістік кеңестердің және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инс­пекторлардың тиімді жұмысы маңыз­ды. 

Сонда ғана ішкі бақылау қағаз жү­зін­дегі есептен нақты қорғаныс жүйе­сіне айналады. Сарапшылар тиісті ба­қылау болмаса, кейбір жұмыс беруші өмір­лік маңызды талаптарға мән бере бер­мейтініне назар аудартады.

– Басшының негізгі міндетінің бірі – қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Мен қауіп­сіздік техникасына қатысты құжат­тар­ды жаңартып, өндірістік процестердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ше­шім­дерді енгізуге қатысамын. Әрбір қыз­меткердің жұмыстан кейін үйіне аман-есен, дені сау күйде оралғаны мен үшін маңыз­­ды. Бұл кез келген жұмыс берушінің бас­ты мақсаты мен басымдығына ай­налғанда ғана Әділетті Қазақстанды құра­мыз, – дейді ақтөбелік еңбекті қорғау ма­­маны Тойған Бекеева.

Т.Бекеева мұнай саласында 38 жыл ең­бек еткен маман: кәсіби жолын сы­лақ­шы болып бастап, бүгінде қауіпсіздік жә­не еңбекті қорғау жөніндегі бас тех­ни­ка­лық басшының орынбасары қызметіне дейін өсіпті. Ол өз қағидасын іспен дә­лел­деп, Кеңқияқ кен орнында жеке ме­ди­ци­на­лық пункт ашу жұмысына атсалысты. Сон­дай-ақ биіктікте жұмыс істейтін қыз­меткерлерге арналған отандық жеке қор­ғаныш құралдарын сынақтан өткізген. Бү­гінде Тойған апай өз мамандығы бойын­ша елге қызметін жалғастырып, жас мамандарды баулып, ақыл-кеңесін ай­тып, жинақтаған тәжірибесін бөлісіп ке­леді. Оның еңбек жолы қауіпсіздік мә­де­ниетінің жылы кабинетте емес, өндіріс­тің өз ішінде қалыптасатынын дәлелдейді.

Еңбек қауіпсіздігінің жаңа өлшемі

Ақпарат ғасырында еңбек қауіпсіздігі деген ұғымның өзі өзгеріп келеді. Бұрын жұмыс орнындағы қауіп дегенде ең ал­ды­мен станок, биіктік, электр желісі, улы зат, шахта ойға келетін. Енді оған экран­ның ар жағындағы қатер қосылды. Себебі қазіргі кәсіпорынның тынысы цифрлық жүйемен тікелей байланысты. Өндірісті бас­қару, қаржы, қызметкерлердің дерек­тері, құжат айналымы, байланыс арна­лары, тіпті пилотсыз жүк және карьер кө­­­­ліктері – бәрі-бәрі ақпараттық кеңіс­тік­ке тәуелді. Осы себепті 25 тамыздан бас­тап жұмыс берушілер қызметкерлерді ки­берқауіпсіздік талаптарымен таныс­тыруға да міндеттелді.

Бұл – 2026 жылғы 24 маусымдағы №326-VIII заңмен Еңбек кодексіне ен­гізіл­ген жаңа нормалардың бірі. Кодекстің 22-бабына «киберқауіпсіздік» деген сөз қо­сылды. Енді қызметкер қауіпсіздік жә­не еңбекті қорғау, өрт, өнеркәсіптік қауіп­сіздік талаптарын ғана емес, кибер­қауіп­сіз­дік талаптарын да сақтауға міндетті.

Ал 23-бап жаңа 25-1 тармақшамен то­­­лықтырылды. Оған сәйкес жұмыс беру­ші қызметкерлерді киберқауіпсіздік та­лап­тарын сақтау жөніндегі жұмыс беруші ак­тілерінің талаптарымен таныстыруға, олардың орындалуына ішкі бақылау жүр­гізуге міндетті. Яғни киберқауіпсіздік енді ІТ бөлімінің ғана шаруасы емес. Ол еңбек тәртібінің құрамына кірді.

Бұдан былай кәсіпорында кибер­қауіп­сіздік талаптары болуға тиіс. Жұ­мыс беруші ереже, нұсқаулық немесе ішкі еңбек тәртібі қағидаларының тиісті бө­лімін қабылдауы, оны өзектендіруі қа­жет. Содан кейін барлық қызметкерге қол қойғыза отырып, онымен таныстыруға, та­лап­тардың сақталуына ішкі бақылауды жолға қоюға тиіс.

Киберкеңістік пен өндіріс тоғысқан жаңа дәуірде еңбекті қорғау мәдениетін жаңа сатыға көтеру – басты міндет. Әрбір кә­сіпорын қауіпсіздікті қып-қызыл шы­ғын емес, болашаққа құйылған ең маңыз­ды инвестиция ретінде түсінгенде ғана тү­бегейлі өзгеріс орнайды. Елдің эко­но­ми­калық қуаты миллиондаған жұмыс­шы­ның денсаулығы мен амандығына тікелей бай­ланысты.

Елдос СЕНБАЙ