Жұмысшы мамандар тапшы, бірақ колледж түлектерінің үштен бірі жұмыссыз

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша колледж бітірген түлектердің шамамен үштен бірі оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрдің айтуынша, 51 мың түлектің 34,6 мыңы немесе 68%-ы жұмысқа орналасқан. Қалған 16,4 мың түлек жұмыс таппаған.

Сонымен бірге еңбек нарығындағы сұраныс пен маман даярлау көрсеткіштері арасында алшақтық бар. Мәселен, құрылыс саласына 102 мың маман қажет болса, осы бағытта 22,4 мың адам білім алып жатыр. Яғни, сұраныс 4,5 есе жоғары.

Ауыл шаруашылығында да осындай жағдай қалыптасқан. Салаға 73 мың маман қажет, ал тиісті мамандықтарда 12,7 мың студент оқиды. Бұл қажеттіліктен 5,7 есе аз.

– Бұл диспропорция мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлер мен салалардың кадр қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуді талап етеді, – деді министр.