Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды

Азаматтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан бөлімдерінде әскери қызмет өткереді.

Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оларды шығарып салуға елорда әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның өкілдері, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Әскерге алынған азаматтарға бұл күн ерекше болды. Алда әскери ұжым, жауынгерлік даярлық, жауапкершілік пен жаңа міндеттер тұр. Мұның бәрі олардың өмірінің маңызды бөлігіне айналары сөзсіз.

– Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсысың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, – деді әскерге жаңа алынғандарға арнаған сөзінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Руслан Балтеміров.

Әскери қызметке аттанғандардың қатарында Бисен Алимат та бар. Бисен үшін әскерге бару – жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік.

 – Бұл қадам – мен үшін әрине, өте жауапты қадам. Дегенмен осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы – Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу, – деді ол.

Әскерге шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсеноваға да бұл күн ерекше әсерге толы күн болды.  

 – Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы – денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын, – деді Г.Сәрсенова.

Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі әскерге шақырылушылардың, олардың туған-туыстары мен қонақтардың алдында өнер көрсетті. Биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Астанадан Қарулы Күштер қатарына 1 400  азамат шақырылатынын естеріңізге сала кетейік.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.