Бала құқықтарын қорғау: қазақстандық делегация БҰҰ алаңындағы маңызды сессияға қатысты

Қазақстанның мемлекеттік делегациясын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарады.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және мемлекеттік делегация мүшелері БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетімен өтетін алдағы сындарлы диалогқа дайындық аясындағы оқу-имитациялық сессиясына қатысты,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Комитет отырысы Женевада Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенция ережелерін орындауы жөніндегі біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамаларын қарау аясында өтеді. Қазақстанның мемлекеттік делегациясын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарады.
Делегация құрамына Оқу-ағарту, Сыртқы істер, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат, Денсаулық сақтау, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Бас прокуратураның, Сот әкімшілігінің, сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері кірді.
Дайындық сессиясы ЮНИСЕФ және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оның форматы Комитеттің алдағы отырысына барынша жақындатылды. Қатысушылар мемлекеттік делегацияның кіріспе сөзін, Комитет мүшелерінің ықтимал сұрақтарына жауаптарды және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтады.
Дайындық барысында Бала құқықтары туралы конвенцияның негізгі ережелері, сындарлы диалог өткізу тәртібі және Қазақстан ұсынған материалдар да қаралды.
Алдағы диалог Қазақстанның балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерін іске асыруды, сондай-ақ осы бағыттағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру шараларын талқылауға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.