Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг өткізіп, коронавирустық инфекциясы бар пациенттердің жағдайымен таныстырды. Науқастарға дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Сонымен қатар дәрігерлердің жеке қорғаныш киімдері жиі ауыстырылады. Ал облыстан қалаға күнде келіп жұмыс істейтін дәрігерлер уақытша жатын орындарға орналастырылмақ. Қаладағы бос тұрған қонақ үйлер, хостелдер мен жатақханалардан емдеу мекемелерінің басшыларының сұраныстарына байланысты тегін тұрғын орын мен олар тұрып жатқан кезде бір мезгіл тамақпен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда Алматы қаласында коронавирустық инфекциясы бар пациенттердің 48 расталған жағдайы анықталды. Қалалық жұқпалы аурулар стационарларында 47 пациент бар және 1 пациент сауығып жазылды. Жаңадан анықталған бес адамның ішінде төртеуі 26 наурызда Минск – Алматы рейсімен, екеуі 26 наурызда Мәскеу – Алматы рейсімен ұшып келді. Ауырғандардың бірі 15 наурызда Ыстамбул – Алматы рейсімен ұшып келді. 18 наурызда жақын байланыс жасаушы ретінде оқшауланған. Бастапқы талдау қорытындылары теріс нәтиже берген. 2020 жылғы 26 наурызда талдауды қайта тапсырған кезде оң нәтиже шықты. Осы уақыт бойы ол оқшаулауда болды. Жалпы 45 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық, ӨЖЖ аппаратындағы әйелдің жағдайы ауыр және 1 балада ауырлығы орташа дәрежеде жақсаруда. Бір пациенттің кеше шығарылғандығын естеріңізге сала кетейік. Бұл пациент енді емхана қызметкерлерінің 14 күндік бақылауымен үйінде болады. Қазіргі уақытта провизорлық орталықтарда 1099 адам бар, оның ішінде 72-і – бала. Карантиндік орталықтарда 471 адам бар. Үй карантинінде – 2037 адам. Карантиндегі барлық адамның дене температурасы қалыпты жағдайда, катаралдық симптомдары жоқ. Елге қайсыбір елден ұшып келсе де, талдаулар тапсыру үшін екікүндік карантинге орналастырылатындығын естеріңізге сала кетейік. Мұндай шаралар халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін жасалуда. Олардан COVID-19-ға талдаулар алынатын болады, егер инфекция расталмаса, үйлеріне шығарылады. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ