Жолынан жаңылмаған жоспар

Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы мен халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар кейінгі жылдары жаңа қарқын алды.

Әсіресе 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштер өңірдегі тұрғын үй саясатының ауқымы едәуір кеңейгенін аңғартады. Биылғы жоспардың өзі өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда бірнеше есеге жоғары.

Қызылорда облыстық Құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне қарағанда, 2023 жылы мем­ле­кеттік бюджет есебінен 1 929 тұрғын үй с­а­лынған және сатып алынған. Сол уа­қыт­та бұл мақсатқа 26 млрд 657 млн теңге ба­ғытталыпты. Оның 1 337-сі сатып алу ар­қылы болса, 592-сі құрылыс есебінен жү­зеге асқан. 2024 жылғы тұрғын үймен қам­ту көлемі де ауқымды. Бұл жылы ай­мақта 2 573 тұрғын үйге 40 млрд 335 млн тең­ге жұмсалыпты. Ал 2025 жылы 2 477 тұр­ғын үй бойынша 36 млрд 412 млн теңге қарастырылған. Оның 1 827-сі сатып алу, 650-і құрылыс арқылы қамтамасыз етіл­ген. Яғни 2023-2025 жылдары облыста тұр­ғын үй мәселесін шешуге бағытталған мем­лекеттік қолдаудың тұрақты көлемі қа­лыптасқанын байқауға болады. 

Басқарманың мәліметінше, 2026 жыл­дың жоспары бұл көрсет­кіш­терден әлдеқайда жоғары. Атап айтқанда,  биыл облыста 9 734 тұрғын үйді қамту жос­парланып отыр. Бұл көрсеткіш 2025 жыл­ғы межемен салыстырғанда шамамен төрт есеге жуық артық. 

Биылғы жоспардың жалпы құны 167 млрд 636 млн теңгені құрайды екен. Оның ішін­де 7 820 тұрғын үй сатып алу арқылы қам­тылса, 1 914 тұрғын үй құрылыс арқы­лы жүзеге асырылмақ. Бұл тұрғыда 2026 жылғы жоспардың басым бөлігі жаңа үй салу­ға емес, дайын тұрғын үйді сатып алу­ға бағытталып отырғанын байқауға бо­ла­ды.

Бұл ретте мұндай тәсілдің әлеуметтік маңызы зор саналады. Өйткені құрылыс жо­басының аяқталуын бірнеше жыл күту­дің орнына дайын пәтерлерді сатып алып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беру бас­па­на мәселесін жедел шешуге мүмкіндік берері анық. 

Осы орайда айта кететін тағы бір маңыз­ды мәселе – биылғы қар­жының ба­сым бөлігінің Қызылорда қала­сына ба­ғыт­талып отырғаны байқалады.  Яғни  жал­пы жоспарланған 9 734 тұрғын үйдің 7 285-і  Қызылорда қаласының үле­сінде болса,  қалған 2 449-ын облысқа қа­­расты аудандарда жүзеге асыру көз­дел­ген.

Сонымен қатар Сыр өңіріндегі тұрғын үйге қатысты қаржылық бөліністе де осы айырмашылық байқалады. Атап айтқанда,  қалаға 134 млрд 838 млн 180 мың теңге бө­лінсе, ал аудандарға 32 млрд 797 млн 889 мың теңге қарастырылған. Бұл да об­лыс орталығындағы тұрғын үйге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. 

Жалпы тұрғын үй саласындағы дина­ми­каны нақты сандармен сөйлетсек, соң­ғы жылдары атқарылған жұмыстардың ауқым­дылығын аңғаруға болады. Бұл тұрғыда 2023 жылдан 2024 жылға қарай тұрғын үй саны 644 бірлікке көбейгені байқалады. Ал 2025 жылы көрсеткіш сәл төмендегенімен, мемлекеттік қолдаудың көлемі жоғары деңгейде сақталған. 2026 жылғы жоспардың ауқымы тіпті жоғары. Жалпы 2023 жылмен салыстырғанда биыл қамтылатын тұрғын үй көлемі шамамен бес есеге, ал жоспарланған қаржы алты есе­ден астамға ұлғайып отыр. Мұны бірін­ші кезекте тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік саясаттың қар­жы­лық мүмкіндігі артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш деп атауға болады.

Жыл басынан бергі көрсеткіштер де құры­лыс қарқынының жоғары екенін аң­ғартады. Оның ішінде қаңтар-шілде ай­ларында облыста 196,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, көр­сет­кіш 134,9 пайызды құраған. Осы кезеңде қар­жыландырудың барлық көздері есебі­нен 442,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл жоспардың 102 пайызға орындалғанын көрсетеді.

Ал қаңтар-тамыз айларында құрылыс жұ­мыстарының көлемі 201,9 млрд теңгеге жет­кізіліпті. Бұл өткен кезеңмен салыс­тыр­ғанда 123 пайыздық көрсеткішке тең дейді басқарма. Жыл соңына дейін тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін 569,8 мың шар­шы метрге жеткізу көзделіп отыр­ға­нын мәлімдеді. Демек, құрылыс саласын­дағы серпін жоғары. Мұны жылдың ал­ғаш­қы сегіз айындағы көрсеткіштерден бай­қауға болады.

Сонымен қатар тұрғын үй кезегінде тұр­ған азаматтарды баспанамен қамта­ма­сыз ету мақсатында 5 613 пәтерді сатып алу және салу жоспарларда тұр. Оның ішін­де Қызылорда қаласында құрылысы жүр­гізіліп жатқан 7 қабатты, 84 пәтерлі екі тұрғын үйден – 168 пәтер, ипотекалық тұрғын үй бағдарламалары аясында 945 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтары­на арналған арендалық тұрғын үй бойын­ша 1 647 пәтер қарастырылған. Жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін 2 760 пәтерді пайдалануға беру көзделсе,  қал­ған 2 853 арендалық пәтерді келер жылы пай­далануға беру көзделіп отыр.

Биыл тұрғын үй аумақтарында 38 инженерлік инфрақұрылым жо­басын іске асыруға 22,5 млрд теңге қарал­ған. Оның ішінде 7,3 млрд теңге облыстық бюд­жеттен, ал 15,2 млрд теңге бағалы қа­ғаздар шығару есебінен қаржылан­дырылу көзделіп отырғанын алға тартады. Мұндай жұмыстар тұрғын үй құрылы­сының инженерлік инфрақұрылымын қа­тар дамытуға мүмкіндік арттырады де­ген пікірде. 

Сыр өңірінің тұрғын үй құрылысы сала­сында Қызылорда қаласының  сол жағалауындағы құрылыс қарқыны да жоғары. Заманауи сәулеті қалыптасып, ауқымы кеңейе түскен жаңа шағынауданда тұр­ғын үй кешендерінің үлесі басым. Нақ­ты кезеңде аталған аумақта 252 пәтер­ден тұратын 7 қабатты үш кредиттік тұрғын үй салуға бағалы қағаздар шығару есебінен 3,5 млрд теңге бөлінген.

Жалпы, 2026 жыл Қызылорда облысы үшін тұрғын үй мәселесін шешуде жаңа серпін беретін кезең болғалы тұр. Ендігі ке­зекте жоспарланған жобалардың уақы­тында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы