Жамбылдағы жемісті жобалар

«Баспана – бақыт шамы» дейді. Елімізде тұрғын үй саясатын жан­дандырып, халықты баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыс­тар атқарылуда. Жамбыл облы­сын­да да жылда жүйелі жобалар жан­данып, жаңа тұрғын алқаптар мен ықшамаудандар күн санап бой көтеріп жатыр.

Жамбыл облысы әкімдігі­нің Құры­лыс басқармасы берген ақпа­рат­қа сүйенсек, қазір коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу ке­зегінде 62 мыңнан астам аза­мат тұр екен. Оның ішінде 32 мыңнан ас­та­мы әлеуметтік осал топтарға жа­тады. Олар – көпба­ла­лы отба­сы­лар, мүгедектігі бар аза­мат­тар, же­тім балалар және табысы төмен тұрғындар.

Осы азаматтарды баспанамен қамту үшін өңірде әлеуметтік тұр­ғын үйлер салынып, дайын пәтер­лер­ді сатып алу тетігі де кеңінен қол­данылып келеді. Былтыр об­лыс­та барлық қаржыландыру көз­дері есебінен 787,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ген. Оның 19,4 пайызы бюджет қара­жаты есебінен салынған.

Тұрғын үй кезегіндегі азамат­тар­ды әлеуметтік тұрғын үймен қам­­­та­масыз етуге 39,7 млрд теңге қа­ра­лып, жыл қорытындысы бойын­ша 2 430 азамат баспанамен қам­тылып отыр. Оның ішінде 1 535 азамат  әлеуметтік осал топтардың өкіл­дері.

Тарқата айтсақ, 18,4 млрд тең­геге 2 190 пәтерге арналған 46 көп­қа­батты тұрғын үйдің құрылысы жүр­гізілген. Жыл қорытындысында 785 пәтерге арналған 16 тұрғын үй­дің құрылысы аяқталған. Со­ны­мен қатар әлеуметтік осал топ­тар­ды жалға берілетін тұрғын үймен қам­­тамасыз ету мақсатында пәтер­лер сатып алуға республикалық бюд­жеттен 21,5 млрд теңге бөлініп, жыл қорытындысы бойынша 1 415 пәтер сатып алынған. Ал биыл бар­лық қаржыландыру көзі есе­бі­нен 787,5 мың шаршы метр тұрғын үй­­ді пайдалануға беру жоспар­лану­да. Оның 164 мың шаршы метрі немесе 20,8 пайызы бюджет қара­жаты есебінен бой көтеруде. 

Бюджет қаражаты есебінен әлеу­меттік тұрғын үймен қамта­ма­сыз етуге 20,0 млрд теңге бө­лініп, нә­тижесінде 2 035 азамат баспа­на­мен қамтылмақ. Оның ішінде 680-і әлеуметтік осал топ өкілдері. Атап айтсақ, қазір 15,0 млрд тең­геге 2 941 пәтерлі 66 көпқабатты тұр­ғын үй­дің құрылысы жүргізілу­де. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 тұр­ғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар жал­пы си­пат­тағы трансферттер есебінен 4,9 млрд теңгеге халықтың әлеу­меттік осал топтары үшін жал­ға берілетін 350 тұрғын үйді сатып алу жоспар­лануда. 

Кейінгі жылдары Тараз қа­ла­­­сы­ның шекарасы кеңейіп, жаңа ау­дан­дар құрыл­ға­ны­нан ел хабардар. Сон­дықтан тұрғын үй құ­ры­­лысы­ның ең үлкен аумағы облыс ор­та­лы­ғында қалыптасуда. Бүгінде шаһарда тұрғын үй алу кезегінде 32 мыңнан астам азамат тұрса, осы мә­селені оң­тайлы шешу үшін «Ұлы да­ла» ық­шамауданында – 11, «Ба­лау­­са» ық­шамауданында – 17, «Ша­па­­ғат» ық­шамауданында 34 көп­қабатты тұрғын үй салынуда. Тараз қа­ла­сының әкімі Бақытжан Орын­беков­тің айтуынша, биыл облыс орталығында жалпы 62 тұр­ғын үй бой көтеріп жатыр. Бүгінге дейін оның төртеуі  ел игілігіне бе­рі­ліп қой­­са, жыл соңына дейін тағы 27 тұр­­ғын үй құрылысын аяқ­тау жос­пар­ланған.

– 2023-2026 жылдары қала ау­мағында жалпы 52 тұрғын үйдің кіл­ті табысталды. Соның нәтиже­сін­де 3 мыңға жуық отбасы баспа­на­лы болды. Сондай-ақ осал топ­та­ғы жандар үшін 1 128 пәтер са­тып алынды. Биылға әлеуметтік осал са­наттағы кезекте тұрған аза­мат­тарға тағы 180 пәтер сатып алу үшін 2,5 миллиард теңге бөлінді.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған аза­мат­тарды жер телімімен қамта­ма­сыз ету бағытында да  жүйелі жұ­мыстар жүргізілуде. Өткен жыл­дары «Ұлы дала» ықшамауданынан – 170, «Шаңырақ», «Қарасу» алап­тары­нан 105 жер телімі кезекте тұр­ған азаматтарға берілді. Қазір Асан­бай Асқаров көшесінің соңын­дағы алаптан 46,4 гектар және «Хамукат» алабынан 125 гек­тар жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін алынып, қажетті инфрақұры­лым­дар жүргізілуде. Бұл жұмыстар то­лық аяқталғаннан кейін «Хаму­кат» тұрғын алабынан – 524, ал Асан­бай Асқаров көшесінің соңы­нан 341 жер телімі кезекте тұрған аза­маттарға беріледі, – дейді Ба­қыт­жан Әмірбекұлы.

Қаланың тағы бір қарқынды да­мып келе жатқан аумағы – «Ша­пағат»  шағынауданы. Жоба бойын­ша мұнда 351 жеке тұрғын үй мен 82 көп­пәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ көпсалалы аурухана, пери­на­тал­дық орталық, инфекциялық ауру­ха­на, үш мектеп, спорт кешені, өрт сөн­діру депосы, мешіт және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Ық­шамауданда 2023 жылы 720 пә­терлі 16 тұрғын үйдің құрылысы бас­талған болса,  2024 жылы 540 пә­терлі 12 тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­ді. Қазір 180 пәтерлі 4 тұрғын үй­дің құрылысы аяқталу саты­сын­да. Сондай-ақ 1 176 пәтерлі 30 тұр­ғын үйдің құрылысы жүргізілу­де. Биылғы қорытынды бойынша  380 пәтерлі 9 тұрғын үйді пай­далануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы 1 800 пәтерге ар­налған 36 тұрғын үйдің жобалық-сме­талық құжаттамасы әзірленіп, жобаның  сметалық құны 34,3 млрд теңгені құрап отыр. 

Өңірдегі тұрғын үй саясатына ха­лық ыстық ықыласын біл­діріп жатыр. Бұл сөз жоқ, жүйелі жұ­мыс­тың жемісі екені хақ. Енді ал­да бұл бағыттағы жұ­мыстар жалғасын тауып, бұ­қараны бақытқа кенелте береді деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы