Республикалық ветеринариялық зертхана қызметкерлерінің жалақысы 26 пайызға өсті

Республикалық ветеринариялық зертхана қызметкерлері ветеринария саласын дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына, сондай-ақ еңбек жағдайларын жақсартуға және кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған шешімдерді қолдағаны үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне алғыстарын білдірді.

Қазақстанда ветеринария саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында ветеринариялық қызметті жетілдіру, еңбек жағдайларын жақсарту және саланың кадрлық әлеуетін нығайту бағытында жүйелі шаралар қабылдануда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осы жұмыстардың нәтижесінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық ветеринариялық зертханасы қызметкерлерінің жалақысы 26%-ға артты.

Еңбекақыны арттыру қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, ветеринария саласының тартымдылығын арттыруға, білікті мамандарды сақтап қалуға және жаңа кадрларды тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ветеринария саласы мамандарының еңбек жағдайларын жетілдіру және әлеуметтік қорғалуын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Алдағы уақытта ветеринариялық қызметтің басқа да бөлімшелері қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жағдайларын кезең-кезеңімен жақсарту мүмкіндіктері қарастырылатын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.