«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева бүгінгі Құрылтай отырысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесінде бірқатар мәселе әлі де шешімін таппай отырғанын көтеріп, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министріне депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, тексеру талаптары, ережелер мен әкімшілік рәсімдер көп жағдайда үйді басқаратын органдардың нақты өкілеттіктеріне сай келе бермейді
Депутат сөз басында жаз мезгілінде Қазақстан бойынша «Біздің қала» жобасы аясында «Әділет» партиясының мүшелері МИБ, ПИК төрағаларымен және көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен жұмыс жүргізгенін айрықша атап өтті.
«Біз ондаған кездесу өткіздік. Оның қорытындысы ретінде Астана қаласында тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған республикалық форум өтті. Оған тұрғын үй саласында тәжірибесі бар мыңнан астам маман мен сарапшы қатысып, саланың ең маңызды бағыттарын талқылады. Біз тұрғындар мен сала өкілдерінің 200-ге жуық өтініші мен ұсынысын жинақтап, жүйеледік. Ұсыныстар қазір де келіп жатыр. Көтерілген мәселелердің бір бөлігі заңнамалық шешімдерді қажет етеді, сондықтан фракция бұл бағыттағы жұмысқа кірісті. Алайда мәселелердің едәуір бөлігі заңдарға емес, әкімшілендіру сапасы мен заңға тәуелді нормативтік реттеуге байланысты», – дейді Екатерина Смышляева.
Ол сөзін жалғай отырып, бірқатар мәселені тізбектеп шығып, біріншіден, төраға үйдің күтіміне, өрт қауіпсіздігіне және инженерлік жүйелерге жауап беретінін айтты.
– Алайда көптеген шешім меншік иелерінің дауыс беруіне және тұрғындардың өз әрекетіне байланысты. Сонымен қатар бақылаушы органдардың талаптары көбіне дәл төрағаға қойылады. Тексеру талаптары, ережелер мен әкімшілік рәсімдер көп жағдайда үйді басқаратын органдардың нақты өкілеттіктеріне сай келе бермейді. Екіншіден, МИБ төрағалары қайта сайланғаннан кейін мемлекеттік, банктік және басқа да жүйелердегі деректерді өзгерту кезінде қиындықтар туындайды. Жаңа төраға іс жүзінде бұрынғы басшының әрекетіне тәуелді болуы мүмкін. Құжаттарын уақытында тапсырған, бірақ өтініштері қабылданбаған ПИК-терді қайта тіркеу мәселесі де әлі шешілген жоқ, – дейді ол.
Оның айтуынша, үйді басқару органдарының тұрғындар туралы ақпаратқа қол жеткізу мәселесі өзектілігі жойылмаған. Тіпті, қарыздарды өндіріп алу туралы айтпағанның өзінде апатты жағдайлар кезінде пәтер иесін табу қиынға соғып отырғанын айтты.
– «Әділет» партиясының бағдарламасында үйді басқарудың бірыңғай цифрлық ортасын, оның ішінде меншік иелерінің электрондық тізілімін және электрондық дауыс берудің ыңғайлы тетігін құру міндеті қойылған. Төртінші. Банктер үйдің шоттарын ашу және жүргізу, уәкілетті тұлғаларды ауыстыру, сондай-ақ төрағалардың өкілеттігін растау кезінде әлі де әртүрлі рәсімдерді қолданып, түрлі құжаттар топтамасын талап етеді. Бесіншіден. Қасбеттерді, шатырларды, лифтілер мен инженерлік жүйелерді жөндеу, яғни үйге жүргізілетін күрделі жөндеу жұмысы қомақты қаражатты қажет етеді. Бұл ретте ұзақмерзімді қаржыландырудың қолжетімді тетіктері жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар жөндеу жұмысын басымдықпен жүргізу және апатты жағдайлардың алдын алу үшін қажетті тұрғын үй қорының техникалық жай-күйі туралы жүйелі мәлімет жоқ, – дейді Құрылтай депутаты.
Оның үстіне, депутат тұрғын үй қатынастары бөлімдеріндегі қызметкерлердің штат саны әлі де олардың нақты жұмыс көлеміне сәйкес келмейтінін, бұл ретте тұрғын үй қорын басқару мәселелерінің ауқымы әлдеқашан жеке қызмет құру қажеттілігін көрсетіп отырғанын қозғады.
«Жетінші. Пайдалану талаптары қазіргі заманғы тұрғын үй кешендеріндегі мәселелерді әрдайым ескере бермейді. Бұл, мысалы, жеке қазандықтарға, күрделі инженерлік жүйелерге, контейнерлік алаңдарға және басқа да ортақ инфрақұрылымға қатысты. Тағы бір мәселе – тұрғын үйлердің ішінде орналасқан коммерциялық нысандар. Әсіресе, бірінші қабатта орналасқан кафелер мен мейрамханалар тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Олардың жұмысы кезінде шу мен жағымсыз иіс пайда болады. Сонымен қатар мұндай нысандардың жұмысы үйдегі су, кәріз, желдету және электр жүйелеріне қосымша салмақ түсіреді», – дейді депутат.
Екатерина Смышляева осы ұсыныстарға қатысты Үкіметтің ұстанымын білдіруді сұрап, қолданыстағы қағидалар мен әкімшілік рәсімдерді, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы тексеру парақтарын қайта қарау қажетін сұрады.
Сонымен қатар депутат МИБ төрағасы ауысқан кезде цифрлық жүйелерге өзгерістер енгізу рәсімдерін автоматтандыру; 2026 жылғы 12 шілдеге дейін өтініш берген ПИК-терді қайта тіркеу жұмысын аяқтау; тұрғындарға ақысыз негізде қолжетімді болатын, дауыс берудің базалық модулі қамтылған үйлерді басқарудың цифрлық сервисін іске қосу; қаржы реттеушісімен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің үй шоттарымен жұмыс істеу стандартын әзірлеу және оның орындалуын қамтамасыз ету; тұрғын үйлердің ішінде орналасқан коммерциялық нысандарға қойылатын техникалық, санитариялық және пайдалану талаптарын күшейту; Астана мен басқа да өңірлердегі тәжірибені ескере отырып, тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге қаржы бөлетін ұйымдардың жұмысын кеңейту. Бұл ұйымдар жөндеу шығындарын тұрғындарға қолайлы шарттармен қаржыландыруы қажет; Өңірлік әкімдіктердегі тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің штат санын ұлғайту; Тұрғын үйлердің техникалық жағдайын тексеруге қаржы бөлуді басым бағыттардың бірі ретінде қарастыру және тексеру нәтижелерін министрліктің цифрлық жүйесіне енгізуді сұрады.