Қаражат кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға бағытталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл бизнеске сауда нысандарын дамыту, қызметін кеңейту және айналым қаражатын толықтыру жобаларын іске асыру кезінде қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Биыл жаңа жобаларға 6,4 млрд теңге қарастырылған. Тағы 3 млрд теңге 2025 жылы мақұлданған жобалар бойынша міндеттемелерді орындауға бағытталды.
Жыл басынан бері жалпы сомасы 11,9 млрд теңге болатын 41 жоба мақұлданды. Қолдау алған жобалар еліміздің 15 өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Ақтөбе облысында – 3,1 млрд теңге, Қарағанды облысында – 2,3 млрд теңге, Абай облысында – 1 млрд теңге және Алматы облысында – 1 млрд теңге көлеміндегі жобалар бар. Жалпы, қолдау Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарын, Ұлытау және Жетісу облыстарын да қамтыды.
Әңгіме сауда саласындағы нақты жобалар туралы болып отыр. Мақұлданған жобалардың 12-сі 5 млрд теңгеге инвестициялық мақсаттарға бағытталған, тағы 29 жобаға 7 млрд теңге айналым қаражатын толықтыруға берілді. Осылайша, мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге сауда нысандарын құруға және жаңғыртуға, сондай-ақ олардың ағымдағы қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдауға өңірлерде жобаларын іске асыратын ішкі сауда кәсіпорындары ие бола алады. Облыс орталықтарындағы жобалар үшін кредиттің ең жоғары сомасы 3 млрд теңгені, ал шағын және моноқалалар мен ауылдық елді мекендер үшін 1,5 млрд теңгені құрайды. Субсидиялау мерзімі инвестициялық жобалар үшін 5 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыру кезінде 3 жылға дейін белгіленген.
Бұл ретте мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге бірқатар міндеттемелер жүктейді. Олардың ішіндегі ең бастысы – қазақстандық өндірушілердің сауда сөрелеріне қолжетімділігін кеңейту. Азық-түлік тауарлары бойынша отандық өнімнің үлесі кемінде 50%, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша кемінде 30% болуы тиіс. Айналым қаражатын толықтыруға қаржы алған кезде кәсіпкер тауарларды, шикізат пен материалдарды тиісті тізілімге енгізілген қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алуға тиіс.
Отандық өнім өндіруді енді бастаған кәсіпкерлер үшін де арнайы талаптар қарастырылған. Олардың өтінімі бойынша сауда нысандары өнімдерін орналастыру үшін кемінде үш ай мерзімге жеңілдікті шарттармен орын ұсынуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау алушыларға субсидиялау немесе кепілдік беру туралы шарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде жалдау ақысын көтеруге тыйым салынады.
Бұл жұмыстың нәтижесі 2025 жылдың қорытындысы бойынша да көрініп отыр. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 67,5 млрд теңге болатын 458 жоба субсидияланды. Қолдау кәсіпорындарға жиынтық жылдық табысын 358,1 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,2%-ға көп. Сонымен қатар қолдау алған жобалар аясында 1 710 жұмыс орны құрылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сауда экономика салалары арасында жұмыспен қамтылған азаматтар саны бойынша бірінші орынға шықты.
Бұл ретте 2025 жылы қолдау алған жобалардың қатарында жекелеген сауда кәсіпорындарымен қатар, сауда нарықтарын жаңғырту жобалары да болды. Олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Заречный» және «Заря», Түркістан облысындағы «Grand Park Zhetysai», Батыс Қазақстан облысындағы «Ашык жол», Ақтөбе облысындағы «Шыгыс» және Қызылорда облысындағы «Сыбаға» нарықтары бар. Оларды жаңғыртуға 4,2 млрд теңге кредит қаражаты бағытталды.
Сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған ірі жобалар да мемлекеттік қолдауға ие болды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы «Дина Маркет» нарығына 2,7 млрд теңге, Қостанай облысындағы «Солнечный» нарығына – 0,7 млрд теңге, Жамбыл облысындағы «Садыхан» нарығына – 0,5 млрд теңге көлемінде кредит берілді.