Каспийде Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы жаттығулары басталды

Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары өтіп жатыр.

Әскери теңізшілер Қазақстан секторына тиесілі теңіз айдынын толық жүріп өтіп, түрлі жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтап, практикалық атыс жүргізеді.
Әскери теңізшілер үшін бұл жаттығулар өз дағдыларын тікелей теңізде тексеруге мүмкіндік береді. Мұнда экипаждың үйлесімді іс-қимылы, навигацияның дәлдігі мен қабылданған шешімдердің жеделдігі қойылған міндеттің орындалуына тікелей әсер етеді.
Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Әскери теңізшілер кемелер арасындағы өзара іс-қимылды, навигация мен байланысты, кемені басқаруды және қару-жарақты қолдануды пысықтайды. Жағалаудан едәуір қашықтықта орналасқан экипаждардың іс-қимылына ерекше назар аударылады.
Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, 1-дәрежелі капитан Арман Сатқановтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында экипаждардың тәжірибелік дағдыларын одан әрі жетілдіруге баса мән беріледі.

– Ең бастысы, әрбір экипаж мүшесі өз міндетін нақты білуі және қажетті сәтте жедел әрі үйлесімді әрекет етуі керек. Қазір теңізде осы дағдыны тексеріп жатырмыз, – деді 1-дәрежелі капитан Арман Сатқанов.

Жаттығу барысында экипаждар кеме қару-жарағынан практикалық атыс жүргізіп, бірлескен іс-қимылдарды пысықтайды. Жаттығудың әр кезеңінен өткен сайын тапсырмалар күрделене түседі. Оған қосымша бөлімшелер де тартылды.
Оқу-жаттығу кеме экипаждарының түрлі жағдайларда міндеттерді орындауға дайындығын тексеруге және Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.