Алматы облысында мас күйінде көлік жүргізіп, үш адамның өліміне әкелген жол апатын жасаған жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 23 маусымда Еңбекшіқазақ ауданында болған. Сот мәліметінше, жүргізуші HAVAL M6 көлігін мас күйінде басқарып, «Алматы–Шелек–Қорғас» автожолының 132-шақырымында қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан AUDI көлігімен соқтығысқан.
Апаттан үш адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды.
Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған өмір бойы көлік жүргізуге тыйым салынды.
Сотталушыдан 29 миллион теңге моральдық зиян және 1 миллион 799 мың 89 теңге мүліктік шығын өндіріледі. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.