Алматыдағы «Кеңсай» зиратында Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің бейітіне қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Актердің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады. Ол құлпытастың ашылуына арнайы келген жандарға алғыс білдірді.
Ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Гүлфия Мелдеш.
«Бүгін Кеңсайда асыл жарым, Алаштың Асанәлісі, қайталанбас тұлға — Асекеннің құлпытасын орнатып, шаңырағында Құран бағыштадық. Адамның ғұмыры өлшеммен емес, артында қалдырған ізімен бағаланады екен. Асекеңнің ғибратты ғұмыры, елге жасаған еңбегі, адамға деген жақсылығы мен азаматтық болмысы — біз үшін мәңгілік аманат. Тірісінде жанында жүріп, бар ғұмырымды бірге өткерсем, бүгінде оның рухына тағзым етіп, артында қалған аманатын арқалап келемін. Өмірдің ендігі бір үлкен жауапкершілігі де осында. Бүгінгі құлпытастың ашылуына арнайы келіп, Асекеңнің рухына дұға бағыштаған туған-туысқа, жақын жандарына, әріптестері мен достарына шын жүректен алғыс айтамын. Алыстан ат терлетіп, көңіл бөліп келген әр адамның ықыласы — біз үшін үлкен медет, үлкен құрмет», - деді Бағдат Әшімова.
Ол актердің мұрасын жас ұрпаққа жеткізуді өзіне парыз санайтынын атап өтті.
«Асекең бір ғана әулеттің емес, елдің азаматы еді. Оның артында қалған еңбегі мен өнегесі, есімі мен рухы кейінгі ұрпаққа жетуі керек. Бұл — менің жар алдындағы ғана емес, азаматтың елге сіңірген еңбегіне деген перзенттік парызым деп білемін. Тірісінде қасынан табылу — тағдырдың маған берген сыйы болса, бүгінде рухына қызмет ету — жүрегіме жүктелген аманат. Асекеңнің есімін ұлықтау, артында қалған мұрасын сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу — менің алдағы ғұмырымдағы ең үлкен парызым», - деді Бағдат Әшімова.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.