Жол жөндеу жұмыстары бақыланады

Тараз қаласында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары «Әділет» партиясының партиялық бақылауына алынды. Партияның Жамбыл облыстық филиалының мүшелері, Саяси кеңес мүшелері және облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Қ.Тұрысов және Әл-Фараби көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Қазір Қ.Тұрысов көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта ұзындығы 1,1 шақырым жол учаскесінде ауқымды жаң­ғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 7 арнайы техника және 30 жұмысшы еңбек етуде.

Мердігер «Ая-Сервис» ЖШС өкіл­де­рі­нің айтуынша, құрылыс жұмыстары дема­лыс және мереке күндеріне қара­мас­тан үздіксіз жүргізілуде. Жоба бойынша нысан­ды 2026 жылғы 1 қазанға дейін аяқтау көз­дел­ген. Сонымен қатар мердігер көлік қоз­ғалысына қолайсыздықты азайту және кеп­­телістердің алдын алу мақсатын­да жұ­мыс­ты жеделдетіп, негізгі жұмыс­тар­ды 23 қыр­­күйекке дейін аяқтауды жос­парлап отыр.

Жоба аясында жолды кеңейтіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін арттыру көзделген. Нысанның жалпы құны 160 985,297 млн теңгені құ­райды. Сонымен қатар партиялық бақы­лау барысында Төле би және Ниетқалиев көшелері аралығындағы жол учаскесін жөндеу жұмыстарын 12 қыркүйекке дейін толық аяқтау жөнінде ұсыныстар берілді.

Бұдан бөлек, Әл-Фараби көшесінің Төле би көшесінен Ниетқалиев көшесіне дейінгі аралығында орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде. Жөнделетін учаске­нің ұзындығы – 1,355 шақырым. Мердігер ұйым – «Компания инвест MK» ЖШС.

Партия өкілдері мердігерлерге жұмыс­тарды белгіленген мерзімде және сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ құрылыс барысын жүйелі бақылауда ұстап, анықталған мәселелердің уақы­тылы ше­шілуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

«Жол жөндеу жұмыстарының уақы­тында аяқталуы тұрғындар үшін аса ма­ңызды. Сондықтан біз тек жұмыстың жүргізіліп жатқанына емес, оның сапасы мен нақты мерзіміне де назар аударамыз. Мердігерлерге жұмыстарды мүмкін­ді­гінше жеделдетіп, көлік қозғалысына түсетін салмақты азайту жөнінде ұсы­ныстар берілді. Нысандар толық аяқтал­ғанға дейін партиялық бақылау жалғаса­ды», – деді Партиялық бақылау жөніндегі инспектор Ерғали Омаров.

«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы жол жөндеу жобаларының орындалу барысын бақылауды жалғастырады. Тұр­ғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қоз­ға­лысын қамтамасыз етуге бағытталған жұ­мыстардың сапасы мен мерзіміне тұрақ­ты назар аударылады.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы