Отырыстың заңнамалық күн тәртібін айқындады

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібі мен Құрылтайдағы заң жобалары бойынша қорытындылар дайын­дау мерзімдері айқындалды.

Сонымен қатар Бюро Құрылтай жаны­нан Қоғамдық палата құру, Құрылтайдың Парламентаризм институтымен өзара іс-қимылы және Қоғамдық қабылдау ашу мәселелерін қарады.

Алдағы Құрылтай отырысында депу­таттар 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттеме­лерінің тізбесіне өзгерістерді рати­фикациялау жобасын бірінші оқылымда қарайды. Осы Тізбеге ратификациялауға ұсынылған өзгерістер арқылы Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады.

Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы Наталья Годунова атап өткендей, құжатта лицен­зиялау талаптары мен рәсімдері, біліктілік талаптары, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы стандарттар қамтылады. Осы Қағидаларды қабылдау қызметтер саудасын реттеудің әділ әрі ашық болуына мүмкіндік туғызады, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға, реттеу талаптарының ашықтығын арт­тыруға, сондай-ақ шетелдік және отандық қызмет көрсетушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп күтілуде.

Сонымен қатар Құрылтай отырысында Қазақстан мен Сербия Үкіметтері ара­сындағы әскери-техникалық ынтымақ­тастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаевтың айтуынша, бұл келісім тең құқықтық қағидат негізінде елдер арасындағы өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуды айқындайды. Онда әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету мен жөндеу, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және басқа да бағыттар қамтылған. 

Депутаттар Құрылтай жанынан Қо­ғамдық палата құру мәселесін де қарас­тырады. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым атап өткендей, Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар заң жобаларын сарапшылар қауымдастығы жан-жақты талқылауы қажет екенін айтқан болатын. Осы тапсырманы орындау үшін Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру ұсынылып отыр. Оның негізгі миссиясы «нөлдік оқылым» сатысында заң жоба­ларына ғылыми, сарапшылық және қо­ғамдық сараптама жүргізу болады.

Бюро сонымен қатар Құрылтай Вице-спикері Нұрлан Бекназаровтың Құрыл­тайдың Парламентаризм институтымен өзара іс-қимылы туралы ұсыныстарын тыңдады, Құрылтайдың қоғамдық қабылдау бөлмесін ашу туралы шешім қабылдады. Вице-спикер Динара Зәкиеваның айтуын­ша, Құрылтай депутаттарының азаматтарды жүзбе-жүз қабылдауы Мемлекет басшы­сының «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» құру жөніндегі бастамасын іске асырудағы маңызды қадам болмақ.

Бюро отырысы барысында тұрақты комитеттердің төрағалары Парламент Мәжілісінен өткен заң жобалары бойынша сөз сөйледі. Олардың қатарында денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер жобасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі жаңа заң жобасы, ветеринария мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар пакеті, нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер және тағы басқалар бар.