Шопандар шырғалаңы

Күз келді дегенше артынан қылышын сүйретіп қыс та қаһарына мінеді. Қара жерді тоң басып, соққан суық жел адамдармен қоса төрт түлік­ті де бүрсең күйге түсіреді.

«Балапанды күзде санайды» деген қағи­дамен осы кезеңде шаруа қожалықтары да төрт түлігін түгендей бастайды. Алайда елімізде мал санының статистикасы болғанымен, оның қамын жасайтын шопандардың санағы жүргізілмейді.

Бұлай деуімізге тамыз айын­да әлеуметтік желіде та­ра­ған видео себеп болып тұр. Бей­нежазбада өзін Жетісу өңі­рі­нің тұрғыны ретінде таныстырған жігіт Жамбыл облысында құл­дық­та мал бағып жүргенін баян­дай­ды. Ол қазір Қордай ауданы Отар ауылында екенін айтып, көп­шіліктен көмек сұрайды. Оның сөзіне сенсек, шаруа қо­жалығының иесі оны құлша жұм­сап, тіпті өлген малды соның мой­­­­нына іліп қоятын көрінеді.

Аталған шулы видео тара­ған­нан кейін тәртіп сақшылары шо­­­­панды Шу ауданы Шоқпар ауы­лынан тапты. Анықталғаны, мал­шы Самат Әжібаев 2026 жыл­дың 10 сәуірінен бастап «Ки­рилл» шаруа қожалығына малшы бо­лып жұмысқа тұрған екен. Алай­да оны күштеп ешкім жұ­мыс­қа жекпеген. Шопан жала­қы­сын ала алмағаннан кейін ви­део таратыпты. Құлдықта ұс­тау фактісі дәлелін таппаға­ны­мен, шопанға шын мәнінде жа­ла­қысы уақытылы төленбепті. Об­лыстық прокуратураның де­ре­гіне сүйенсек, жалақысы бе­ріл­мегіні былай тұрсын, қожалық иесі шопанға жұдырық алып жү­гірген кездері де болған. Бірақ мал­шы құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түсірмеген. Ұрып-соғу дерегі бойынша еш­қан­дай қылмыстық іс қозғалма­ға­ны­мен, прокуратура қызмет­кер­лері араласқаннан кейін шо­панға толық жалақысы тө­ле­ніп, ол жақындарының қасынан табылды. Міне, осы бір оқиғаның өзі терең ойға қалдырады. Егер шо­пан бейнежазба арқылы кө­мек сұрамағанда оның жалақысы тө­ленер ме еді?  өңірде Саматтай қысас­тық көріп жүрген қанша малшы бар? Бұны зерделеп, кө­мек қолын созайын деп жүрген еш­кім жоқ. Бір сөзбен айтқанда, шо­пандар шырылдамаса, олар­дың жағдайына ешкім көңіл бө­лейін демейді.       

Жамбыл облысында шопан­дар­дың жоғалып кету фактілері де жиі болады. Мәселен, Т.Рыс­құ­лов ауданы Қарақыстақ ауылында наурыз айында шопан ен да­лада жоғалып кетіп, оны із­деген құт­қарушылар үш күн сабылды.

Ал мамыр айында Тәтті ауылында малшыны бес күн іздеп, ұш­қышсыз ұшу аппаратының кө­мегімен әрең тапты. Көп жағ­дай­да шопандар сайын далада ада­сып кетіп, үйге кері жол таппай қалып жатады. Немесе қо­жайын­нан қысым көргеннен кейін бет алған бағытқа қашады. Жоғарыда айтылған екі деректе де шопандармен байланысқа шы­ғу үшін олардың қалтасында қара­пайым телефон болмаған. Мал­шылардың сөзіне сүйенсек, қо­жалық иелері олардың теле­фон­дары мен құжаттарын алып қоятын көрінеді. Бұл енді құлдық болмағанда немене?!

Жамбыл облысында бү­гін­де 19 мың шаруа қо­­­­жалығы тіркел­се, соның 5 мыңы мал шаруашылығымен ай­­­на­лы­сады. Алайда осы қо­жа­лықтар­да қан­ша малшы жұмыс істеп жат­қаны туралы ақпар жоқ. Облыс әкімдігі өңір бойынша 159 мал шаруашылығы саласының маманы жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ғана дерек берген. Алайда бұл жұмыссыздық бойынша тір­келген статистика ғана, ал шын мәнінде қанша шопан қо­жалықтарда еңбек етіп жатқаны ту­ралы ешқандай мәлімет тап­па­дық. Осы таңға дейін жаз жайлау­да, қыс қыстауда қанша малшы тұрып жатқаны туралы бірде-бір санақ жүргізілмегені таңғал­ды­рады. Яғни олар қандай жағдайда жұмыс істеп жатыр, ұрып-соғуға ұшырып жатқан жоқ па, ол жа­ғына ешкім бас қатырып жатқан жоқ деген сөз. Ал сол жайлау мен қыс­тауда шопандардың бала-ша­ғасымен  бірге тұрып жат­қан­дары да аз емес. Сонда олардың ең болмаса балалары қайда және қан­дай білім алып жатыр деген мәселеге жауапты мекеменің еш­қайсысы мән беріп жатпағаны ғой?..  

Жамбыл облысы әкімдігі берген ақпаратқа сүйен­сек, биыл прокуратура, еңбек инс­пекциясы және «Жандану» қоғамдық бірлестігі бірігіп, 10 ау­дандағы 30 шаруа қожалықтағы малшылардың жағдайын зерделеп шыққан екен. Әрине бұл құп көретін бастама. Алайда облыста 5000 қожалық мал шаруашы­лы­ғы­мен айналысып отырғанын ес­керсек, 30 шаруашылықты тек­серу теңізге тамған тамшыдай ға­на дүние.

Облыстық прокуратура берген тағы бір мәліметте 2023 жылы екі өзбек азаматын күш­теп жұ­мыс­қа шегу дерегі бол­ған екен. Алайда сот қожалық ие­сіне 80 сағат қоғамдық жұ­мыс­қа тарту туралы жеңіл жаза шы­ғарған. Демек, облыста күштеп ұстау, құлдыққа салу сынды деректер шаруа қожалықтарында болып жатыр деген сөз ғой. Ал мұндай жағдайдың алдын алу үшін төрт түлікті түгендегендей мал­шылардың да санағын жүр­гізіп, оларды ортақ бір базаға тір­кеу керек. Сондай-ақ шопан­дар­ға еңбек инспекциясы маман­дары құқықтарын түсіндіріп, қиын жағдайға тап болған кезде қай­да жүгіну қажеттігі туралы жол сіл­тегендері абзал. Әйтпесе, күні ер­тең малшыларға қатысты бір қайғылы оқиға болып, бармақ тістеп, күллі елге масқара болуы­мыз әбден мүмкін. Осыны ж­а­уап­ты сала мамандары санаға са­­ла­ды деп сенеміз. 

Саятхан  САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы