Заңды білген адам тәртіпті сақтайды

Қарағандыда кәмелетке толмағандар­дың құқықтық жауапкершілігі бойынша «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қарағанды көлік-технологиялық кол­леджін­де кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігіне қатысты интерактивті оқыту-ойын сессиясы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқық­тық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын сақтауға жауап­кершілікпен қарауды қалыптастыру.

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы бөлімінің прокуроры Гүлсара Серік­қызы Керімжанова сөз сөйлеп, кәмелетке толмаған­дардың құқықтық жауапкершілігі, құқық­бұзушылық жасаудың салдары және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірді.

– Жастардың тек өз құқықтарын ғана емес, сонымен қатар құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктерін де білуі маңызды. Заңды білмеу ақталу емес. Прокуратура заң бұзушылықтың алдын алып, жастардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруы керек. Заңды білген әр адам тәртіпті сақтайды, – деді Гүлсара Керімжанова.

Сондай-ақ жастар алдында Қарағанды облысы Әділет департаментінің Қарағанды қаласы бойынша мәжбүрлеп орындату бөлімінің басшысы Гүлфайруз Ғайнуллақызы Саттықбаева кәмелетке толмағандар­дың құқықтары мен міндеттері, құқыққа қайшы әре­кеттердің құқықтық салдары және өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы туралы айтып берді. 

– Жастар кез келген заңсыз әрекеттің белгілі бір салдары болатынын білуі керек. Кейде достарының немесе бір сәттік импульстің әсерінен ойланбай жасалған әрекет адамның болашағына әсер етуі мүмкін. Сондықтан заң талаптарын түсіну маңызды, – деді ол.

Қарағанды білім беру мекемелері жастармен үнемі профилактикалық кездесулер өткізеді, онда құқық қорғау және реттеуші органдардың өкілдері «Құқықтық тәртіп» қағидатын түсіндіреді және оларға заңсыз мінез-құлықтың жауапкершіліктері мен тәуекелдері туралы ескертеді. 

Талқылау тақырыптарының бірі есірткіге тәуел­ділік пен жаман әдеттердің алдын алу болды. 

Прокуратура мен полиция өкілдері студенттерге есірткіні қолданудың, есірткінің заңсыз айналымының және кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тартудың салдары туралы айтып берді. 

Қарағанды облысы ПД Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Мустафаев Бахытжан Қожах­метұлы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық­бұзушылықтардың алдын алу, құқыққа қайшы мінез-құлықтың салдары және жастардың құ­қық­­бұзу­­­шылыққа тартылуының алдын алу шара­лары туралы ақпарат берді.

– Жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге қатысуы, көбінесе тыйым салынған затты қолданып көру немесе «жеңіл» ақша табуды іздеуден басталады. Біздің мақсатымыз – жасөспірімдерге мұндай әрекеттердің ауыр зардабы бар екенін жеткізу, –  деп атап өтті Бақытжан Мұстафаев.

Ол кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзу­шылықтардың алдын алу, құқыққа қайшы мінез-құлықтың салдары және жастардың құқықбұзу­шылыққа тартылуының алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.

Сессия барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдіріп, құқықтық жауапкершілікке қатысты өмірлік жағдайларды талқылауға мүмкіндік алды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы