Бүгінде әлемдік медицинада да профилактикалық бағыттың маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Ал елімізде осы мәселені алғашқылардың бірі болып зерттеген, профилактикалық медицинаның ғылыми негіздерін қалыптастырған ғалым академик Ерболат Дәленов еді. Биыл ғалымның туғанына 80 жыл толуына орай өзі оқыған оқу орны – Астана медицина университеті бірқатар маңызды істі қолға алған екен.
Ғалымның мерейтойы қарсаңында елордада екі күнге жалғасқан «Профилактикалық медицина – сапалы және салауатты ұзақ өмір сүрудің векторы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға отандық медициналық оқу орындары мен ғылыми институт қызметкерлерінен бөлек, Америка, Ресей, Қырғызстаннан ғалымдар қатысты, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Климат және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Робб Батлер де бар.
Конференцияның бағыты да академик Ерболат Дәленовтің ғылыми мұрасымен сабақтас. Іс-шараны Астана медицина университеті мен оқу орны базасындағы Е.Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған екен. Ғалым көзі тірі кезінде өз бастамасымен профилактикалық медициналық институттың негізін қалаған еді, ал бүгінде ол қалыптастырған мектеп ұстаз ұстанымын басты назарға алып келеді. Конференцияның алғашқы күнінде Астана медицина университетінің оқытушыларына арналған «Заманауи нутрициология: микробиота, тағам өнімдерінің сапасы және биологиялық белсенді қоспаларды ұтымды таңдау», «Білім беру мен ғылымдағы жасанды интеллект: промптан ғылыми мақалаға дейін» тақырыбында шеберлік сабақтары да өтті. Ал екінші күні ғылым саласының мамандары профилактикалық медицинаның дамуындағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер, саланың заманауи тәсілдері мен салауатты ұзақ ғұмыр үшін қауіп факторларын басқару бағыты бойынша ойын ортаға салып, баяндамалар оқыды, медицина сарапшылары талқылаулар өткізді.
Ал Е.Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, нутрицолог Жанна Нұрберген профилактикалық медицинаны қолдау енді қолға алына бастағанын жеткізді.
– Конференцияда профилактикалық медицина, ұзақ өмір сүрудің негізгі қағидалары, аурулардың профилактикасы жөнінде толықтай қамтылды. Ұстазымыз Ерболат Дәленов еліміздегі, әсіресе солтүстігі мен орталық өңірлердегі профилактикалық медицинаның дамуына үлкен үлес қосты. Өкініштісі, «Жалғыздың үні шықпас» демекші, ол кезде бұл бағытты жалғыз өзі күресе еңбек етті. Қазір біртіндеп бұл сала жаңданып келеді, – дейді Жанна ханым.
Сонымен қатар тағы бір қуанышты жаңалықтың бірі, биылдан бастап Астана медицина университеті профилактикалық медицина дәрігерлерін жеке мамандық ретінде оқытып жатыр.
– Биыл институтымыздың ең бір маңызды атқарған жұмысының бірі, профилактикалық медицина бағытында дәрігерлерді дайындап шығарамыз. Енді өз алдына бөлек мамандық ретінде оқуға мүмкіндік бар. Бұрын бұл салаға көп мән берілмеп еді. Сонымен қатар қазір ғылыми жұмыстармен қатар, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе салауатты өмір салтын насихаттау жұмысын да жүргізіп жатырмыз, – дейді Ж.Нұрберген.
Бұдан бөлек, конференция аясында инситут ғалымдары мен ғылыми қызметкерлердің дайындаған өнімдері қонақтарға арналған көрмеде ұсынылды. Институттың мамандары әр жылдары «Лактобапол», «Бапол-М», «MilkyBoom-плюс», Bee fito oil, Bee fly drink сынды тағамдық өнімдер мен емдік заттарды дайындап шығарған екен. Әрине, бұл да ауыз толтырып айтарлық ғылыми жетістіктің бірі, алайда қазір бұл өнімдер сатылымда жоқ. Астана медицина университетінде 27 жыл еңбек еткен аға оқытушы, нутрицолог Бағай Назарбайұлымен осы жөнінде тілдескен едік.
– Сергіткіш сусын мен арнайы емдік жақпамайдың авторымын, бұл өнімдер ара өнімдері арқылы жасалады. Авторлық сусынымның құрамында бал, зімбір, прополис, табиғи шөптер бар. Негізгі мақсатым дүкен сөрелеріндегі энергетикалық сусындардың орнын осы өніммен алмастырып, жастардың денсаулығына зиянсыз өнім ұсыну еді. Дәстүрлі медицина маманы болғандықтан, бұл өнім толықтай клиникалық және зертханалық зерттеуден өткізіп, патентін де алдық, – дейді ғылыми қызметкер.
Оның айтуынша, оқу орнының жеке өндірістік базасы болмағандықтан, дайындаған өнімдер халыққа қолжетімсіз болып отыр. Ал бұл еңбек күші мен үлкен қаржыны талап етеді. Маман мемлекет тарапынан жобалар, байқаулардың саны артса, ғылыми жұмыстың да сапасы тереңдей түсер еді деген ойда. Қазір жас ғалымдар мен ғылыми мамандар дайындап шығарған өнімдер еліміздің ғылыми техникалық қорына тіркелген және ғылыми конференциялар мен жиындарда үнемі көрмелерде ұсынылып келеді.
Конференция барысында оқу орнының басшысы Анар Ақылбекқызы алда профилактикалық медицина бұдан әрі дами түсетінін, елімізде де бұл салаға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Қазір профилактикалық медицинаға көңіл бөлу әлемдік тендецияға айналып отыр, сонымен қатар онкологиялық аурулар, жүрек, қантамыр жүйесі ауруларының саны артқан сайын профилактиканың да маңызы еселене береді.
Конференция аясында профилактикалық медицинаның кеңауқымды бағытта дамып келе жатқанын түсінесің. Аурулардың қауіп факторларын анықтау, денсаулық деңгейін бағалау, биологиялық жасты бағалау, дұрыс тамақтану бойынша ұсыныстар әзірлеу сияқты жұмыстар да қарастырылған. Сонымен бірге созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алу, халықтың тамақтану жағдайын бағалау және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ғылыми жұмыстар назарға алынды.
Профилактикалық медицина – денсаулыққа әсер ететін қауіп факторларын ерте анықтау және адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту сияқты қарапайым дағдылардың өзі көптеген аурудың қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде медицина технологиясы дамып, диагностиканың жаңа мүмкіндіктері пайда болғанымен, бір қағида өз маңызын жоғалтпасы анық. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған тиімді. Сондықтан профилактикалық медицинаға көңіл бөлу тек медициналық ұйымдардың міндеті емес. Ол адамның күнделікті өмір салтына, қоршаған ортасына, дұрыс тамақтануы және денсаулық туралы сауаттылығына да тікелей байланысты болмақ.
Айсұлу СЪЕЗХАН