Марқұмның туыстары әйелді электр тогы соғуы мүмкін деп күдіктенеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Марқұмның денесін балалары медициналық пункт ауласындағы электр генераторының маңынан тапқан. Туыстарының айтуынша, ол сол күні мекеме ауласын шөптен тазалап жүрген.
Олар әйелдің денесінде күйік іздері болғанын айтып, оны тоқ соққан болуы мүмкін деп есептейді. Алайда алдын ала сараптама қорытындысында миына қан құйылғаны көрсетілген.
Медпунктке жауапты бас мейірбике генератор тұрған аумақты тазалау жөнінде тапсырма берілмегенін айтқан. Аудандық аурухана басшылығы да күзетшінің ол жерге өз еркімен кіргенін мәлімдеді. Ал туыстары марқұмның телефонында ауланы тазалауға қатысты аудиожазбалар бар екенін айтады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның нақты өлім себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады. Туыстары істің жан-жақты тексерілуін талап етіп, аудан прокуратурасына арыз берген.