Тек мұнда бұйрықтың орнына шаңырақты шаттыққа бөлейтін әзіл-қалжың, ақыл-кеңес көбірек айтылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мәселен, 5573 әскери бөлімінің батальон командирінің орынбасары майор Гайрат Утепов үшін Ұлттық ұландағы 15 жылдық қызмет тәртіп пен жауапкершіліктің мектебіне айналған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, маңызды іс-шаралар мен халық көп жиналатын орындардағы қауіпсіздікке атсалысу – оның күнделікті қызметі.
Бірақ қызметтен тыс уақытта ұландық отбасымен көбірек уақыт өткізуге тырысады. Жұбайы Дилафрузбен бірге екі бала тәрбиелеп отырған Гайрат үшін балаларының оқуына көңіл бөлу, олардың дамуына жағдай жасау – Отан алдындағы қызметтен кем түспейтін жауапкершілік.
Ал 6636 әскери бөлімінің қарауыл бастығы 3-сынып сержанты Рүстем Сейітхановтың отбасындағы «әскери династия» ұғымының өзіндік тарихы бар. Оның әкесі заманында Кеңес әскері қатарында ел қорғаған. Бүгінде өзі Ұлттық ұлан сапында 22 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал жұбайы запастағы сержант Гүлжанат Сейітханова құқықтық тәртіп әскерінде 20 жыл іс жүргізу маманы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Яғни, бұл отбасында әскери қызмет жай ғана мамандық емес, отбасының ортақ өмір салтына айналған.
Төрт бала тәрбиелеп отырған Рүстем мен Гүлжанат үшін үйдегі ең қымбат уақыт – отбасы мүшелері түгел жиналатын сәт. Ән айтып, әңгімелесіп, балаларға көңіл бөлу – олардың отбасылық дәстүрі.
Ал жақында бұл шаңырақтағы тағы бір ерекше күн тумақ. Олардың ұлы Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Осылайша, Сейітхановтар отбасы үшін әскери қызмет – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан нағыз әскери династия.
Бір қарағанда, Гайрат Утепов пен Рүстем Сейітхановтың қызметі – ел тыныштығын күзету. Бірақ олардың әрқайсысының артында сол тыныштықтың қадірін білетін өз шағын Отаны бар.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің қатарында 500-ге жуық жұп елге бірге қызмет етеді. Олар Отан алдындағы борышына және әскери антқа адалдықпен қызмет атқарып келеді.